Жақында ғана Қостанайдағы сүт фермасы сүт зауыттары өнімін алудан бас тартқандықтан, 30 тоннаға жуық табиғи сүтті төгуге мәжбүр болған.
Астанада өткен азық-түлік қауіпсіздігіне арналған конференцияда Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков кептірілген сүт ұнтақтарын «табиғи сүт» ретінде сататындарды сынға алып, дүкендердегі сүттердің тең жартысы Ресейден әкелінетін арзан ұнтақтардан жасалатынын, оны өндірушілер сүт қорабының сыртына «табиғи сүт» деп жазып, тұтынушыларды алдап келгенін айтты. Жақында ғана Қостанайдағы сүт фермасы сүт зауыттары өнімін алудан бас тартқандықтан, 30 тоннаға жуық табиғи сүтті төгуге мәжбүр болған. Өйткені зауыттарға табиғи сүтті сатып алғаннан гөрі, Ресейден әкелінетін арзан ұнтақты пайдаланып, соны табиғи сүт ретінде саудаға шығару тиімді болып отыр.
Өткен жылы Кеден одағының бізден өзге екі мүше елдері Ресей мен Белоруссия техникалық регламент жасау үшін сүт пен сүт сусындарының ара-жігін ажырату керек екендігі туралы мәселе де болған. Беларусь билігі бұл ретте «Ресейдің салық саясаты салдарынан бюджетіміз 1 млрд доллардай шығын көреді. Сондықтан Одақ аясында бізге отандық өндірісті қорғау үшін салықтық, тарифтік жеңілдіктер керек» дегенді өткен жылдың күзінде-ақ мәселе етіп көтеріп, Ресейден тауар тасуына қатысты тосқауыл қоятын заңды да қабылдауда шапшаңдық танытты. Ал біз мұндай әрекеттер жасауға әлі де асықпай отырмыз. Ет-сүт одағының төрағасы Иван Сауэр жыл сайын 5,5 млн тонна сүтті өзімізде өндірудің мүмкіндігі бар екенін айтады. Себебі бізде табиғи өнім жеткілікті. Бірақ сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын шағын және орта деңгейдегі шаруашылықтары қайта өңдеу технологиясымен қамтамасыз етілмеген.
– Біздің зауыт салынған кезде күніне 50 тонна сүт өндіруге арналған болатын. Алайда қазір тек 38 тонна өндіріп отырмыз. Сол үшін Үкіметтен де ескерту алдық. Жобалық қуаттылықты орындай алмай отырғандығымыздың себебі, жоспар бойынша зауытқа Еуропадан асылтұқымды ірі қара мал әкелінуі керек еді. Алайда Еуропадан мал алуға тыйым салынып, ол сиырлар алынбай қалды. Соның салдарынан толық қуатпен жұмыс істей алмай отырмыз. Ал енді жобалық қуатымызды ұнтақпен толықтыруға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Біздің ұстаным, өніміміз аз болса да, сапалы болсын, – дейді Иван Сауэр.
Қазақстан Сүт одағының мәліметтері бойынша, қазіргі таңда отандық сүт және сүт өнімдері халықты сапалы өнімдермен толық қамтамасыз ете алмайды. Өндірілген шикізаттың тек 13 бөлігі өнеркәсіптік қайта өңдеуден өткізіледі екен. Отандық кәсіпорындар оралған сүт өнімдерімен тұтынушылардың қажеттіліктерінің тек 27 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Оның ішінде экспорт көлемі 22 мың тонна болса, импорт 903 мың тоннаны құрайды. Осы сауылатын сүт көлемінен барлық қазақстандықтарды сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету көзделген. Өнеркәсіптік өңдеуге сүттің 30 пайызы ғана жетеді. Бұл сауда жүйелері арқылы халыққа жететін түрлі сүт өнімдерін өндіру үшін жеткіліксіз екен. Бізде табиғи сүт жетеді. Бірақ оны дер кезінде жинап алу қиын. Себебі ірі қаралардың басым бөлігі жекенің қолында. Әзірге іріленген шаруашылықтар, сүт қабылдайтын орындар аз әрі олар бір-бірінен алыс орналасқан. Ал оны бір жерден екінші жерге жеткізу үшін, біріншіден, жол шығыны кедергі болса, екіншіден, жаңа сауылған сүтті бұзылмаған күйде дер кезінде жеткізу тағы бар. Сондықтан кейде шалғайдағы шаруашылықтарға сүт өндіру тиімсіз болып қала беруде» дейді Қазақстандағы Сүт одағының сарапшысы Лидия Михеева.
Академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Көпмағамбет Елемесов бізде шикізат өнімдері жоқ дегенге сенбейтінін, мәселе бағада екенін айтады. 1 литр таза сүттің бағасы 60-70 теңге болса, 1 келі сүт ұнтағы 20-30 теңге. Жоғары жақтан қадағалау болмаған соң, сүт өндірушілерге дайын ұнтақты көсіп алып, судан сүт дайындай беру әлдеқайда тиімді. Ал қазіргі пайдаланып жүрген сүтіміздің басым бөлігі құрғақ сүт қана емес, оған қосылатын сүт майының орнына өсімдік майлары қосылады екен. Себебі өсімдік майлары сүт майына қарағанда 5-8 есе арзан. Сыртында «Қаймақ», «Сүзбе», «Ірімшік» деген атауы бар 19 сүт өнімінің құрамына тексеру жүргізілгенде, оның жетеуінің құрамы сыртында жазылған атауға сай болмай шыққан. Осыдан-ақ тұрғындардың қаймақ деп жүргені құрғақ ұнтаққа қосылған пальма майы мен сүттің дәмін келтіретін хош иіс қосылған ақ қоймалжың екенін байқау қиын емес.
– Қазақстан жағы өз мүддесін қорғамаса, елдегі сүт өнімін өндірушілер де, оны тұтынушылар да, тіпті сүтті қайта өңдеумен айналысатын шағын және орта бизнес те зардап шегуі әбден мүмкін. Себебі қазір шаруа қожалықтары өз алдына, жекелеген қолдағы үй шаруашылықтарындағы мал азығын реттеу, мал басын сақтау жайы – ауылдың басты проблемаларының бірі. Егер біз елде сүт өндірісін дамытқымыз келсе, осы мәселені ойластырғанымыз жөн. Асылтұқымды мал өсіріп отырған шаруашылықтарға ғана көңіл бөле бермей, шалғай ауылда жатқан үй-жайында мал өсіріп отырған, не жайылымдық жері жоқ, не мемлекеттік көмек ала алмайтын ағайынға септік тигізу қажет. Қазір үй-жайдағы мал өсіретін шаруаларға мемлекет дем беріп жіберсе, кейін мал басы қыстан аман шыққанда, шаруаларға өнім өндіруге мемлекеттік тапсырыс беру керек. Әрине, мемлекетке өткізілетін өнім бағамына қатысты тағайындау екі жаққа да тиімді болғаны жөн. Осылайша, ауылдағы ағайынды шағын кластерлік жүйеге бейімдемесек, біз біржола Ресейдің, Беларусьтың өніміне тәуелді болып, үнемі көршіден сүт сұрауға тура келеді, – дейді академик Көпмағамбет Елемесов.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ