Қазақстан отын ресурстарына бай ел бола тұра, мемлекетімізде жыл сайын қатты отын түрлерінің бағасы шарықтап барады. Ресми деректерге жүгінсек, соңғы үш жылдың ішінде елдегі отын бағасы жыл сайын 20 пайызға қымбаттап отырған. Мәселен, орташа есеппен 2009-2010 жылдары халық тұтынатын көмірдің құны 7-9 мың теңгенің айналасында болса, биыл бұл отынның бір тоннасы 12-13 мың теңгені маңайлап тұр. Тіпті қайсыбір сарапшыларымыз «егер отын өндірісіндегі ахуал тап осылай жалғаса беретін болса, көмірдің бағамы 110-120 долларға дейін жетуі мүмкін» деседі...
Елімізде көмір өндіретін 34 ірі компания жұмыс істейді. Біз жылына 100 миллион тоннаға жуық көмір отынын өндіреміз. Елімізде көмірдің барша түрлерінің 150-160 миллиард тонна жиынтық қоры бар. Бұл – әлемдегі 8-ші көрсеткіш. Әрине, дәйектемелерге қарап, жиынтық қоры мол, тұтынушыларын отын түрімен толыққанды қамтамасыз ете алатын ел екенімізге ешкімнің дау айта алмасы анық. Бірақ елдегі көмірдің құнына қарап қынжылмасқа тағы болмайды.
Мәселен, біздегі көмірдің кеніштен шыққандағы бастапқы бағасы тоннасына 1500-1700 теңгені құрайды. Ресми ақпараттар нақ осы көмірдің халықаралық биржаларға шығарылғандағы құны 20-25 долларға дейін ғана көтерілетінін көрсетіп отыр. Демек, бұл Қазақстан көмірінің құны сыртқа шығарылғанда аса қымбаттай қоймайды дегенді білдіреді. Ал енді осы өнім түрі отандық тұтынушының сұранысын қанағаттандыруға келгенде неге сонша қымбат? Есептеп көрсек, көмірдің бастапқы кеніштен шыққан құны мен сатылым құнының арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Себеп неде?! Бұл ретте экономист-ғалым Үсен АМАНБАЕВ былай деді:
– Жасыратыны жоқ, көмірдің бағасы жыл сайын шарықтап барады. Ал бұл сауалды көмірді тасымалдаушыларға қоятын болсақ, олардың бұған деген жауабы дайын. Қазірде көмір тасымалдаушылар елдегі көмір кеніштерінің апатты жағдайын, кеніштердің геологиялық бітімінің күрделілігін желеу етіп, өнім бағасын аспандатуды әдетке айналдырып алды. Мысалы, бізде 1 тонна көмір алу үшін жер қыртысының 5-6 текше метр топырағын тазалауың керек. Екібастұз кенішінде 1 тонна көмірге 2,5 текше метр, Қарағандыдағы Шұбаркөл кенішінде 4 текше метр қыртыстан келеді екен. Ал Қарағандыдан тоннасына 1600-1700 теңгемен шығатын көмір Алматыға жеткенде 10-12 мыңның үстіне шығып кетеді. Семейдің «Қаражыра» көмірі де Алматыға жеткенше 10-11 мың теңгеге аспандап кетеді. Бұған қоса, арадағы делдалдар халықтың қалтасына ауыр салмақ салуда. Көмір бағасының алты-жеті есеге дейін өсуіне бірден-бір себепкер – осы арадағы делдалдар. Меніңше, бұл ретте, арадағы делдалдан құтылып, көмір саудасының халыққа тиімді басқа жолдарын қарастыру керек. Ол үшін алдымен көмірді қабылдап алатын жекеменшік фирмалар мен оны өндірушілер ешқандай делдалсыз келісімшартқа отыруы шарт. Ал осы келісімдерге мемлекеттік құзырлы органдар жауаптылық танытып, оның ішінде монополияға қарсы жұмыс істейтін агенттіктер тасымалдау жағын жіті қадағалауға алуы тиіс.
Сөйтіп, маманның пайымдауынша, көмір саудасында алдымен делдалдардан арылғанымыз абзал. «Бұған мемлекеттік органдар атсалысып, қадағалау-бақылау істерін жүргізгенде саудаға өзіндік сипат енбек»... Әйтсе де қайсыбір мамандарымыз бір ғана делдалдардан құтылу мәселені байыппен шешпесін де алға тартып отыр. Бұған қатысты экономист-сарапшы Жасқайрат СҮНДЕТБАЕВ:
– Біздің елімізде кеніштерден шығатын көмірдің белгілі бір бөлігі экспортқа жіберіледі. Міне, осы жерде экспортқа іс жүзінде өткізілетін көмірдің көлемін негізге ала отырып, көмірдің әлемдік биржадағы құнына қарай экспортқа рента салығын есептеп енгізу керек. Рента салығының мөлшерлемелері, мәселен, мұнайдың әлемдік бағасына қарай 0 пайыздан (бір баррель үшін 20 АҚШ долларынан төмен баға кезінде) 32 пайызға дейін (бір баррель үшін 200 және одан жоғары баға кезінде) белгіленеді. Міне, осындай салық түрі енгізілгенде бір реттілік орнайды. Мұндайда шетке арзан күйінше шығарылып жатқан көмір мөлшеріне белгілі бір шектеу болады. Осыдан соң ол өнім ішкі нарыққа жол тартып, отандық саудада өнім түрі көбейеді де, баға өзінен-өзі қалыпқа түседі, – деді...
Бұған қоса, мамандар көмір өндірісінде тек өнімнің бағасы ғана емес, сапасы да көңілді алаңдатып тұрғанын жасырмады. Мысалы, бұл тұрғыда физика ғылымының докторы, профессор Насурлла БӨРТЕБАЕВ:
– Біз 1 млн тонна көмір жақсақ, оның құрамындағы 1 тонна трансуран элементтері түтін арқылы ауаға шығып, жерге келіп түседі де, ол жердің бетін ластайды. Оның негізі – көмірдің, мұнайдың құрамында трансуран изотоптарының табиғи таралуы. Бір ғана осы тұрғыдан алатын болсақ, көмірді жағу кезіндегі радиациялық деңгей соған қатарлас атом электр стансыларының қасындағы радиациялық деңгейден 40 есе артық. Егер мұны радиациялық қорқыныш есебінде сипаттайтын болсақ, атом электр стансыларының радиациялық деңгейі көмірді жағу кезіндегі бөлініп шығатын радиацияға қарағанда 40 есе кем екенін бағамдаймыз, – дейді.
Ойсалар: Сонымен түйіндей келе айтарымыз, мамандар біздің еліміздегі өндірілетін көмірлердің радиациялық изотоптардан толықтай тазартылмайтынын; осыдан барып көмірді жағу кезінде адам ағзасын улайтын заттар шамадан тыс бөлінетінін; сондай-ақ соңғы жылдары өнімнің құны шамадан тыс шарықтап кеткені соншалық, көмірдің құны қызуынан жоғары екенін жасырмайды. Қазір де қайсыбір кеніштерден алынатын көмірдің жану қабілеті тым мардымсыз екенін алға тартқан мамандар бұл жерде ұтылып, алданып, «әттеген-айлап» отырған бұқара халық екенін айтып қынжылады...
Рас, негізінде, айтылған ойлардың жаны бар. Өйткені қазірде қыстан қысылмай шығуды әлдеқашан ойластырып алған елдер көмірдің өзін хош иістендіріп, зиянды изотоптардан арылтып, арнайы әдемі қағаз қапшықтарға салып барып тұтынушыға ұсынатын болғалы қашан?! Біздің мұндай игілікті істен құр қалып отырғанымыз өкінішті-ақ... Осындайда біздегі тұтынушыға мұндай өнім түрін пайдаланудың ауылы әлі алыстау екенін амалсыз мойындауға тура келеді.