Он сегізінші ғасырдың аяғынан бастап осы заманғы әлемдегі экономика өсуінің, мемлекеттер арасындағы кіріс айырмашылығының, табыс теңсіздігінің себебі индустриализация үрдісінің әркелкілігінде болып отыр. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі және индустриализация. Неліктен басқа елдерде жоқ кезде кейбір елдерде индустриализация басталып, тез арада үдеп кетті? – деген табиғи сұрақ туындайды. Тарихтағы өрлеулер индустриализацияға және экономиканың әр түрлі секторларына тартылған инвестицияның тиімділігіне байланысты. Он сегізінші ғасырда Англия ауыл шаруашылығының жоғары өнімділігінен индустриализация үшін ерекше жақсы мүмкіндіктерге ие болды. Ауыл шаруашылығының жоғары өнімділігі бар қоғам тұрғын халықтың жұмыс күшінің бір бөлігін өнеркәсіп саласына жұмсай алады. Технологиядан өсіп келе жатқан қайтарым жұмыс күшінің шекті үлесін өндіріске артуға мүмкіндік береді.
Бірінші себебі: құрылымдық өзгеріс және экономикалық өсу. Тұрғын халықты жұмыспен қамту деңгейі және еңбек өнімділігі құрылымындағы өзгеріс елдің экономикалық дамуы және теңгерімді өсу үрдісінің алғышарттарының бірі болып табылады. Аталған екі көрсеткіш «жиынтық сұраныс» және өндірістік технологиямен байланысты «жиынтық ұсыныста» көрініс табады. Бұл индикаторларға қарап біз мемлекет қалай дамып жатқанын байқап, ел экономикасындағы құрылымдық өзгерістерді болжаймыз.
Екінші себебі: тепе-теңсіз экономикалық өсу. Америкалық экономиканың өндіріс құрылымында соңғы 150 жылда елеулі өзгерістер болды. Он тоғызыншы ғасырдың басында жұмыс күшінің 90%-ға жуығы ауыл шаруашылығындағы жұмыспен қамтылды. Ол кезде америкалық жұмыскерлердің аздаған бөлігі ғана өнеркәсіп өндірісі және қызмет көрсету саласында жұмыс істеген. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысына қарай өнеркәсіп өндірісінде, қызмет көрсету саласында америкалық жұмыскерлердің 20%-ы жұмыспен қамтылып, ауыл шаруашылығындағы үлесі жылдам төмендеді. Соңғы 150 жылда ауыл шаруашылығындағы жұмыспен қамтылған тұрғын халық саны азаюда және қазіргі уақыттағы үлесі 5%-дан аз.
Қазіргі заманда Америкалық жұмыскерлердің 70%-дан астамы қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Бастапқы кезеңде, мемлекет экономикасы құрылымында ауыл шаруашылығының үлесі азайған сәтте, өңдеу өндірісінің үлесі өсті. Бірақ соңғы 40 жылда төмендеу үрдісі байқалады және қазіргі уақытта өңдеу өндірісінің үлесі 20%-дан сәл артық.
Британия экономикасындағы жұмыспен қамту құрылымындағы өзгерістер он сегізінші ғасырдың аяғындағы АҚШ-тың құрылымына сәйкес келді. Ұқсас үрдістер Еуропаның барлық елдерінде байқалған. Кейбір нашар дамыған елдерде әлі де аграрлық экономика.
Бұл құбылыстардың мәнін Энгель заңы былай түсіндіреді. Үй шаруашылығы табысының өсу шамасына қарай азық-түлікті тұтыну мөлшері азаяды. Тұрмыстық шығындарда өңделген ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесі кемиді. Бұл заңдылықты алғаш рет он тоғызыншы ғасырда неміс статистигі Эрнст Энгель байқаған. Үй шаруашылығы байыған сайын, алатын табысы көбейгенде, адамдар азық-түлікке, тағамға аз, бірақ қызмет алуға көп шығын жұмсауды қалайды. Азық түлікті, тағамды тұтыну деңгейі өз шыңына жеткенде үй шаруашылығы өндіріс тауарларын, ұзақ уақыт қолданылатын тұрмыс тауарларын, денсаулық сақтау, ойын-сауық, көтерме және бөлшек сауда қызметтерін көбірек тұтына бастайды.
Ең төмен күнкөріс деңгейін жоғарылату үшін экономиканың жеткілікті капиталы мен технологиялық ноу-хауы болуы қажет. Үй шаруашылығының баии түсуіне байланысты адамдардың қалауымен тұтыну құрамы өзгереді. Әртүрлі мемлекеттердегі экономикалық өсу неге біркелкі болмайтындығын алғаш рет (1967) Баумол экономика секторларының техникалық ілгерілеу күші түрлі жылдамдықпен өсетіндігімен түсіндірген. Айталық, өнеркәсіп өндірісінде техникалық ілгерілеу, экономиканы өсуге итеретін технологиялық күштер ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласына қарағанда көбірек болуы мүмкін.
Ләззат Сейтқазықызы СПАНКУЛОВА,
экономика ғылымдарының докторы, профессор.
Шолпан Карлқызы ӨТЕЛБАЙ,
аға оқытушы.
Нархоз Университеті