Қазақтың шай ішпесе басы ауырады. Соған қарап, кейде шай өсіруді ойлап тапқан өзіміз бе деп қаламыз. Әйтсе де шайдың отаны – Қытай. Ол туралы әфсаналар 5000 жыл бұрынғы қытай жазбаларында кездеседі. Жан сергітер сусынға деген құрметтің күштілігі сонша, «Шай туралы трактат» та осы елде жазылған. Қытайлар ежелден көк шайды 72 түрлі уға қарсы ем санайтын. Шай шығаруға арналған заң да – осы елдің еншісінде. Тіпті шайдың түсіне қарап қойып, рақаттана сораптау үшін әйгілі ақ фарфорын дүниеге әкелген.
«Шүберек» шайдан қазірге дейін
Қазір әлемдік нарықта шай сапасына, қасиетіне, әзірлену әдісіне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Шайды ферментациялау (тотығу) дәрежесі бойынша топтау негізгісі саналады. Себебі шайдың барлық түрін сипаттауға мүмкіндік беретін ортақ белгі болады. Түсіне қарай ақ, көк, сары, қызыл және қара деп бөлінеді. Бірақ оның бәрінің бір ғана бұтада өскен шайдан әзірленетінін ескерген жөн. Осыдан-ақ шайдың сапасына шикізат пен өңдеу тәсілінің қалайша әсер ететінін біле беріңіз.
Ал технологиялық өңдеуден кейінгі өнімнің жалпы көлемінен 2-3 пайыздай мөлшерде қалып қоятын ұсақ шай сұрыпқа бөлінбейді. Бірақ ол да жерде қалмайды. Көбіне қалта (пакет) шайдың өндірісіне кетеді. Ол да белгілі бір талапқа сай болуы қажет.
Қалта шайдың пайда болуына қатысты екі пайым бар. Бірі «1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ағылшын әскері шайды дәкеге орап, қазанға салып қайнатқан» дейді. Екіншісі «америкалық Томас Салливэн деген коммивояжердің 1908 жылы фирманың үлгі ретінде беретін шай жапырағын қолдан тігілген қапшыққа салған кезінде шыққан» дейді. Ол қапшықты ыстық суға шығарып ішкен пысықай туралы тарихта дерек жоқ.
Қалай болғанда да, ондай шайдың дәмі шүберек татитын. Күй талғамайтын әскерге жарағанымен, үйінде терлеп-тепшіп шай ішкісі келген адамға ұнай қоймасы анық. Бірақ өндірушілердің қалдықты кәдеге жаратқысы келгені, тұтынушының жалқаулығы осы өндірістің тасын өрге домалатты.
Бірақ жұрт қашанғы шүберек шай ішсін? Содан ба, өткен ғасырдың 20-шы жылдары қағаз фабрикасындағы америкалық инженер Фэй Осборн қалта шайды қағазға орау жағын ойластырды. Бірде ол сигараға арналған жұқа қағазды көзі шалды. Мұндай қағаздың Жапонияда әлдебір талшықтан дайындалатынын біліп, ол 1926 жылы осындай қағазды табу жолына түсті. Сөйтіп, өз туындысына бірнеше жыл жұмсады. 1934 жылы Осборн үлкен машинада маниль талшығынан шай қапшығын дайындау ісін жолға қойды.
Сол кезде шүберек шай америкалық нарықта тұрақты орын алған-тұғын. 30-жылдары АҚШ-та шай өндірісінде 7 млн метр дәке жұмсалған. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында Америкада шайдың 30 пайызы Осборн ойлап тапқан пакеттермен сатылды. Қазір америкалықтар шайды басқаша шығару жағына бас қатырмайды.
Шай ма, бояу ма?
Өзіміз көріп жүргендей, қалта шайдың сапасы жыл сайын жақсарып келеді. Әйтсе де шай ішуді керемет дәстүрге айналдырған ағылшын мен жапоннан біз де кем түспейміз. Бәлкім, жұрттың шәйнекке шығаратын үйреншікті әдістен айнығысы келмейтіні содан. Дегенмен асыққанда немесе ырғалып-жырғалуды көтермейтін кеңседе қалта шайдың құтқарып кететіні бар. Қарапайым адам тұрмақ, шайы дүниежүзіне таралатын Шри-Ланканың президенті Махиндра Раджапаксаның қалта шайға ықыласы ерекше көрінеді.
Сондықтан оны тұтынатындар қатары көбейіп келеді. Нарықта да қалта шайдың түрі көп. Әлбетте беделінен айрылғысы келмейтін ірі компанияларға өкпе жоқ. Жоғары сортты шайдың қоқымы да жоғары сортты, шикізат сапасы төмен болса, қалталы шайдың да сапасы төмен болатыны айдан анық. Сондықтан кез келген өнім секілді қалта шайдың да жақсы-жаманы болады. Бірақ, әйтеуір, шай.
Шайдың түрі көп болғандықтан, сыртындағы қорабына қарап, сапасын анықтау қиын. Шай өндірісінің алыптары қай елде болмасын, өзінің сауда өкілдіктері арқылы жұмыс істейді. Өнім сапасының нашар болатынының бір себебі – сол. Осы орайда Шри Ланкадағы Basilur Tea Company компаниясының (өткен жылы бұл компания біздің елге 20 тоннадай қатталған шай жіберген) директоры Гамини Абейвикраммен ғаламтор арқылы байланысып, шайға қатысты пікірін сұрадық. Оның айтуынша, өндірушіден тұтынушыға баратын жолдың бұралаңы көп, яғни тұтынушыға жеткенше, шайдың құрамы өзгеріп кетеді. Кейбір сұғанақ өндірушілердің қалта шайға тозаң да, жасанды бояу да қосатыны жасырын емес. Алайда бұл сапалы шай мүлде жоқ деген сөз емес. Оны тексерудің бірнеше жолы бар.
Статистикаға сенсек, бүгінде жер бетінде әр секунд сайын екі миллионнан астам кесе шай ішіледі. Ал сапасыз шайдың нарыққа енуіне жол бермеу – көзі ашық тұтынушының қолында. Өйткені қытай даналығы айтқандай, «Нағыз шайдың дәмін татқанда, сіз өмірдің дәмін таттым деп біліңіз».
Гамини Абейвикрам, Шри-Ланкадағы Basilur Tea Company шай компаниясының директоры:
«Шри Ланкада кез келген компания шайды тауар биржасынан аукцион арқылы сатып алады. Аукционға өзіндік қасиеті бар тауарлар шығарылады. Бұл атауы бірдей тауарлардың ауысып кетуінен сақтайды. Сондықтан аукционға шығарылатын өнімнің дегустациясы жасалады. Біз әр апта сайын аукцион алдында шайдың дәмін тексеріп отырамыз. Сөйтіп, тұтынушыға қажет сапаны таңдаймыз. Біз өз шайымызды мақтан етеміз. Себебі өзіміз меңгерген ең үздік тәжірибе мен білімімізді соған жұмсадық. Біз нағыз шайдың қандай болатынын білеміз».
Қалта шайдың сапасын тексеру жолдары:
* Бір қасық немесе бір пакет шайға 150 г суық су құйып, 1-3 сағаттан соң түсіне қарау керек. Егер бояуы қанық болса, бояу қосылғанын білдіреді. Нағыз шай тек ыстық суда ғана шығады.
* Шай құрамында бояу болса, ыдыста ізі қалады. Лимон салып та тексеруге болады. Түсі өзгермесе, онда бояуы бар. Ашық түске енсе, нағыз шай.