Бүгінгі өнеркәсіп саласы тек нәзік жандар үшін жұмыс істейтіндей. Шынында да, дүниеқұмар әйел заты болмаса, тауар өндірісі әлдеқашан тоқтап қалар еді. Косметика мен парфюмерия, ыдыс-аяқ пен көрпе-жастық, әшекей мен жиһазды былай қойғанда, тұрмысқа арналған техниканың өзі жыл сайын жаңарып шығуда.
Арманымыз – андроид
Біз үй шаруасын жасайтын робот туралы армандап жүргенде, жапондар сонау 2005 жылы саудаға андроид (адам тектес робот) шығарды. Сөздік қорына мыңнан астам сөз енгізіліп, онша-мұнша жұмыстарды атқарған ол фантаст жазушылардың қиялындағы андроидтің шаңына бәрібір ілесе алған жоқ. Бірақ күндердің күнінде ондай роботты да ойлап табарына шүбә келтіргіміз келмейді. Кім білсін, келешекте үй тірлігінен құтқаратын мұндай көмекші де ұялы телефон сияқты үйреншікті зат болып қалатын шығар. Қуақы сөздің бір шебері айтқандай, «техниканың жетілдірілгені сонша, барған сайын адам өзін де керек етпей қалады».
Әзірге үй жұмысын жеңілдететін тұрмыстық техникамен шектелуге тура келеді. Бұл жағынан өндіріске де, өнертапқыштарға да өкпе жоқ.
Шаңсорғыштың патшасы
Қазіргі құралдардың ішіндегі ең қитұрқысы – жасанды интеллектіге ие шаңсорғыш. Мұндай шаңсорғыш-роботтар жаңа ғасырдың басында пайда болды. Бөлме ішін автоматты түрде жинауға арналған құрал – интеллектуалдық тұрмыстық техника санатында. Робот-шаңсорғыш бұйрық берілгенде, не кестеге сәйкес жұмысқа кіріседі. Тазалап біткен соң, жұмысын автоматты түрде тоқтатады. Жарнама жасаушылар осындай шаңсорғыштың үй тазалау тауқыметінен құтқаратынын айтып, жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Бірақ кемшілігін айтпайды. Мәселен, ол ылғал еденді «жақтырмайды», су жерге тап болса, бұзылып қалады. Басқасын айтпағанда, ең қымбат үлгілерінің өзі қуаты жағынан кәдімгі шаңсорғыштан кем түседі. Әрі пошымы домалақ роботтың бұрыш-бұрышты тазалауға шамасы келмейді.
«Сиқырлы» таяқ көмекке келеді
Есесіне еден жууға арналған ғажайып таяқ (швабра) қолдану жағынан қарапайым әрі қолжетімді. Таяқты шелектегі себетке салып, тепкішекті басса болды, минутына 2600 айналым жасайтын центрифуга шүберекті өзі сығып береді. Тіпті еңкеюдің де қажеті жоқ. Өз осінде 360 градусқа шырқ үйірілетін «сиқырлы» таяқ қол жетпейтін жердің бәрін сүртіп береді. Микрофибрадан жасалған қондырғы, шүберекті сығатын центрифуга, кез келген бұрышқа бұрылатын стержень – осындай техникалық инновациялар бұл жинақты тазалық үшін күресте таптырмас құралға айналдырып үлгерді.
Жасасын микрофибра!
Айтпақшы, бүгінде үйдегі отағасының көйлек-көншегімен еден жуу – архаизм. Өнертапқыштар шаң сүртетін, еден жуатын арнайы материалды дүниеге әкелу үшін бекерге тер төгіп пе?! Қазір сәнге айналған «микрофибра» атауы ультражіңішке талшықтар өндірісіндегі технологиядан шыққан. Талшық диаметрі табиғи жібек талшығынан – 10 есе, мақтадан – 30 есе, табиғи жүннен – 40, ал адам шашынан 100 есе (!) жіңішке. Бір фунт (453 г) микрофибра талшығы жер шары экваторын он рет орап алуға жетеді. Ал нанотехнология жетістігі – химиялық құралсыз тазартатын губкалар ше? Олар да дүкенде толып тұр.
«Ақ келінге» айрықша құрмет
Кір жуу – үй шаруасындағы нағыз қара жұмыс (одан бала бағу ғана асып түсетін шығар). Сондықтан кір жуатын машинаны ойлап тапқан жандарға қыз-келіншектердің (ерлердің де) тарапынан айтылар алғыс шексіз. Ел аузында «ақ келін» деп еркелетіп ат қойған осы бір техника жетістігі, сөздің тура мағынасында айтқанда, адамзаттың «белін жазды». Бір өкініштісі, ауылдағылар оның қызығын онша көре алмай отыр.
Ұшқыр үтік
Археологтар кезінде екі жалпақ тастың арасында қыстырылған ескі шүберекті тауып алған. Сөйтсе, ол бұрынғы заманғы үтік екен. Бертініректе киімнің қыртысын кәдімгі оқтауға орап жазатын тәсіл шыққан. Салмағы 15 келіге дейін жететін, ішіне көмір шоқтарын салып қолданатын жетістік «жемісін» біз көрген жоқпыз. Оған да шүкір. Әйтпесе ішіне қызып тұрған көмір шоғын тастап, зіл батпан темірді ары-бері жылжытуға шамамыз келер ме еді, келмес пе еді. Қазір ондай үтіктің орны – мұражайда. Есесіне заманауи ұрпағы – қауырсындай жеңіл, ракетадай ұшқыр, су сеуіп, бу шашатын, өзі өшіп-жанатын кереметтің дәл өзі.
Ыдыс жуу да сөз болып па?
Ыдыс жуатын машина да нәзік жандардың көңілін жаулай бастады. Дегенмен ол тұрмысқа онша ендеген жоқ. Өйткені кербез келіншектердің еріншектігі сондай, құралды қосып жатқаннан гөрі, қолмен жуа салғанды оңай көреді. Мұнымыз бекер, мамандардың есептеуінше, ыдыс жуатын машина бір отбасының жылына 200 сағат уақытын үнемдейді. Оның үстіне машинада жуылған ыдыс-аяқ 1000 есе таза болып шығады.
Тобықтай түйін
Сондай-ақ бірнеше минутта азықты турап, сұйықты шайқап, қамырды илеп, етті ұсақтап турайтын ас үй комбайны, ет тартқыш, қысқа толқынды пеш, аэрогриль, блендер сияқты қол еңбегін азайтып, уақыт үнемдейтін құралдар ешкімге таңсық емес. Әйтеуір тұрмыстық техника жетістігіне ешкім кінә таға алмайды. Бірақ әлі күнге дейін үй шаруасына қисапсыз күш пен уақыт жұмсалады. Соңғы зерттеулерге сенсек, ақы төленбейтін үй еңбегі миллиардтаған құннан құралады. Оның үстіне үй еңбегі елдің ЖІӨ-де көрініс таппайды. Бірақ онсыз күн жоқ. Қалай болғанда да, техникалық прогресс үй жұмысын жеңілдетіп, әйел өмірін ұзартып келеді. Тек әлгіндей жетістіктермен тоқтап қалмаса болғаны.