Шыңғыс ЕРГӨБЕК, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Аккредитация, рейтинг және сапаны басқару орталығының директоры, заң ғылымдарының кандидаты:
– «Еуразиялық экономикалық одақ аясында көп ұзамай ортақ валюта пайда болады» деген болжам жиі айтыла бастады. Бұл мәселе Ресей президенті Путин тарапынан да бірнеше рет көтерілді. Егер ортақ ақша бірлігі енгізілетін болса, ұтарымыз қайсы, ұтылармыз не? Жалпы, бұл болжамдар қаншалықты шындыққа жанасады? Тіпті экономикалық одақтан гөрі, саяси одаққа көбірек ден қойып отырған ЕАЭО-да ортақ ақша болуы қаншалықты қисынды?
– Валюталық одақ, әдетте интеграцияның биігіне жеткен бірлестіктер арасында пайда болады. Оған түрлі мысалдар келтіруге болады. Бүгінгі күні мұндай бірлестіктер қатарына Еуропалық одақты жатқызуға болады. Онда еркін сауда аймағына негізделген барлық ортақ валютаға арқау болатын институционалдық инфрақұрылым қалыптасып болғаннан кейін ғана ортақ валюта енгізілді. Неліктен? Өйткені интеграциялық процестерді жалғастырудың жаңа мүмкіндіктері қалыптасты. Басқаша айтқанда, Еуропалық одақ ең алғашқы кезеңде қалыптасқан көмір мен болат одағынан ортақ экономикалық, саяси, қаржылық инфрақұрылым қалыптастыра алды.
Дегенмен, бұл ой кез келген еркін сауда аймағы немесе экономикалық бірлестік ортақ валютаға әкеледі деген ой салмауы керек. Себебі еркін сауда аймағы немесе кедендік одақтың тиімді жұмыс істеуі үшін бірінші кезекті кедендік шекаралар ашылып, еркін тауар, қызмет, қаржы, жұмысшы күшінің айналымына жол ашуы керек. Бұған мысал ретінде Солтүстік Америка еркін сауда аймағын, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің бірлестігін келтіруге болады. Тіпті Еуроодақтың өзінде біртұтас валютаны қабылдаған «еуро аймағы» мен оның тысындағы елдер бар. Бұл экономикалық интеграцияны тежеуіш ретінде қарастырылмайды. Қайта дер кезінде экономикалық механизмдерді қосу арқылы экономиканың қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал етеді. Мысалы Швеция, Ұлыбритания секілді мемлекеттер Еуропа одағының мүшелері болғанымен, өз валюталарын сақтап қалды. Өйткені ұлттық үкімет валюта секілді экономиканы реттеуші құралдан айырылғысы келмейді. Алайда, бұл елдер өзін еуропалық саяси-экономикалық интеграциядан тысқары қалдық деп есептемейді. Ортақ нарықтың міндетті атрибуты ретінде еуро, тіпті бүгінгі күні дағдарысты басынан кешіріп жатқан бірқатар елдерде қарсылық тудыруда. Себебі әлсіз ұлттық экономика, ортақ нарық жағдайында бәсекеге қабілеттігін көрсете алмайды. Ал ортақ валюта жағдайында олар, экономиканы реттеудің маңызды тетігінен айырылады. Алысқа бармай-ақ Грекия, Португалия, Италия секілді елдердің экономикасына назар аударып көрелік. Бұл елдер Еуроодақтың құрамына кіріп, ортақ валютаны қабылдады. Дегенмен, экономикалық дағдарыс кезінде валюталық реттеу мүмкіндігінен айырылғандықтан, тек мемлекеттік шығындарды шектеу арқылы, мемлекеттің әлеуметтік міндеткерліктерінің көлемін қысқартуға мәжбүр. Неліктен? Себебі өнімнің бәсекеге қабілеттігін арттырудың маңызды көрсеткіші – өнімнің құнын азайту. Ұлттық валютасы бар мемлекеттер өз өнімінің бәсекеге қабілеттігін арттырудың маңызды тетігі ретінде валютаны түрлі әдістермен арзандатады. Ал ұлттық валюта болмаған жағдайда мемлекеттің жалғыз тетігі шығындарды қысқарту болады. Бұл – жаңа әлеуметтік дағдарыстар мен ішкі тұрақсыздықтың негізі. Бұл – 50-60 жыл интеграциялық тарихы бар Еуропалық одақ.
Еуразиялық одаққа келер болсақ, ол – бұл жолды жаңа бастап жатқан мемлекеттер бірлестігі. Бүгінгі күні сауда-экономикалық санкциялардың нәтижесінде бұл бірлестік шеңберінде күрделі процес жүріп жатыр. Айталық, кедендік одақ елдерінің біріне кірген тауар екінші бір елде еркін айналымда болуына кедергі жасалмауы тиіс. Алайда, бірқатар еуропалық тауарларға шектеу салған Ресей, Қазақстан немесе Беларусь аумағынан кірген еуропалық тауарларды өз кедендік шекарасынан өткізбейді. Неге? Түп негізінде украиналық дағдарыс жатыр. Яғни саясаттың экономикаға әсерін осыдан байқауға болады.
– Шын мәнінде, интеграцияның биік деңгейіне жеткен елдерде мұндай мәселе туындамайды гой.
– Ортақ нарық шектеулерді мойындамайды. Ортақ нарықтың ең болмағанда бір мүшесі еркін сауда режимін сақтамайтын болса, ортақ нарықтың мағынасы жоғалады. Бұл жағдайда ортақ валютаның ауылы әлі алыста екендігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мәселесі де тұр. Ортақ валютаға көшудің маңызды бастамасы – бірінші кезекте ортақ қаржы нарығын қалыптастыру. Бұл бағытта да істелген жұмысқа қарағанда істелетін жұмыс көп. Яғни тиісті инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылмай ортақ валюта енгізуге болмайды.
Ортақ валюта қалыптасуы үшін ең алдымен, қуатты экономика, екіншіден, тиісті интеграциялық инфрақұрылым қажет. Осы факторлар ғана ортақ валюта жағдайында ұлттың бәсекеге қабілеттігін сақтай алады.
– Ортақ валюталық одақ идеясы Еуроодақтан өзге де аймақтарда енгізілуі мүмкін бе?
– Бүгінгі күні ортақ валюта енгізу ниетін білдіріп отырған одақтардың қатарына Парсы шығанағындағы араб елдерінің одағын жатқызуға болады. Бұл елдер экономикалық интеграцияны ортақ сауда аймағын құрудан бастап, бүгінгі күні ортақ валюта енгізуге дайындығын көрсетіп отыр. Тіпті 2009 жылы Кувейтте өткен алты елдің Кувейт, Катар, Оман, Сауд Арабиясы, Бахрейн және Біріккен Араб Әмірліктері басшыларының кездесуінде жарияланған болатын. Дегенмен, Біріккен Араб Әмірліктері мен Оман сұлтанаты бұл идеяны қолдай қоймады. Себебі белгілі. Ұлттық экономиканы реттеудің маңызды тетігінен айырылғысы келмейді. Егемендіктің белгісі болып табылатын ұлттық валютадан бас тарту өте күрделі, тіпті қауіпті құбылыс. Соған қарамастан төрт ел Кувейт, Сауд Арабиясы, Катар және Бахрейн ортақ валюта енгізуге мүдделілік танытып отыр. Олар уақыт өте келе конфедерация нысанындағы ортақ мемлекет құру идеясын да жасырған емес. Дегенмен, енгізілуі 2010 жылы жоспарланған валюта бірнеше рет шегерілді. Бұл елдердің алдында Біріккен Араб Әмірліктері секілді конфедерацияның мысалы бар.
– Бұл елдерді біріктіретін факторлардың көптігіне назар аудару қажет шығар.
– Ең алдымен, аталмыш елдердің барлығы араб елдері, яғни ортақ мәдени, рухани құндылықтары бар. Екіншіден, барлығы абсолютті монархиялық мемлекеттер. Яғни саяси режимдер үшін бұл одақ – ішкі тұрақтылықты сақтап қалудың бір әдісі. Оның үстіне олардың ортақ мүдде үшін бірігуіне себеп болатын сыртқы факторлар да жеткілікті. Яғни ортақ валютаны енгізу тек терең экономикалық интеграцияның нәтижесі ғана емес, ортақ мемлекет құру қажеттілігінен де туындап отыр. Дегенмен, бұл одақ үшін алдымыздағы жыл үлкен сын болмақ. Себебі, біріншіден ортақ қаржылық институттар аяғына дейін қалыптаспаған. Яғни бір орталық банк пен оның құзіреттілігі, монетарлық саясатты жүргізудің тетіктері, одақ елдерінің өзара қаржылық-экономикалық саясатының үйлестіру институттары әлі толыққанды қызмет ете алмауда. Оның үстіне Парсы шығанағы елдері экономикасы мұнай секілді шикізат экспортына тәуелді. Мұнай нарығындағы кез-келген құбылмалылық одақ құрамына кіретін елдердің экономикасына кері әсерін тигізеді. Бұл валюталық нарықтағы түрлі катаклизмдердің себебі болуы мүмкін. Оның үстіне одақ елдерінде әр түрлі инфляция деңгейі бар. Тұрақты ұлттық валютасы бар елдер, инфляция ықпалын қатты сезетін елдермен біріккен жағдайда «инфляция импортынан» аяқ тартады. Түбі бір, экономикалық дамуы шамалас елдердің өзінде ортақ валюта мәселесі аяғына дейін шешімін таппаған.
– Осы орайда ортақ валютаны бірқатар елдер АҚШ долларына тәуелділіктен арылу үшін жүзеге асырады деген ой бар. Соңғы уақытта орын алған экономикалық дағдарысты еске алар болсақ, АҚШ долларының резервтік валюта ретіндегі қызметіне күмән да туады. Бүгінгі күні АҚШ долларына балама бола алатын өзге резервтік валюта бар ма?
– Ол кездегі әлемдік экономикалық жүйелік дағдарыстың негізінде АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстан бастау алған қаржылық дағдарыстың себеп болғандығы белгілі. АҚШ бірінші кезекте әлемдегі ең ірі тұтынушы болып табылады. Сондықтан АҚШ-тағы кез келген дағдарыс әлемдік нарыққа ықпал етпей қоймайды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған кезде, АҚШ әлемдегі ең қуатты экономикаға айналды. Қираған әлемді қалпына келтіру мақсатында Брейтон-Вудтық валюталық жүйе қалыптасты. Бұл жүйенің идеясы өзге елдер өз валютасын АҚШ доллары арқылы қамтамасыз етсе, АҚШ өз валютасының құнын алтын арқылы қамтамасыз етеді. Өзге елдердің экономикасын қолдау мақсатында АҚШ Маршалл жоспарын жүзеге асырды. Яғни шын мәнінде әлем елдерінің барлығы дерлік АҚШ-қа қарыз болды. Бұл АҚШ экономикасын әлемдегі ең ірі экономикаға, ал АҚШ доллары әлемдік резервтік валютаға айналды. Алайда, Кеңестер одағы секілді алпауытпен күрес, аймақтағы одақтастарды қолдап, өз ықпалын сақтап қалуға деген ынта мемлекеттік шығындардың ұлғаюына алып келді. Аса ауыр Вьетнам соғысы жағдайында АҚШ президенті Ричард Никсон долларды алтынмен қамтамасыз етуді қоятындығын және қаржылық мұқтаждықтарға байланысты валютаны еркін басу мүмкіндігін қарастыратындығын жасырмады. Нәтижесінде ештеңемен қамтамасыз етілмеген әлемдік қаржылық құрал қалыптасты. Бүгінгі күні АҚШ – әлемдегі ең ірі борышкер экономика. Жаппай тұтынуға арқа сүйейтін экономиканың тұрақты болуы мүмкін емес. Алайда, бұл АҚШ доллары резервтік валюта функциясынан айырылды дегенді білдірмейді. Себебі әлемнің кез келген елінің алтын қорында АҚШ доллары әлі күнге дейін өте маңызды орынды иеленіп отыр. Әлемдік деңгейде энергетикалық ресурстар, өзге де шикізат көп жағдайда тек американ долларымен сатылып, сатылып алынады. АҚШ құнды қағаздары ең белсенді саудаланатын құнды қағаздар болып есептеледі. АҚШ валютасы осы уақытқа дейін өзінің көшбасшылық қасиетінен айырылған емес.
– Тіпті экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Қытайдың өзі АҚШ мемлекеттік қарыздарының ең ірі ұстаушыларының бірі болып табылады. Неліктен?
– Себебі осы уақытқа дейін дүниежүзінде АҚШ долларына бәсекелес бола алатын валюта қалыптаса алмады. Алысқа бармай-ақ Қытай юанын алайық. Бүгінгі күні Қытай өз валютасының ықпалын нығайту мақсатында сауда-саттықты ұлттық валютада жүзеге асыру жөнінен бірқатар маңызды қадамдар жасады. Ол қаржы секторына шетелдік инвестициялардың ағылуына жағдай жасады. Валюталық заңнамалар мен бірқатар шектеулер қысқартылды. Бірқатар халықаралық қаржылық инфрақұрылымдардың қатысушысына айналды. Өзге елдермен есеп-айырысуда юаньға басымдық беру туралы халықаралық шарттар жүйесін қалыптастырды. Яғни қажетті инфрақұрылымдық өзгерістерді жүзеге асыруда. Дегенмен, Қытайдың экономикасының экспортқа тәуелділігі, ішкі тұтыну мүмкіндігінің жеткілікті дәрежеде қарқынды дамымауы, импорттың төмендігі, қаржылық қызметті реттеудегі мемлекеттің ықпалы секілді факторлар юаньның дамуын тежеуде. Оның үстіне Қытай экономикасының өзі көп жағдайда АҚШ экономикасына тәуелді. Әлемдегі ең ірі өндіруші экономика әлемдегі ең ірі тұтынушы экономикаға тәуелді болуы экономикалық заңдылық. Бұл – өзара тәуелділік.
Бұл – Қытай юаны немесе еуро уақыт өте келе АҚШ доларына бәсекелес бола алмайды деген сөз емес. Жаһандану заманында бір валютаның резервтік валюта болып, көшбасшылығының орнауы екіталай. Экономикалардың өзара байланысы мен жаһандық денгейдегі интеграция әлемдік экономикада бірнеше резервтік валютаның қызмет етуіне жол ашуда. Әрине, экономикалық қуаты мен ықпалына қарай бір валюта басым, бір валюта төмендеу ықпалға ие болары сөзсіз. Оның үстіне мемлекеттің алтын қорын бірнеше валютада ұстау елдің қаржылық тәуекелін әртараптандырады. Сондықтан бүгінгі күні барлық дерлік елдердің резервтік қорлары бірнеше валютада сақталады.
– Әңгіменің ауанын сәл бұратын болсақ, «тағы бір әлемдік дағдарыс есікті қағып тұр» дейтін болжамдар көп. Осы орайда Әлемдік экономикалық дағдарыстың Қазақстанға ықпалын төмендету үшін қандай шаралар қажет?
– Ең алдымен, жаңа ғаламдық экономикалық дағдарыс басталып кетті деуге толық негіз бар. Ғаламдық деңгейдегі экономикалық дағдарыстың бірінші кезеңі АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстан басталған болса, дағдарыстың екінші кезеңі мұнай секілді дәстүрлі табиғи ресурстардың құнсыздануымен байланысты болмақ. Ғаламдық экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық ресурстың арзандауы немен байланысты?
Біріншіден, ғаламдық экономиканың жаңа экономикалық жағдайда үнемді технологияларды және альтернативті энергия көздерін дамытуға мүдделілігі. Бүгінгі экономикасы ең қуатты елдер шикізатқа кедей мемлекеттер екендігі белгілі. Бұл экономиканың сыртқы қайнар көздерден тәуелділігін арттырады. Әлемдік экономикада алып күш болып қалуды көздейтін қауымдастық үшін сыртқы экономикалық тәуелділік мәселесін шешу керектігі айқын. Бұл ол елдерді жыл сайын қомақты қаржыны қалпына келетін энергия көздеріне және жаңа технологияларға құюға мәжбүрлеп отыр. Соңғы уақыттағы технологиялық өзгерістер мұндай мүмкіндікке жол ашатындығына ешқандай күмән тудырмайды.
Екіншіден, жоғарыда айтылған ғылыми-техникалық себеп, дәстүрлі мұнай шикізатының экспортымен айналысатын Сауд Арабиясы секілді ОПЕК құрамындағы мемлекеттерде қорқыныш сезімін тудырды. Бұл жағдайда ол мемлекеттер альтернативті энергетика саласындағы ізденістер мен зерттеулерді тежеу мақсатында мұнай құнын арзандатуға мүдделілік танытты. Себебі ғасырлар бойы тексерістен өткен мұнай құны арзандаған жағдайда басқа альтернативті энергетика көздеріне деген сұраныс азаяды.
Үшіншіден, мұнда маңызды саяси астар бар. Ресеймен қырғиқабақтық танытып отырған АҚШ Ресей экономикасының табиғи ресурстар экспортына негізделгендігін біледі. Бұл жағдайда Украин қақтығысында өзінің қолдауын түрлі нарықтық механизмдер арқылы жүзеге асыруды мақсат етіп қоятын АҚШ Ресей экономикасына кері ықпал етудің механизмдерінің бірі ретінде осы әдісті қолданып отырғандығы айқын. Нарық заңында кез келген қатынас ұсыныс пен сұраныс заңына арқа сүйейтіндігін ескерер болсақ, мұнай өнімдерінің ең ірі тұтынушысы болып, есептелетін АҚШ саяси күресте бұл механизмнен бас тартпайтындығын аңғартуда.
Төртіншіден, мұнай нарығына соңғы уақытта ерекше ықпал еткен факторлардың бірі – Таяу Шығыстағы дүрбелең. Оңтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы болған режимдердің ауысуы және сыртқы әскерлермен орын алған қақтығыстардың барлығы бірінші кезекте мұнай құнының өсуіне ықпал етті. Ең бастысы, бұл елдердің қатарында ірі мұнай өндіруші мемлекеттердің болуы олардың әлемдік нарыққа шығаратын мұнайдың көлеміне ықпал етуі мүмкіндігіне байланысты дүрбелең тұтынушылардың өзге нарықтардан жаңа мүмкіндіктер қарастыруына тікелей ықпал етті. Өзге өндірушілер бұл жағдайды тиімді пайдаланып, мұнай құнын өсіруге тырысты. Нәтижесінде, мұнай нарықтық құнына қарағанда әлде, қайда жоғары бағаға сатыла бастады.
– Осы және өзге де факторлар мұнай құнының жақын арада қымбаттамайтындығының алғышарты бола ма?
– Бұл – мұнай секілді шикізат өндірісіне арқа сүйейтін елдер үшін ауыр факт, әрі жаңа мүмкіндік. Себебі осы уақытқа дейін маңыздылығы төмен болып есептелген экономиканың өзге секторларына мән беріле бастап, экономикадағы мазмұндық реформаларға жол ашады. Егер жаңа кезеңге сай тиісті реформа жүргізілмесе, экономикалық дағдарыс бұл елдер үшін ұзаққа созылары айқын.
Бүгінгі күні бұл шарттармен күресу үшін Үкімет тарапынан бірнеше маңызды реформалар жүзеге асырылуы керек.
Біріншіден, мемлекет экономиканы әр тараптандыру арқылы экспорт пен импортқа байланбаған секторларды дамытуға баса назар аударуы керек. Ол – орта және шағын бизнесті дамытудың кешенді жобасы арқылы ғана жүзеге асырылуы мүмкін іс-шара. Ел экономикасындағы орта және шағын бизнестің үлесі 70 пайыздан асқан жағдайда ғана тұрақты өндіруші, тұрақты тұтынушы, әрі тұрақты әлеуметтік тап орта тап қалыптасты деп айта аламыз.
Екіншіден, бюрократиялық аппаратын және тиісінше мемлекеттің экономикадағы рөлін азайту. Нарықтық заман талаптарына сәйкес мемлекет рұқсат беруші, қадағалаушы, бағыт көрсетуші, бағдар айқындаушы рөлінен реттеуші рөлге кетуі тиіс. Себебі мемлекет нарықтық экономиканың маңызды болғанымен бейтарап қатысушысы. Қазақстан жағдайында отандық шенеуніктер өз миссиясын қоғамға қызмет ету емес, оны басқару деп ойлайды. Қай кабинетке кірсеңіз, бір бастық. Бірақ бірінші кезекте шенеунік – халыққа қызмет етуші субъект. Ол қоғам мұқтаждықтарын қанағаттандырушы болып табылады. Мемлекеттік қызметтегі идеологиялық өзгеріс қоғамдағы мемлекет орнына жаңа көзқарас қалыптастыруы тиіс. Бүгінгі күні қоғам мемлекет үшін өмір сүреді қағидасы керісінше, мемлекет қоғам үшін өмір сүреді қағидасымен алмастырылуы тиіс. Бюрократиялық аппарат басты құндылық ретінде адамның мүддесін қорғауды басшылыққа алған жағдайда ғана қоғам дамиды.Үшіншіден, квазимемлекеттік кәсіпорындардың санын қысқарту арқылы тиімсіз жұмыс істеп отырған кәсіпорындардың санын қысқарту. Ал қалған кәсіпорын қызметінің тиімді есептілігін қамтамасыз ету.
Төртіншіден, бәсекелестік орта қалыптастыру. Тек бәсеке болған жерде ғана нарықтық экономиканың тиімді тетіктері жүзеге асады. Себебі монополизм жағдайында бағаны бір кәсіпорынның белгілеуі дамуды тежейді.
Бесіншіден, ұлттық экономикаға арқа сүйейтін қолжетімді несие жүйесін қалыптастыру. Мемлекет тек тиімді қаржылық жүйе қалыптастырған жағдайда ғана тиісті экономикалық басымдықтарды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады. Бүгінгі күні орын алып отырған қаржы тапшылығы экономиканы құнсыздандыруға алып келеді. Ал ол өз кезегінде экономиканың дамуына кері әсерін тигізеді. Осылайша, нарықтық тетіктерді жүзеге асыру арқылы ғана бәсекеге қабілетті экономика құруға болады.
Әңгімелескен Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
aikyn.kz