Үміт апаның наурызкөжесін ішкен де арманда, ішпеген де арманда. Қандай тәсілмен пісірсе де, дәмі ерекше, тіл үйіреді. Сондықтан мейрамның қарсаңында айналасындағы қыз-келіншектер көжесін пісіртіп алуға кезекке тұрады. Әлбетте, әркім қалтасына қарай «көсіледі».
Алдымен көшенің арғы бетіндегі дәу үйде тұратын бизнесменнің бәйбішесі жетеді. Ол құрамында дәмі көп, неғұрлым күрделі тәсілді таңдайды: су, ет (міндетті түрде соғымнан қалған сүр ет, қазы), тұз, күріш, ақтаған арпа, сұлы, қарақұмық, тары, бидай және айран немесе қатық.
«Тиыннан теңге құралады» дейтін кәсіпкердің келіншегі есепке жүйрік. Калькуляторға салып, есептеп жібергенде наурыз көженің бағасы шыға келеді: сүр ет (1 келі) – 2500-3000 теңге, су – 5 л (жанындағы дүкенде тазартылған ауызсу 150 теңге тұрады), бидай – 100 г (20 т), ақтаған арпа – 100 г (20 т), сұлы – 100 г (20 т), бидай – 100 г (30 Т), қарақұмық – 100 г (45 т), айран – 1 л (200 т). Барлығы 2985 теңге, яғни дөңгелектегенде 3000 теңге шамасында.
Бірақ бұл – он адамға арналған мөлшер. Ал наурызда бас сұғатындар көп. Бүкіл туған-туыс, жолдас-жора, тамыр-танысты қосқанда жүзден асып кетеді. Сондықтан бес күн мейрамда кемінде 40 литрден бес қазан көже пісіру керек. Сонда бес күнге тек наурыз көженің өзіне 60 000 теңге керек екен. Табысы бар адамға түк емес. Былтыр да осы шамасында жұмсағаны есінде.
Байдың бәйбішесі көңілі жайланып, көжеге керек тағамдарды сайлауға базарға аттанды.
Оның артын ала Үміт әжеге келесі көшеде тұратын мұғалім келіншек жетті сүрініп-қабынып. Мұның үйіндегі отағасы – бір мекемеде күзет қызметкері. Үйелмелі-сүйелмелі үш бала бар. Екеуінің айлығын қосқанда айына 100 мың теңгедей табыс кіреді. Қысқасы, табысы орташа бұл отбасыға кемінде 30 литр наурыз көже керек. Қолдағы ақшаны айлыққа дейін жеткізу үшін азық-түлікті шақтап алуға тура келеді.
Мұндайда Үміт апаның «үнемді» тәсілі құтқарып кетеді. Оған су – 5 л, ет – 1 келі (1000-1200 т), бидай – 100 г (20 т), арпа – 100 г (20 т), тары – 100 (20 т), айран – 1 л (200 т), тұз. Сонда 10 адамға арналған көжеге 1500 теңге керек екен. 30 литр көжеге 9000 теңге жұмсайды. Бұған шама жетеді.
Мұғалім келіншек те Үміт апасына дән риза. Іштей «кейін бір көйлек кигізермін» деп жүгіре басып базарға жөнелді.
Асығып жүріп Үміт апа оларға наурызкөженің ең басты құпиясын ескертуді ұмытып кетіпті. Оны бізге айтты. «Наурызкөжені еш нәрсеге алаңдамай, бар ынта-ықыласыңмен дайында. Не нәрсе қосса да, жүрегі таза, ниеті түзу, көңілі ақ жандардың қолынан шыққан көженің дәмі бал татитынын ұмытпаңдар, қарақтарым»,– дейді ол.
Шынында да, мәселе есепте емес, ниетте ғой.
«Алаш айнасы»
Наурыз көже жасауға кім қанша теңге жұмсайды?
Последние статьи автора