Күріш кластері делдалдардың үмітін үзді
Сыр өңірінің басты дақылы – күріштен тек өнім жинап алынғаны болмаса, қалған дүниелер ешбір кәдеге жарамай келді. Енді ондай олқылыққа жол берілмейді. Облыста күріш кластерін дамытуға мән берілетін болды. Осы мақсатта «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Жалағаш ауданындағы «Жалағаш элеваторы» ЖШС-не қарасты өндірістік нысанды өз иелігіне алды. Элеватордың өндірістік қуаты 80 мың тоннаға жуық.
Мұнда тоғыз қойма бар. Әрқайсысында 1700 тонна өнім сақтауға болады. Алайда бүгінгі күнге дейін элеватор қолдан-қолға өтіп келген еді. Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы толық қуатында жұмыс істеген жоқ. Алып кешенде соңғы жылдары небәрі 7 мың тоннаға жетер-жетпес күріш ақталған. Осы мәселені зерделей келе, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жеке кәсіпкерден сатып алып, оның басқару құзыретін «Байқоңыр Агро Холдинг» серіктестігіне берді.
Алмас Серекеев, «Байқоңыр Агро Холдинг» серіктестігінің атқарушы директоры:
– Енді шаруа қожалық жетекшілері бұрынғыдай күрішті арзан бағаға өзге делдалдарға өткізе салмайды. Осы жерден өнімін сапалы өңдеп, тиімді бағаға сатуға мүмкіндік алады. Жуық арада шаруа қожалықтары арасындағы жұмыс жүйеленеді. Барлық тараптарға тиімді ұсыныстар жасалады. Болашақта элеваторда күрішті ақтап қана қоймайды, одан крахмал өндіру ісі де қолға алынбақ. Сонымен бірге бұл өндірісте бидай тартып, нан өнімдерін шығару да ойластырылып отыр.
Кластер диқанға не береді?
«Сыр жерінде күріш дақылы қашаннан бастап егіледі?» деген сауал төңірегінде түрліше жорамал айтылады. Кейбір ғалымдар оған жергілікті жұрт өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап көңіл бөліп келеді дейді. Ендігі бірі одан да ертерек кезеңде біздің топырақта себіле бастады дегенді айтады. Қалай десек те, бүгінгі таңда елдегілер үшін күріш өндірісі негізгі тіршілік көзіне айналғаны белгілі. Осылай дегенімізбен, күріш шаруашылығында күрмеулі мәселелер бар екенін жұртшылық жақсы біледі. Әрине, кез келген жұмыс жаңа технология мен ғылым саласына тәуелді. Ал мұнда 30 жылдан астам уақыттан бері жергілікті тұқым сорттары өндіріске енгізілмеген. Сондай-ақ әлемнің кейбір елдерінде жасалып жүрген жобаларды біз енді ғана тәжірибе негізінде пайдалана бастадық. Алайда олардың барлығы кең ауқымда қанатын кеңге жайып кетті деп айта алмаймыз. Бүгінгі таңда облыста күріш кластерін дамыту консорциумын құру идеясы тектен-текке айтылып жүрген жоқ, оның мақсаты қандай болмақ?
Алдымен агроөнеркәсіп кешенінің өрісін кеңейту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мән берілмек. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы салаларын тиімді ұйымдастыру және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында көптеген жұмыстар қолға алынады. Облыс әкімінің биылғы жылға арналған іс-қимыл жоспарында осы мәселе қозғалды. Мамандар еліміз бойынша күріш өнімі халықты толықтай қамтамасыз етуге жететінін талай мәрте айтып келеді. Тіпті артылған өнімді алыс және жақын шетелдерге экспортқа шығарудың әлеуеті зор болып отыр. Сондықтан консорциум құру арқылы көптеген түйткілді бірлесе шешуге мүмкіндік туады. Өйткені күріш Сыр өңірінің брендтік тауары деп бағаланады.
Абзал Ералиев, Қазақстан күрішшілер одағының төрағасы:
– Күріш кластерін дамыту консорциумын құру дер кезінде қолға алынып отыр. Біз тәжірибе алмасу мақсатында көптеген елдерде болып қайттық. Атап айтқанда, Еуропа елдерінде бұл сала бойынша үйренетін тұстарымыз жетерлік. Онда күріш кластері жолға қойылған. Сыр өңірінде тек негізгі өнім ғана алынады. Қалғанын кәдеге жарата алмаймыз. Құр босқа далаға тастауға мәжбүрміз. Ал ол жақтарда күріштің қауызы мен сабағынан да түрлі қажетті өнімдер шығарылады. Қысқасы, шетелдік әріптестер тыңнан жол тауып, барлығын қалыпты жүргізіп келеді. Күріш өндірісінен де қыруар кіріс кіргізіп отыр.
Қолда бар жобаларды дамыта алсақ...
Бір кездері бізде де күріш кластеріне байланысты мәселе қозғалды. Бірді-екілі жобалар да қолға алынды. Әйтсе де бұл жұмыстар барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарына кең ауқымда тарай қойған жоқ. Атап айтқанда, Жалағаш ауданындағы «ШНС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күріш қалдығын тереңдете өңдеу ісіне көңіл бөлген еді. Онда күріш сабанынан жылына 5 мың тонна биоотын дайындау цехы ашылды. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы «Шоқ Су» серіктестігі тез дайындалатын күріш кеспесін өндіруді қолға алған-ды. Жаңашыл жобаларды жасауға жұрттың барлығының мүмкіндігі келе бермейтіні тағы бар.
Ғалымдардың айтуынша, шетелдерде крахмал өндірісі жоғары дамыған. Өткен ғасырдың 60-жылдарында қантты пайдаланудың орнына қантты крахмал өнімдерін қолдануға мән беріле бастады. Қызылша дақылы өсірілмейтін Жапония, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерде және ол өніммен өзін қамтамасыз ете алмайтын еуропалық елдерде крахмал өндірісіне көңіл бөлінген. Соның нәтижесінде крахмал сірнесі, глюкоза, фруктоз шырыны сияқты өндірісті дамыта түсті. Олар картоп, жүгері, бидай, сұлы, қарабидай және күріштен өндірілген. ТМД елдерінде крахмал өндіретін және оны сірнеге қайта өңдейтін 16 кәсіпорын бар екен. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, ұсақталған күріштен алынған ұнды және күріш салысын өңдеуде 14 пайызға дейін өндірілетін ұнтақты пайдалануға болады. Ресейде шығарылған РУМ-3 қондырғысы тәулігіне 50 литрден астам таза спирт шығара алады. Сондай-ақ кейбір елдерде күріш майын өндіру дұрыс жолға қойылған. Аталған өнім майлықышқыл құрамы бойынша тәуір тамақ майларының, яғни арахис, зәйтүн сияқты түрлеріне жатқызылады.
Қазіргі кезде бізде күріш сабанын өртейтінін көзіміз көріп жүр. Оның қоршаған ортаны ластайтыны тағы бар. Дегенмен бірқатар елдерде одан қағаздың жоғары сорты дайындалады. Құрылыс картоны мен мықты және арзан жіптер әзірленеді. Сондай-ақ үйге киетін жеңіл аяқкиімдер, сөмкелер мен кілемшелер тұтынушылар арасында зор сұранысқа ие болып отыр. Демек, күріш кластері жөнінде кең ауқымда айтуға негіз бар. Бізде бүгінгі күнге дейін түрлі себептермен ондай жұмыстар қолға алынбады. Соның салдарынан көптеген дүниелер кәдеге жарай қойған жоқ. Күріш кластерін дамыту консорциумын құру сондай игілікті істерге жол ашады деген сенім бар.