Таяуда бүкіләлемдік тауар биржаларында көмірсутектерінің бағасы түсуіне орай АҚШ сарапшыларының бірі «мұнай енді бұрынғыдай болмайды» деп салды. Біздің болжамымыз бойынша, ол шамамен 2016-2017 жылға қарай келуі керек «жұт» еді.
Иә, негізгі экспорттық шикізаты көмірсутектері болып тұрған елдер үшін бұл нағыз «жұт». Өйткені көмірсутектері осы уақытқа дейінгі негізгі энергетика көзі болу мүмкіндігінен айырылса, мұнай арқылы күн көріп отырған елдердің кірісі азаяды, қазынасы ортаяды. Халықтың тұрмыс деңгейі төмендейді.
Бұл «жұт» неліктен ерте келетін болды? Жалпы, оның ерте келуі мүмкін бе? Мақаланың өзегіне алынған айтпақ ойды түсіндіру үшін әуелі осы сұрақтарға жауап берейік. Біріншіден, ол неге ерте келетін болды, дегенге жауап берер болсақ, онда әңгіменің беті ашық. АҚШ негізгі қарсыласы Ресей кірісін, демек Ресей қуатын төмендету үшін көмірсутектерінің бағасын түсіруге мүдделі. Мұны біз бұған дейін «Айқын» газетінде жазған болатынбыз. Қысқасы, «жұт» ерте келсе, ол саясаттың, геосаясаттың құралына айналып тұр. Ақиқатқа тура қарар болсақ, АҚШ мемлекетінің өзі үшін де бұл бағаның түсуі пайдалы емес. Өйткені жаңа шикізат көзінен алы-натын жанар-жағар майдың өзіндік құны қарапайым табиғи мұнайдан алынатын тектесіне қарағанда әлдеқайда қымбат. АҚШ биржасында ол ең кемі баррелі 100 доллардан сатылғанда ғана өзін-өзі ақтайды. Себебі өзіндік құн 95 доллардан жоғары. Демек, мұнай бағасы түссе, АҚШ оның азғантай айырмашылығына «көз жұмып» қарайды. Өйткені мұндай айырмашылықты федералдық қаржы орталығына қарасты төрт фабриканың біреуінде доллар басып шығаратын станоктардың жұмыс істеу мерзімін сәл ұзартса болғаны өтеп шығады. Қашан да шығынсыз жұмыс істеуге құрылған Кейнс теория-сының нағыз пайдасын бұл мемлекет тағы да көретін болады. Сондай-ақ мұнай бағасының түсуіне Еуропаның дамыған мемлекеттері де мүдделі. Олардың Ресей эмбаргосынан көретін зиянын АҚШ мұнай бағасын түсіру арқылы қайтарып бермекші. Міне, Батыстың үлкен саясаты осыны көздейді. Мұндай жағдайда негізгі әлеуметтік төлемдерді төлеуге бағытталатын Ресейдің мұнай кірістері азайып, солтүстіктегі көршіміз үлкен қиыншылыққа тап болады.
Енді «жалпы жұттың ерте келуі мүмкін бе?» деген сұраққа жауап беріп көрейік. Оқырман байқаған шығар, бұл сұрақтың жауабын алғашқы сұрақ жауабымен қоса беріп қойғандаймыз. Десек те, арнайы тоқталатын себеп бар, ол – әзірге бұл «жұт» ретінде келе алмайтындығы. Себебі қанша десек те, жаңа шикізаттан жанар-жағар май алу мөлшері мұнайдың басым бөлігін алмастыра алатындай деңгейге жете қойған жоқ. Ол мөлшер шамамен, сол 2016-2017 жылдарда «есік қағады». Өйткені онымен, яғни осындай жаңа технологиямен әлемнің ондаған елі айналыса бастады. Екіншіден, мұнайлы араб әлемі, әсіресе Сауд Арабиясы АҚШ жағымен жақсы қарым-қатынаста. Жалпы, ОПЕК картеліне мүше елдердің басым бөлігі әлемдік экономиканың алыбымен жақсы. Бұл елдердің мұнай долларлары негізінен, АҚШ қор биржаларының құнды қағаздарына салынған. Мемлекеттік құнды қағаздарға салынған «мұнай долларлары» қаншама? Демек, АҚШ мұнай бағасын бірден және көп мөлшерде түсіруге қанша жерден мүдделі болса да, қанша жерден мүмкіндігі жетіп тұрса да, олай етуге бара алмайды. Бара қалған жағдайда Нью-Йорк және Чикаго, Лондон қор биржаларынан мұнайлы елдердің триллиондаған доллар ақшалары «кетеді». 2007 жылғы «қара түнек» АҚШ басына қайта шүйіледі. Олай болса, дәл биыл немесе келер жылы мұнай ба-ғасы сезінерліктей деңгейде төмендейді деп қауіптенуге болмас. Қазіргі деңгей, яғни мұнай баррелінің 102-103 долларлық мөлшері биыл сақталады. Бәлкім, ол енді бір-екі долларға арзандар. Одан әріге бара алмайды.
Мұнай қашан және қаншаға арзандайды?
Шамамен, 2016 жылы мұнай бағасы 100 доллардан төмендеуі мүмкін. Мұның өзі Ресей федерациясын біраз қыспаққа алатын жағдай. Одан әрі қарай да бұл баға түспесе, өспейді. Біз шамамен, мұнай баррелі 60-70 дол-ларға саудаланатын кез де алыс емес деп ойлаймыз. Өйткені АҚШ жаңа тех-нологияның жұмыс істеуін ұлғайта түспек. Оған жоғарыда айтып кеткен жаңа технология бойынша жанар-жағар май өндіруге құлшынып жүрген басқа да мемлекеттер алған өнімдер қосылады. Бұған биологиялық отынды пайдалану технологиясының өнімдері және қосылады. Қазірдің өзінде биоэтанолдар дамыған елдердің көбінде, тіпті Қытайда да пайдаланылып жатыр. Сөйтіп, солардың бәрі қосылып, мұнайдың негізгі энергия көзі болу қасиетін азайтады. Айтқандай, бұған біздің Қашаған және әлемнің басқа да жаңа кеніштерінде өндірілетін мұнай қосылғанда, әлемдік базардағы ұсыныс көлемі артып, бағаның төмендеуіне мұнай экспорттаушылар да өз «үлестерін» қосқан болып шығады. Өкінішке қарай, мұнай өндіруші мемлекеттер бірігіп, келешектің сұранысын есептеп, өндірісті соған орай үй-лестіру мәселесімен әлі айналысар емес. Мүмкіндігі барлар, біздің Қазақстан секілді жаңа өндірісті іске қосуға асығулы. Ресей федерациясы бұл саладағы қадамдарын Арктика бағытында жеделдетіп жатқан сыңайлы. Қысқасы, әлемдік мұнай өндірісшілері «қара алтын» бағасын түсіруге өздері де ат салысып жатқанын білмейтіндей. Жағдай осылай болып тұрғанда, біздің жоғарыдағыдай болжам жасамасқа амалымыз жоқ.
Қалай болғанда да, мұнай бағасы енді жоғарылауын доғарады. Түпкілікті және түбегейлі. Оның баррелі орта есеппен 100 доллардан аспайтын шығар. Ал 60-70 долларлық баға 2016-2020 жылдар аралығында және одан кейін де «қажет кезінде», дәлірек айтсақ, АҚШ саясатына «қажет кезінде» көрініс табады. Өйткені ол жақ үшін әскери әлеуеті мықты Ресей федерациясын күшейтпеу басты ұстаным. Десек те, АҚШ жағы Қытай секілді алыпты «тұқырта» алмайды. Мұнай бағасының түсуі Қытайдың өсуін жеделдете береді. Баға қаншалықты түссе, ол Қытай үшін соншалықты қолайлы. АҚШ үшін 100 доллардан төмен баға тек қана зиянды. Ал АҚШ жағына басты қарсыластардың бірі – Қытайдың қарқынды дамуы мүлде қажет емес. Бұдан шығатын қорытынды, қалай десек те, АҚШ жерде жатқан таяқ секілді саясат ұстануда. Қай ұшын бассаң да, келесі ұшы бәрібір маңдайыңа тиеді.
Неліктен мұнай бұрынғыдай болмайды?
«Мұнай бұрынғыдай болмайды» дегеннен нені ұғуға болады? Оқырманға ой түсінікті болу үшін мұнайдың осы уақытқа дейін атқарған «қызметін» тізіп өту керек шығар. Сондықтан біз ең алдымен, мұнайдың толып жатқан өндірістің бастапқы шикізаты қызметін атқарғанын ескертеміз. Жасанды талшықтар түгелдей дерлік мұнай мен газдан алынды. Қазір Қытай шығаратын көптеген киім-кешек сол жасанды талшықтардан шығарылған. Мұнай – құрылыс материалдарын алатын шикізат. Мұнай жол салу құрылы-сында да пайдаланылады. Осы заманғы техника мен технологияның бәрінде дерлік полиэтилен, полипропилен, полистирол қолданылады. Бұл – мұнай өнімдері. Сондықтан да біз адамзаттың мұнайды пайдалануы, көптеп пайдалануы жалғаса бермек дегенді айтамыз. Тек оның энергия көзі болу үлесі азаяды. Шамамен, бұл мөлшер 20-30 пайызды құрауы мүмкін. Жаңа шикізаттардан сол мөлшерде ғана жанар-жағар май алу мүмкіндігі бар. Демек, мұнай бағасының 100 доллардан жоғары деңгейін сақтап қаламыз десе, әлемнің барлық мұнай өндірісшілері бірігіп, өндіріс пен экспортты осы мөлшерде қысқартса болғаны. Ал қазір бұлай болмай тұр.
Қазақстанға не істеу керек?
Қалай десек те, мұнай өзінің осы уақытқа дейінгі мәнінен айырылуды бастады. Ескерте кетейік, Фукусимо оқиғасы қанша жерден шошытты десек те әлем, оның ішінде Жапонияның өзі де ядролық энергиядан бас тарту мүмкін емес екенін мойындағандай. Дүние жүзінің көптеген мемлекеттері АЭС салу жөніндегі баяғы жоспарларына қайта оралып жатыр. Әсіресе, іргедегі қарқынды дамушы алып Қытай бұл жағынан дүниежүзілік мара-фонның алдында келеді. Жағдай осылай болып тұрғанда, әлемдік ғалымдар енді 30-40 жылдан кейін негізгі энергия сутектерінен алынады деп жатыр. Мұнай түгіл уран да знергия өндірісіндегі жетекшілік күшінен айырылатын шығар. Сонда біздің Қазақстанның негізгі «асыраушы көздері» өзінен-өзі ықшамдалады. Орайы келгенде айта кетейік, біз алдағы 30-40 жыл ішінде мұнайдан ала алмағанымызды ураннан алатын елміз. Мұндай бай табиғатты берген Жаратушыға шексіз алғыс! Десек те, әрі кеткенде 2050 жылға қарай табиғат берген екі байлық маңызынан айырылғанда күнкөрісіміз не болмақ? Міне, осы сұрақ алдан шыққанда, 2050 стратегиясын жасатып, жүзеге асыртып жатқан Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғыс айтуға тиіспіз.
2050 стратегиясы – күнкөрістің түпкілікті көзі
Ақиқатқа тура қарайық, жер қойнауындағы байлығымыз қанша жерден асып-тасып жатса да, олардың қазіргі кезде ең құнды аталып жүргендерінің өздері ұлттық күнкөріс көзі болудан қалады. Міне, біз осындай жағдайға дайын болуымыз керек. Ол үшін «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігімен және тікелей тапсырмасымен жасалып, жүзеге асырылып жатқан 2050 стратегиясына күнкөрістің түпкілікті көзі ретінде жанашырлықпен қарауға тиіспіз. Жасыратын несі бар, қазіргі кезде «инновация» деген желеумен өмірлік маңызы жоқ, ғұмыры қысқа алдамшы жобалар инвестиция алып жүр. Оның ақыры неге соқтырғанын қазірдің өзінде сезініп жатырмыз. Демек, 2050 стратегиясына қатысты жобаларға іріктеу жасайтын топ, оның жұмысын үйлестіретін үкіметтік қызмет, әсіресе жобаны екшеу ісіне аса мұқият болғаны жөн. Бұл – негізгі қағида. Сонан соң бұдан былайғы жұмысымыз былайша өрнектелсе, дұрыс болар еді:
1) Ең алдымен, шетелдік инвестициялар өміршең жоба болуы тиіс. Айталық, қазіргі таңда Қазақстан дайын бұйымдардың 90 пайызын шетелдерден импорттап жатыр. Тұрмыстық техника, жиһаз, ыдыс-аяқ, киім-кешек-бәрі-бәрі сырттан келуде. Міне, осы тауарлар шығаратын зауыт-фабрикалардың қожаларына «өндірісіңді Қазақстанда аш, мемлекет және қазақстандық кәсіпкер үлестес серіктесің болады» дегенді ашық айтып, олардың осы қадам тиімді екеніне көзін жеткізуге тиіспіз. Айталық, «Бош», «Тошибо», «Нокиа», «Панасоник» фирмаларының қожайындарына тауарды ол жақтан тасығанша, осы жақтан шығарған әлдеқайда пайдалы екенін түсіндіруге тиіспіз. Егер бұл қадамымыз жүзеге асып кетсе, еліміз импорт үшін қазір сыртқа жөнелтіп жатқан валютасының шамамен, 60 пайызын өзімізде қалдыратындай мүмкіндік туады.
2) Азық-түлік тәуелсіздігін түпкілікті және түбегейлі жасауға тиіспіз. Осы салаға бөлінген қаражатпен баяғыда-ақ сондай елдердің қатарына қосылар едік, амал не, әлі діттеген жерге жете алған жоқпыз. Енді бұл салада көз алдаушылыққа жол бермеу керек. Урбанизацияны толық тыюға тиіспіз. Сондықтан ауылдықтардың қалалықтардан кем өмір сүрмейтіндей жағдай жасауға міндеттіміз. Ол үшін ауылдықтар қалаға тек соңғы тауарды, өңделген тауарды шығаратындай технологияны ол жаққа жеткізсек болғаны. Сонда ауыл өнімінің тасымал шығыны шамамен, он есеге қысқарады да, ауыл тұрмысы жақсарады. Айталық, қазір Алматының маңында тұратын ауылдықтар сиырларының сүтін қалаға күнде әкеліп сатады. Бұл үшін бір жылда шамамен, ерсілі-қарсылы 150 күн жүреді. Ал егер сол фермер сүтінен ірімшік жасап, соны сата алатын технологияға ие болса, әрі кеткенде қалаға он-ақ рет келер еді. Шын білімді бизнесмендер мұндайда бар болғаны бір-ақ рет қатынайды. Үнем көзі қаншалықты?!
3) Қазақстанның дәрі-дәрмекпен өзін-өзі қамтамасыз ететіндей мүмкіндігі зор. Осы мүмкіндікті толық қуатында іске қосуға тиіспіз. Ол үшін әлемнің мықты фармацевтикалық зауыттарының филиалын елімізде ашсақ жеткілікті. Бұл да қолдан келетін іс. Өйткені біз қазір 170 миллиондық, көп ұзамай 200 миллионнан асатын тұтынушысы бар базардың еркін ойыншысымыз. Ал қазіргі таңда Батыс Ресей де өз кәсібін ашқысы келмейді. Міне, осы сәтті өз пайдамызға шешсек болғаны.
Қысқасы, қиын күндер алда. Ал 2050 стратегиясы күнкөрістің түпкілікті және сенімді жалғыз көзі екенін түсініп, жұмыс істеу – баршамыздың ұрпақ алдындағы парызымыз.
Aikyn.kz сайтынан алынған
Мұнай енді бұрынғыдай болмайды
Последние статьи автора