Жуырда Венада ішкі көлік қауіпсіздігіне арналған дөңгелек үстел өткізілді. Еуропа елдері қауіпсіздігі ұйымы (ОSСЕ) және БҰҰ Еуропа экономикалық комиссиясы (UNECE) ұйымдастырған жиынға халықаралық ұйымдардың сарапшылары, ғылыми қызметкерлер, көлік мекемелерінің өкілдері, 20 елдің көлік басқармасының қызметкерлері қатысты.
Еліміздегі көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қолға алынған шаралар, стратегиялық және ағымдағы міндеттер туралы Көлік және коммуникация министрлігі Әділет департаментінің директоры Арғын Ысқақбаев баяндап берді. Сондай-ақ ол ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуына ықпал ететін көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жүйе құру мақсатында министрлік тарапынан көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заң жобасы әзірленіп жатқанын хабарлады. Бұл жоба келесі жылы Парламентке жіберілмек.
Осы орайда еліміздегі көлік кешенінің Еуразиялық көлік жүйесіне кірігуі және көлік дәліздері жүйесін құру саланы дамытудағы басым бағыт ретінде белгіленгенін айту керек. Соған байланысты соңғы 10 жылда елдің көлік-коммуникациялық кешенін дамытуға 1,4 трлн теңге жұмсалды. Халықаралық қаржы институттарынан 4,2 млрд доллар көлемінде заем тартылды. Осы кезең ішінде тасымалданған жүк көлемі 1,5 есе – 2,5 млрд тоннаға артты. Көлік саласы мен көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатын жүзеге асыру үшін 2014 жылға дейін 2,8 трлн теңге бөлінген. Алға қойылған міндеттердің ішінде көлік-коммуникациялық кешеннің негізгі көрсеткіштерін ұлғайту, жүк тасымалы жылдамдығын 15-20 пайызға арттыру, ал халықаралық көлік дәліздерінде 20-30 пайызға арттыру көзделген. Осы міндеттер орындалған күнде тұрақты инфрақұрылымдық тізбек қалыптасады. Ол еліміз қатысатын халықаралық бағдарламалардың талабына сай. Атап айтқанда, ТРАСЕКА бағдарламасына. Министрлік мәліметінше, ел аумағында бес халықаралық көлік дәлізі өтеді. Олар – Трансазиялық теміржол магистралінің солтүстік және оңтүстік дәліздері, Орталықазиялық дәліз, «Солтүстік-Оңтүстік» және ТРАСЕКА (Шығыс Еуропа – Қара теңіз арқылы Орталық Азия), Кавказ және Каспий теңізі (Достық- Алматы – Ақтау бөлігінде).
Еуропалық комиссияның ТРАСЕКА жобасына еліміз 1993 жылдан бері қатысуда. Оның мақсаты – Еуропа-Кавказ-Азия халықаралық көлік дәлізін кезең-кезеңмен дамыту. Отандық көлік дәліздерінің тартымдылығын арттыру үшін көлік-логистикалық жүйенің жаңа тұжырымдамасы әзірленген. Осы саладағы ірі жобаның бірі – «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығы. Оның өткенде ғана іске қосылғанын білеміз. Сондай-ақ Ақтау порты – еліміздегі жалғыз теңіз айлағы. Ол халықаралық жүктерді, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған. 1999 жылы айлақ қайта құрылғаннан кейін жүк тасымалы жылына 1,55 млн тоннаға, ал мұнай жөнелту жылына 8 млн тоннаға жеткізілді. Бұл жұмыс әлі күнге дейін жалғасуда.
Тасымал туралы айтқанда көлік қауіпсіздігі мәселесі кесе-көлденеңдейтіні белгілі. Алайда өткен жылы ғана құрылған Бас көлік прокуратурасы көлік саласындағы заңдылықтың сақталуы, соның ішінде жерүсті көлік қозғалысы мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірталай кемшіліктерді анықтаған еді.
Мәселен, тексеру барысында 114 локомотив, 40-тан астам жолаушы пойызы және 1700 жүк вагонды пайдалануға тыйым салынды. Теміржолдағы қауіпсіздік шараларының сақталмауын Бас көлік прокуратурасы жүк және жолаушы пойыздарының тозығы жеткендігінен (70 пайыз) көреді. «Жолаушылық лизинг-вагон компаниясының» мәліметінше, теміржол көлігінде қызмет мерзімі 28 жылдан асып кеткен 400-ге жуық вагон бар. Сондай-ақ тексеру барысында теміржолда шіріген шпалдарды (кейбір учаскелерде 40 пайызға дейін), ескі рельстерді төсеу сияқты өрескелдіктерді де анықтады.
Өкінішке қарай, мұндай келеңсіз құбылыс теміржол ғана емес, әуе жолдары саласында да жетерлік. Әлбетте, әуе апатынан әлемдегі ірі компаниялардың өзі кепілдік бере алмайды. Бірақ тәуекелді азайтуға арналған ережелер бар. Тексеру көрсеткендей, бұл ережелерді отандық әуе компаниялары бұлжытпай сақтайды деуге келмейді. Жалпы, әуе көлігі саласында шешілмей жатқан түйткіл көп. Әуежайлардың техникалық жабдықталуы нашар, бейнебақылау жүйесінің жеткіліксіздігі, әуе қауіпсіздігі қызметі құрылмаған.
Сондай-ақ автокөлік жолдары саласында түйткіл көп. Рас, соңғы жылдары жағдай түзеліп келеді. Жол жөндеуге көп қаржы бөлінуде. Мәселен, биылғы жол бюджеті 340 млрд теңгені құрады. Соған қарамастан, бұл салада да түйткіл көп. Мамандардың айтуынша, жол апатының көбеюіне жол сапасының да тікелей қатысы бар.
Сонымен, еліміздегі көлік қауіпсіздігін дамытуға жетілген нормативтік-құқықтық базаның болмауы басты себеп дейтін Бас көлік прокуратурасы көліктің барлық түрлерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарлама қабылдануы тиіс екендігін ұсынып жүр. Онда көлік инфрақұрылымы нысандарын техникалық жағынан жабдықтау, кәсіби дайындықтан өткізетін жүйе құру, техногендік және табиғи сипаттағы қатерден қорғау шараларын ойластыру, көлік ішіндегі жолаушыларды құлақтандырып отыратын ақпарат жүйесін ұйымдастыру сияқты ұсыныстар айтылған. Әрі бұл шаралар тұрақты сипатта болуы тиіс. Еліміздегі көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған осындай ұсыныстар жоғарыда айтылған заң жобасында көрініс табады деген сенім бар. Өйткені жер көлемі бойынша әлемде 9-орында тұрған еліміз үшін көлік саласын дамыту – тек жүк тасымалын ұлғайту емес, бұл аймақтарды да өркендету, әлеуметтік мәселелерді шешу.
Көлік саласын дамытуда қауіпсіздік мәселесі шет қалмасын
Последние статьи автора