Мойнақтың жүгін мойнымен көтерген
Бұл 1981 жылдың қараша айының ортасы болатын. Мен Жаңатас қаласының орталық тау құрылыс өндірісінің Қаратау фосфор құрылыс тресінің мекемесінде жаңадан жұмысқа прораб болып орналасқанмын. Қасымызда бізбен қатарлас құрылыс нысаналары соғылып жатқан болатын. Содан бір күні арнайы іздеп барсам, құрылысшылардың тілімен айтқанда, «прорабтар вагонында» бір жас жігіт отыр екен. Үстінде – әдемі көк көйлек. Ұзын бойлы жігіт өзін Қантаев Оразалымын деп таныстырды. Өзі осы құрылыс учаскесінің прорабы екен. Мен де өзімді таныстырып, жұмысымыз жайлы әңгімелесіп, бірден түсінісе кеттік. Сөйтіп, сол күннен бастап екеуміздің арамыздағы достық қатынас арта берді. Бес жылдан кейін, яғни 1986 жылы ол Жаңатас қаласының «ПМК Көкжон» деген мекемесіне бас инженер болып қызметке орналасты. Көп ұзамай әрі досым, әрі әріптесім мені өзінің қасына жұмысқа шақырды.
Орекең маған: «Кел, Кәке, бірге жұмыс істейік, бұл соғылып жатқан нысандар болашақта елімізде үлкен маңызы бар, қажетті құрылысқа айналмақ. Соған өз үлесімізді қосайық», – деді. Мен бірден келісіп, сол 100-ден астам нысаны бар фабрика құрылысын жаңадан бастап, құрылыс жүргізуге жұмыла кірісіп кеттік. Арасында небір қиындыққа, қуанышқа толы күндер өтіп жатты, жұмыс үш мезгілде жүреді, әр мезгіл – сегіз сағаттан, кейде екі-үш мезгілге қалып қоямыз: бетон келмей қалады, кран бұзылып қалады, тағысын тағы дегендей. Жаңатас қаласының ауа райы қатал, азынаған желі көп болатын, қысы суық, жазы ыстық.
Фосфор тыңайтқышын өндіретін үлкен фабрикада күн сайын қыруар жұмыс қайнап жататын. Қажетті шикізаттар небір үлкен жерасты кен қойнауынан үлкендігі 8 текше метр экскаваторлармен артып тиеліп, сыйымдылығы 110 тонналық «БелАз» машиналарымен тасымалданады.
Біз осынау алып фабрика құрылысын мерзімінде аяқтап, дайын нысанды 1989 жылы ойдағыдай мемлекеттік комиссияға өткіздік.
Жасынан еңбекке бейім, өз ісіне мығым маман Орекең 1990 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан топырағында ел басына ауыр зілзала болғанда Тарбағатай ауданында бұрынғы Крупская совхозы, қазіргі Қабанбай ауылында үй құрылысы жұмыстарына да белсене араласты. Екі жылдай 20 шақты үй тұрғызылып, халықтың игілігіне жарады. Одан Жаңатас қаласында үлкен Үй құрылысы комбинатында басшы болып, осы қаланың үлкенді-кішілі бірнеше құрылысына атсалысты. Кеңес Одағы тараған соң, Алматыға келді. Көз алдымызда күн сайын қанат жайып келе жатқан алып мегаполисте біз етене араласып жүрдік.
Ол қандай жауапты іске де үнемі өзінің сақадай сай екендігін таныта алатын. Осылайша, ол өзінің іскерлігімен танылып, ұдайы ел алдындағы жауапкершілігіне немқұрайды қараған емес.
Арада біраз уақыт өткен соң Орекеңе тағы бір ірі құрылыс нысанына жетекшілік ету тапсырылды.
Небір таңдау-таластан оқ бойы озып шығып, әуелі бұрынғы KEGOC компаниясының президенті, қазіргі Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың ұсынуымен, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бекітуімен Оразалы бұл жолы Қазақстан үшін маңызы зор Мойнақ су-электр стансасы құрылысына басшы қызметіне тағайындалды.
Қазақстан мен Қытай тараптары бірлесіп қолға алған бұл жобаның жауапкершілігі де өте үлкен болатын. Инженерлікті игерген Орекең Мойнақ су-электр стансасы құрылысында алты жыл бойы күн-түн демей, демалысқа шықпай, табан тіреп еңбек етті. Оның жұмысқа деген ынта-жігерімен және іске деген үлкен жауапкершілігінің арқасында осы аталған Мойнақ су-электр стансасы іске қосылып, тапсырылды. Аз судан көп электр тоғын өндіретін бұл нысан – инженерлік тұрғыдан да өте сәтті жасалған жоба. Міне, осындай үлкен құрылыстың бел ортасында Орекең жүрді. Ол ұйымдастырушы, басшы ретінде осы нысанның жобаға сәйкес салынуын, мерзімінде тапсырылуын қатаң қадағалады.
Мойнақ СЭС құрылысы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде жүзеге асырылды. Мойнақ СЭС – көлемі мен қуаты жағынан Қазақстандағы бесінші су-электр стансасы және Тәуелсіздік алған жылдарда елімізде іске қосылған алғашқы алып энергетикалық нысан болып табылады.
Ел үміт артып, Елбасы сенген азамат – өзіне тапсырылған істі сенімді әріптестері мен білікті мамандардың көмегімен абыроймен жүзеге асырды десек, артық айтқандығымыз емес. Бірақ қарбаласқан жұмыстың жайымен жүріп, Орекең өз денсаулығына аса мән бере қоймапты. Осыдан кейін оның денсаулығы сыр бере бастады. Бұрыннан ауырып жүрген іштегі жара ұлғая берді. Әрине, алты жыл бойы демалыссыз жұмыс істеу деген оңай емес. Содан дәрігерлерге қаралды, ауруханаға да жатты, бірақ жағдайы күннен-күнге нашарлай берді. Досымның күйі күн сайын төмендей берді. Болмаған соң, Германияның озық клиникасындағы мамандардың бақылауынан өтті. Бірақ бойдағы дерт әбден дендеген оның жарасын неміс мамандары да жаза алмады. Амал не, Алла тағаланың маңдайына жазған өмір жолы солай болды.
«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, Орекеңдей абзал азамат, айнымас достың қазасы артында қалған жары Бибісара, ұл-қыздары, немерелеріне және достары, ағайын-туыстарына, әсіресе анасына қатты батты. Әттең, тағдырдың жазуына шара жоқ. Орекең, шын мәнінде, ұлтын сүйген ер еді. Жаны аман болса, ол жаңадан өркендеп, дамып келе жатқан жас мемлекетімізге талай-талай еңбегін сіңірер ме еді?! «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы екен ғой... «Елдің атын ер шығарар» демекші, Орекең сондай жігіт еді! Қашанда маңайындағыларға нұрын шашып, жақсылық жасап жүруші еді. Аққан жұлдыздай болып жарқ етіп өте шыққан осындай азаматты біз әрқашан ұмытпаймыз.
Қаперге!
Еліміздегі алып құрылыс саналатын Мойнақ су-электр стансасының ойдағыдай іске қосылуына өлшеусіз үлес қосқан Оразалы Қантаев мемлекет алдындағы еңбегі ескеріліп, ел экономикасының қалыптасып, дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен, Қазақстанға еңбек сіңірген «Құрметті энергетик» және «Құрметті құрылысшы» атақтарымен, көптеген «Құрмет» грамотасымен марапатталған.