Киімді адам емес, сән тезірек тоздырады
Мұны айтқан Шекспир. Ал поляктың «Пшекруй» журналы «Сіз өмірдің не екенін білесіз бе? Бұл деген – қызыл шұлыққа қуанып үлгергеніңше, қара шұлықтың сәнге айналатыны» деп жазыпты. Сән-сылқымның қаншалықты тұрақсыз екенін айтқысы келгені бұл. Дардай «тігіншілердің» қолынан шыққан киім үлгілері жұрттың сілекейін шұбыртып, тамсандыратыны рас. Бірақ солардың көбін көшеге киіп шығуға дәтіміз бармайды-ақ. Әрі ондай қымбат дүниені бізге кім бере қойсын. Сондықтан базардағы қытай мен түріктің киім-кешегіне қол созғаннан басқа амал жоқ. Бірақ барахолка сәнімен бәсекеге түсетін өзге де сауда орындары бар екенін ұмытпаңыз.
Сэконд-хэнд «екінші қол» дегенді білдіреді. АҚШ пен Еуропа елдерінде (Ұлыбритания, Бельгия, Германия және т.б.) мынадай заң бар: қайырымдылық есебінде қажетсіз заттарды өткізсең, үкімет салығыңды жеңілдетеді. Кейде азғантай ақша төлеуі мүмкін. Тағы бір түрі – сауда орталықтарындағы арнайы контейнерлер. Оған дүкендер жаймасөреде (витрина) тұрған (оларды сатуға болмайды) киімдерді жібереді. Сөйтіп, мұндай заттар «отбасылық» және «контейнерлік» деп екіге бөлінеді.
Біріншісі қымбатырақ, өйткені сапасы жоғары, жаңалау. Екіншісі арзанырақ, арасында жаңасы да, тозығы жеткені де кездеседі.
Жиналған заттар тазалаудың бірнеше сатысынан өтеді. Ол үшін ыстық бу, залалсыздандыратын газ, аэрозоль және басқа да заттар қолданылады. Содан кейін 100 келілік қалталарға салынып, гигиеналық қауіпсіздік жөніндегі сертификат беріледі. Сөйтіп, Жер шарының түкпір-түкпіріне жол тартады. Келген жерінде сұрыпталған соң сэконд-хэнд-дүкендері өлшеп сатып алады.
Жұрт арасында «мұндай дүкендерге кедей-кепшік барады» деген пікір кең таралған. Бірақ ол – жаңсақ пікір. Дүкен сатушыларының айтуынша, табысы орташа отбасылар осы жерде киінгенді тәуір көреді екен. Қытайдың тауарына қарағанда сапалы әрі арзан. Базармен салыстырғанда, мұндағы дүниелер шынымен Дольче Габбана мен Арманидің қолынан шыққан.
Сондықтан азғантай тиын-тебенге ешкімде жоқ киімдерді таңдап алуға болады-мыс. Алда-жалда сэконд-хэндте сауда жасай қалсаңыз, үйге әкелген соң киімдерді міндетті түрде жуып-шаю керек. Өйткені онда залалсыздандырғыш газдың қалдықтары қалады әрі сұрыптау кезінде шаң-тозаң қонатыны тағы бар.
Ал егер мұндай дүкенге бас сұғуға жиренсеңіз, stock-дүкендері көңіл аударуға тұрарлық.
Stock ағылшын тілінен аударғанда «қор», «қоймада сақталған зат» дегенді білдіреді. Киім мен аяқкиім шығаратын фирмалардың бұрынғы коллекциядан қалған заттары сатылмайтын жағдай жиі қайталанады. Киім фирмалары арасында бәсеке күшті, сондықтан олар коллекцияны жиі ауыстыруға мәжбүр. Өтпей қалған қалдық киім көтерме бағамен сатылады. Дер кезінде сатылып үлгермегені болмаса, бұл – сапалы тауар. Сэконд-хэндтен айырмашылығы – киімдер киілмеген, жаңа. Көбіне жастарға арналған. Қазір stock-дүкендер сэконд-хэнді ығыстыра бастады. Әсіресе Алматыда көбейіп келеді.
Бутик, әлбетте, біздің бутиктер шетелдікімен салыстыруға келмейді. Көпшілік базар мен бутиктегі заттар егіз қозыдай ұқсас келетінін баяғыда байқаған. Бәрі өйтпейді, әрине. Бірақ кутюрьелердің қолынан шыққан «шын» дүниелер үшін, жалпақ тілмен айтқанда, «әкесінің құнын» сұрайды. Дегенмен қалтаңыз көтерсе, бутикте сауда жасау жүйкеңізді де, уақытыңызды да үнемдейтіні рас.
Қалай десек те, ақырғы шешім өзімізде. Әйтсе де сәнге ілесіп үлгермесек, ештеңе етпейді. Бірнеше жылдан кейін ол бізді өзі-ақ қуып жетеді.