Мұнайдың мұңы сарқылған соң да таусылмайды
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы келешекте мұнай өндіру көлемін жылына 37 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ал 10 жылдан кейін өндірілетін мұнай қоры 1,6 миллиард тоннаға дейін жетеді деп болжануда.
Бұл туралы кеше Астанада бесінші мәрте өткен қазақстандық мұнай және газ өндіру қарқынын арттырудың жаңа технологиялары мәселесі талқыланған конференцияда аталған компанияның Геология, геофизика және сужима (резервуар) департаментінің директоры Әнуар Жақсыбеков айтты. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жаңа даму стратегиясына сәйкес, геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру және жаңа активтерге қол жеткізу нәтижесінде 2020 жылға қарай мұнай өндіруді 37 млн тоннаға дейін арттыру көзделуде. Ал өндірілетін мұнай қорын былтырғы дерекке сәйкес, 701 млн тоннадан 1 млрд 637 млн тоннаға дейін өсіру болжанып отыр», – дейді ол.
Жаһандық қаржы дағдарысы мұнай және газ секторынан түсетін табыс ағынын күрт төмендетіп жіберді. Ел экономикасын алға сүйреп келе жатқан локомотив – дәл осы мұнай және газ секторы екені даусыз. Дағдарыстан шығар жол іздегенде де осы салаға иек артамыз. Десек те, мұнай шығару мәселесінде де бізге көмескі қаншама проблемалар бар. Геология, геофизика және сужима (резервуар) департаменті директорының орынбасары Серік Ұзықанов: «Қазақстанда пайдалы қазбалармен айналысатын компаниялардың көбісінде істен шыққан мұнай ұңғымаларының үлесі артып келеді», – дейді. Бұл да мұнай шығарудың қарқынын арттыру мәселесіне келгенде аяққа тұсау болмақ.
Серік Ұзықанов көмірсутегі ресурстары сарқылуға шақ қалған кен орындарын тиімді пайдаланып жүрген мұнай өндіруші алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін қолдану қажет деп есептейді. Яғни ерте ме, кеш пе, бізде де кейбір кен орындарындағы мұнайларымыз сарқыла бастайды. Сол кезде сарқылған кен орындары мәселесінің қалай да алдымыздан шығатыны айтпаса да түсінікті. Қазақтың «қыстың қамын жаз ойла» дейтін тағылымы бар. Серік Ұзықанов осыны меңзеп отырса керек. Яғни шетелдіктерден түбі көрінген мұнай кен орындарымен жұмыс тәжірибесін қазірден игере берудің артықтығы жоқ. Әйтпесе жоғарыда аталған межелерге қол жеткізген тұста да жекеленген кен орындарының түбі көріне бастауы мүмкін. Олай дейтініміз, жылына 37 млн тонна аз мұнай емес.
Жиынға қатысқан энергетика және минералды ресурстар вице-министрі Ләззат Қиынов: «Қазақстан мұнайы мен газын игеруге жаңа технологияларды енгізу осы саланың ғана гүлденуіне мүмкіндік беріп қоймайды, сонымен қатар еліміздің экономикасының басқа да салаларына жаңа серпін береді», – дейді.