Мұнайлы өлкенің кешегісі мен бүгіні
Кешегі кеңестік дәуірде әзірбайжан кардештің (туысқан) атын мұнай мен әуен шығаратын. Күміс көмей әншілер Мүсілім Магомаев пен Полат Бұл Бұлоғлын бәрі сүйіп тыңдады. Былтыр ғана дүниеден озған М. Магомаевтың өнер шыңына өрлеуіне Қап тауындағы әзери халқының біртуар перзенті Гейдар (Һәйдар) Әлиев мұрындық болды деседі. Қазіргі президенттің әкесі тек әншілерді қолдаған жоқ. Шахматтан әлем чемпионы, өзі Бакудің тумасы Гарри Каспаров та орайы келгенде Әлиевтің қамқорлығын құрметпен еске алады. Әзірбайжандар бұрынғы президентті сол үшін жақсы көреді деу әбестік, әрине. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын-қыстау кезеңде елді тығырықтан алып шығуын, сөйтіп, ТМД аумағында тегеурінді мемлекетке айналдыруы халқын бүкіл болмысымен сүйген нағыз қаһарманның ерлігі деп біледі. Тіпті бүгінгі дағдарыс кезінде де экономикасының сыр бермеуі Әлиев салып берген сара жолдың арқасы деушілер көп.
Бакуге барғандар мұнда мұнай иісі шығады дейді. Бұл сөздің жаны бар. Себебі Әзірбайжан – ежелден мұнайлы өлке. Алғашқы қарамай сонау XVI ғасырда анықталған. 1848 жылы Бакудегі Бибіәйбәт кенішіндегі ұңғыдан атқылаған тұңғыш фонтан «қара алтын» өндірісіне жол ашты. ХІХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап шетел капиталы ағыла бастады. 1879 жылы Швеция азаматтары – Людвиг пен Роберт, әйгілі Альфред Нобельдің ағалары – «Ағайынды Нобель серіктестігін» (қысқаша «Бронобель») құрды. Олардың бәсекелестері атағы жер жарған Standard oil негізін салушы Джон Д.Рокфеллер, Альфонс Ротшильд сияқты алпауыттар еді. 1899 жылдың өзінде Әзірбайжан әлемдегі мұнай өндіру мен өңдеу бойынша бірінші орынға шықты. Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағында өндірілген мұнайдың 75 пайызы әзірбайжанның еншісіне тиді. Гитлердің Апшерон түбегіндегі бай кеніштерге өршелене ұмтылуы содан. Ал 1949 жылы Бакуден 100 шақырым жерде орналасқан «Мұнай тастары» кенішінде әлемде тұңғыш рет қара майды ашық теңізде өндіре бастады. Әзірбайжанда өндіріспен қатар өңдеу өнеркәсібі де жолға қойылған. Мұнай айыру кәсіпорындары, өндіріске қажетті құрал-сайман жасайтын зауыттар, Бакуде 1920 жылдың өзінде мұнай және мұнай химия институтының ашылуы осы саланы ұлттық экономиканың беломыртқасына айналдырды.
Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары елдегі экономикалық және әлеуметтік түйіндерді тек мұнай мен газдың көмегімен ғана шеше алатын. Бірақ 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басы Әзірбайжан үшін ең ауыр кезең. Ресейге арқа сүйеген Армениямен соғыс, Таулы Қарабахқа қоса ел аумағының 20 пайызынан айырылып қара жамылған тұс. Халық шаруашылығы толық қираудың сәл алдында, жаппай жұмыссыздық, нәпақа іздеп, Ресейге жөңкілген жұрт, жылан жалағандай дүкен сөрелері. Бір үзім чөрек (нан) табудың машақаты. Майдан даласында үсті-үстіне жеңіліс. Миллионға жуық босқындар, ішкі алауыздықтың азамат соғысына ұласа жаздауы. Сол кездегі президент Әбүлфаз Елшібейдің істен гөрі сөзге үйірлігі. Міне, осындай қиын қыстау кезеңде халық Нахчыванда (Түркиямен шекаралас жалғыз аймақ) жүрген Г.Әлиевті іздеді. Республиканы ұзақ жылдар басқарған аса тәжірибелі саясаткер 1993 жылдың аяғына таман мемлекет тізгінін өз қолына алды. Экономиканың еңсесін көтеру шетелдік инвестицияға тәуелді екенін жете түсінген ол қазақстандық тәжірибенің ізімен сырттан инвестор тартуға күш салды. Алайда Армениямен арадағы шиеленіс пен ішкі қайшылықтан сескенген шетелдіктер бұл жаққа аттап баспайтын. Аттап басқаны келіссөз үстінде кішкентай мемлекеттің мүддесін есепке алғысы келмеді. Әйтсе де Г.Әлиев бірнеше келісімге қол жеткізді. Ал 1994 жылы 20 қыркүйекте алпауыт компаниялармен Каспийдегі Әзери, Чыраг және Гүнешлі кеніштеріне қатысты «Ғасыр келісімшартына» қол қойылды. Бұл Қап тауындағы республиканың әлемдік мұнай саясатында сөзі өтімді тағы бір «ойыншы» пайда болғанын көрсетті. Батыс енді Әзірбайжанға мықтап көңіл бөле бастады. Бұрын барлық құбыр желілері Ресейге жетелесе, енді геосаяси ерекшелігімен Мәскеуді айналып өтуге мүмкіндік беретін жаңа бағыт пайда болды. Соның айғағындай, 1999 жылғы 17 сәуірде тағы бір елеулі оқиға орын алды. Президенттер Гейдар Әлиев, Эдуард Шеварднадзе (Гүржістан) және Леонид Кучманың (Украина) қатысуымен Баку-Супса мұнай құбыры іске қосылып, Гүржістанның Қара теңіз жағалауында орналасқан Супса терминалы ашылды. Супса айлағы (порт) арқылы «Чыраг» кенішінен өндірілген мұнай тұңғыш рет солтүстікке емес, батысқа жөнелтілді. Гейдар Әлиевтің мұнай стратегиясындағы басты мақсаттың бірі – әлемдік базарда мұнайды ешкімге жалтақтамай саудалау еді. Ресейдің қарсылығына қарамастан Баку-Тбилиси-Жейхан жобасын жүзеге асыру сәтті аяқталды. Бұл жерде АҚШ-тың бұрынғы президеті Билл Клинтонның айрықша қолдауын атап өткен жөн. Қазір мұндағы көмірсутегі қоры 4 млрд тоннадан астам. Әзірбайжанның тағы бір байлығы – табиғи газ. «Шах- Дениз» кенішіндегі көгілдір отынның қоры 700 млрд текше метр екені жария етілген соң республика газ тасымалы төңірегінде жүріп жатқан ірі текетіресте де ықпалды «ойыншы» болып шыға келді. Әсіресе Ресейді айналып өтуі тиіс «Набукко» жобасы бойынша төселетін құбырды толтыруға әзірге Әзірбайжанға бәсекелес жоқ сияқты еді. Алайда «Газпромнан» таяқ жеген Түрікменстан да соңғы кездері аталған жобаға ықылас танытуда. Әзірбайжаның әлсіз тұсы – арқасында қуатты қолдаушының болмауы. Армян лоббиі күшті Франция сияқты елдер Арменияға бүйрегі бұрады. Қарабах дауының созылып кеткені де содан. Биыл қыста жаураған Еуропа газға келгенде Ресейге де тәуелді болғысы келмейді. Оның үстіне ең жақын одақтасы деген Түркия да әзірбайжан газына делдалдық жасап, екі ортада жеп қалғысы бар. Бұған қоса Анкараның Ереванмен жақындаса түсуі де Бакуді алаңдатып отыр. Міне, осылай мықтылардың мүдделері тоқайласқан қыспақта Әзірбайжан екі қарап, бір шоқуға мәжбүр. Айта кету керек, Әзірбайжанның 4-ші президенті Ильхам Әлиев әкесі салып кеткен жолдан ауытқыған жоқ.
Артықшылығы:
Сарапшылар «дағдарыс кезінде әзірбайжан экономикасы өзге көршілес елдерге қарағанда, біршама тұрақты» дейді. Біріншіден, негізгі экспорт өнімі мұнай қашанда әлемдік нарықта сұранысқа ие. Екіншіден, ел экономикасы әлемдік қаржы жүйесімен соншалықты тығыз байланыспаған: ірі кәсіпорындар батыстағы биржаларда сауда жүргізбейді, қаржы жүйесі мен өнеркәсібі шетел банктерінің несиесінсіз-ақ күн көре алады. Әзірбайжанның сыртқы қарызы – небәрі 2 млрд доллар. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы дамыған ел болғандықтан, өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ете алады, әрі сыртқа да экспорттап отыр.
Әлсіз жақтары:
Бюджеті мұнайға тәуелді. Басқа елдерде жұмыс істейтін әзірбайжандардан келетін қаржы тасқыны толастаған. Ресейдің өзінде ресми мәлімет бойынша 2 млн әзірбайжан тұрады. Дағдарыс дендеген жағдайда олар да отанына қайтуы мүмкін.