Мақтамызбен мақтанатын боламыз
Басқа құрлықтан жан баласы аяқ баспаған заманда Америка халқы көздің жауын алатын әлем-жәлем киім киген деседі. Бұған бояудың емес, түрлі-түсті мақтаның арқасында қол жеткізіпті. «Ақ алтын» деп үкілеген мақтаның қызыл, сары, жасыл, қоңыр «туысы» көп көрінеді. Қазір түрлі-түсті мақта өсіру жағынан қытайлар ешкімге дес бермейді.
Іргедегі көршіміз қызыл-сары мақта өсіреді деп аузымызды ашып жүргенде, біздің ғалымдар да ай қарап отырмапты. Білмейді екенбіз, Мақтаарал ауданы Атакент ауылындағы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандары түрлі-түсті мақта өсіреді екен. Бір «әттеген-айы» біздің мақта өңдеуші кәсіпорындар оны өңдеуге дайын емес. Әйтпесе, түсті мақтаның пайдасы шаш етектен. Алайда осындай ерекше мақтаны жаппай өсіруге, оны тоқыма өндірісіне енгізуге жоқпыз. Баяғы таусылмайтын кедергі, қаржы тапшылығы қол байлау. Осы жағы реттелсе, институт қызметкерлері түрлі-түсті мақтаны өндіріске енгізуге дайын. Бұл туралы біз кеше Алматыда өткен 4-ші Тоқыма конгресінен біліп қайттық.
Басқосудың басты мақсаты тоқыма өндірісінің дамуын ынталандыру, мемлекеттік органдар мен тоқыма өндірісімен айналысатын жеке сектордың арасында диалогты қамтамасыз ету, әлемдік тәжірибені зерттеу және қолдану арқылы еліміздің тоқыма өндірісін дамытуда жаңа жолдар табу деп көрсетілген. Ал тоқыма өнеркәсібі туралы айтқанда, мақта шаруашылығын айналып өту мүмкін емес.
Еліміз мақта шаруашылығымен тоқсан жылдан бері айналысып келеді. Бұрындары атақты Мақтаарал совхозы гектарына 44-46 центнерден өнім алатын. Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін мақта шаруашылығы мықтап тұралады. Оның себебі көп: жердің тозуы, мақта өсірудің иісі мұрнына бармайтындардың кірісуі. 2002-2003 жылдары жағдай біршама жақсарып, әр гектардан 23-24 центнер өнім алына бастады. Қиын деген 1997-1998 жылдары әлемдегі мақта өсірумен айналысатын 70 мемлекеттің ішінде 24-25 орында болсақ, қазір 14-15 орынға шығыппыз. Алдағы меже – алғашқы ондықтың қатарынан көріну.
2002-2003 жылдары «ақ алтынның» бағасы шарықтаған кезде мақта отырғызатын жер көлемі 220 мың гектарға жеткен. Өткен жылы ол 170 гектарға дейін азайды. Биыл одан да аз – 140 мың гектар. Таяу жылдары тіпті 90 гектарға азайту көзделген. Бірақ бұл мақта көлемі кемиді дегенді білдірмейді. Одан гөрі жер көлемін азайтып, өнімнің шығымдылығын арттыру тиімді. Әлгі ғылыми-зерттеу институты осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Жалпы, осы институттың селекция мамандары бес-алты жылдың ішінде мақтаның жаңа тоғыз түрін ойлап тапқан. Оның төртеуі өндіріске енгізілді. Тоқыма өндірісінің талаптарына сай, әлемдік бәсекеге төтеп береді. Келесі жылы инновациялық технологияларды өндіріске енгізу жоспарланған. Мәселен, соя, бұршақ секілді дақылдар қосылатын жаңадан тұқым себу әдісі топырақты құнарландырып, өнім шығымдылығын арттыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясы көптеген шаруашылықтарда қолға алынып, оң нәтижесін беруде. Әсіресе оңтүстік өңірдегі ылғал тапшылығы жағдайында бұл әдіс суды екі-үш есе аз пайдалануға мүмкіндік береді. Мақтаның жаңа түрлері кеңес кезіндегі түрлеріне қарағанда суды 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Алдағы мақсат – мақта өңдейтін зауыттарды қамтамасыз етіп, қалғанын экспортқа шығару. «Экспортқа шығарғаннан гөрі, өзімізде тоқыма өндірісін өркендеткен жақсы емес пе» деген сауалға мамандардың жауабы дайын: АҚШ, Бразилия сияқты мақта өсірумен айналысатын елдер көбіне экспортқа шығарады. Себебі тоқыма өндірісі, мақтаны терең өңдеу қымбатқа түседі. Еліміз мақтаны Украина, Ресей, Беларусьқа, аз көлемде Жапония мен Оңтүстік Кореяға сатады. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Қытайға шығарылатын. Осыны қайтадан жолға қою керек деген ұсыныс бар. Өйткені Қытайдағы ішкі нарықта мақтаның бағасы дүниежүзі бойынша жоғары. Бірақ бізден сатып алған арзан мақта өзімізге киім-кешек түрінде қайтса, ұтамыз ба, ұтыламыз ба?
Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
— Біздегі тоқыма өндірісі шикізаттың 5 пайызын ғана тұтынатын. Бес-алты жыл бұрын тоқыма кластері қолға алынған соң, бұл көрсеткіш 25-30 пайызға жетіпті. Бұл – жақсы жетістік. Ал қалған мақта экспортқа кетеді. Айта кету керек, мақта экспорты бидайдан кейін екінші орында тұр. Қазақстанның климатына байланысты 4-5 типті талшықты мақта өсіріледі. Өйткені өңірдегі барлық жылу орта талшықты мақтаны өсіруге ғана жетеді. Жалпы, жер бетінде өндірілетін мақтаның 70 пайызы орта талшықты. Қалғаны – жібек талшықтының үлесінде. Ол жекелеген қымбат бұйымдарды жасауға, орта талшықты мақтаны терең өңдеген кезде қоспаға пайдаланылады. Кейбіреулер біздің мақтаның сапасы төмен деген пікірде. Мен онымен келіспеймін. Біздің мақтаға химикат аз қосылатындықтан, органикалық мақтаға теңеуге болады.