Кеден одағы аясындағы баға демпингі мәселесін қалай шешуге болады?

Еліміздің шойын жолдары арқылы жүк тасымалы қызметін көрсетушілер «Кеден одағы аясындағы әріптесіміз – ресейлік тарап бағаны қасақана төмендетіп, бізге зиянын тигізіп жатыр» деп дабыл қағуда. Осы мәселе бойынша «Қазақстан теміржолы» АҚ Көлік және коммуникация министрлігінің назарын аудартқысы келсе, Жүк тасымалы операторлары вагондары қазақстандық қауымдастығы тікелей Үкіметке хат жолдаған екен. Жалпы, көршінің ортақ нарықтағы бәсеке додасында тәртіпті бұзып, баға демпингіне жол беруі бұл бірінші рет емес. Сонда бізге қайтпек керек?..
Арадағы баға демпингіне қатысты бұрқ еткен дау өткен жылы, негізінен, аграрлық, тамақ өнеркәсібі сала­сын­да орын алған болатын. Солтүстік көр­­­ші­мізге шекаралас жат­қан ірі қа­ла­­лардың ба­зары мен сауда же­лі­лерінде отандық тауарға құны жағы­нан бәсеке танытқан ресейлік өнім­­дер өз ота­нында сондай төмен ба­ғаға саудалан­бай­тын болып шық­қан еді. Яғни бұл арада ба­ғаны уа­­қыт­ша қасақана төмендетуге жол бе­ріл­ген. Мақсат – бәсекелестердің та­­­­уа­рын сауда сөресінен алып тастау, жер­­­гі­лікті кәсіпорын жұмысын тиімсіз ету. Әри­не, қарсы тарап ашықтан-ашық осылайша айқас тәсілін қол­да­нып жатқанда текке тұр­ған жараспас.
Сондықтан бұл мәселе былтыр күз­­де «Кеден одағы және ДСҰ: ке­ліс­сөз процес­тері туралы» атты та­қы­рыпта өткен Мәскеу-Ас­тана бей­не­кө­пірі ба­ры­сында да көтеріл­ген бо­латын. Сол кез­де Қазақстандағы Тау-кен өн­ді­ру және тау-металлургия кә­­сіп­орын­дары қауымдастығының ат­қарушы ди­­ректоры Николай Ра­дос­то­вец Бір­ыңғай эко­но­микалық ке­ңістік ая­сын­дағы монопо­лияға қарсы заң­наманы бір­­іздендіруді ұсы­нып еді. Нақтырақ айт­­қанда, арада мы­на­дай сөз болған: «Бірыңғай эконо­ми­ка­лық кеңістік аясындағы соңғы бір­не­ше ай бойына ресейлік ком­­­па­ниялар тара­пы­нан баға бо­йын­ша демпинг болып жатқа­нын байқап отыр­­мыз. Яғни ресейлік ком­па­­­­ния­лар біздің нарықта Ресейдегіден 20-30-40 пайыз төмен бағада өз та­уар­ла­рын саудалауда. Осы жағынан ал­­ғанда, отан­дық тауар өндіру­ші­лер­дің ша­ғымы бо­йынша Қазақстан тер­­ри­то­риясындағы ре­сейлік ком­па­ния­лар­дың бұл іс-әрекетін тер­геуге мүм­кіндік беретіндей Бірыңғай эко­номикалық кеңістік аясындағы моно­по­лияға қар­сы заңнаманы бір­із­ден­діру ке­рек се­кілді. Бұл жағдайды рет­теу қазақ­стан­дық тауар өн­ді­ру­ші­лер үшін өте ма­­­ңыз­ды. Соңғы кездері елі­міздегі Ре­сей им­порты 30 пайызға арт­қанын ста­тистика да ай­ғақтап отыр. Сол секілді Ресейдің бір­қа­тар ор­ганы тарапынан да тарифтік емес әре­кеттер орын алуда. Соның сал­да­рынан Ресей нарығындағы қазақ­стан­дық өнімнің үлесін арттыру мүм­кін болмай тұр».
Алайда сол жиында көршіміз атал­­ған мә­селені реттеуге құлықты емес екен­дік­те­рін білдіріп еді. Дә­лірек айт­қанда, сөздері сұйық боп шық­ты. Ре­сей Сауда-өнеркәсіп­тік па­ла­тасының ви­це-президенті Георгий Пе­тров: «Бұл мә­селе шешімі тек мо­но­по­лия­ға қарсы кү­рес органдары қыз­метіне ға­на бай­ла­нысты емес, бұл ара­да кәсіп­кер­лер­дің қауымдастығы мен бірлестігі ма­ңыз­ды рөл атқаруы тиіс, өйткені мен Қа­­зақстандағы мо­но­полияға қарсы ко­­митеттің құқығы мен функ­ция­сы қандай еке­нін біл­мей­мін, ал біз­дегі монополияға қар­сы агенттік бас­қа мемлекетте жұмыс істеп жатқан кә­сіпорындарды тіркей ал­­май­ды, тіпті олар­дың жағдайын са­раптауға да қа­қысы жоқ. Түсінесіз бе, егер сатушыға жә­­не сатып алу­шы­ға тиімді болып тұр­са, мем­лекет бұл мәселені шеше ал­май­ды» деп еді.
Ақырында сол кездегі бағаға қа­тысты мәселе ушықпай, белгілі бір деңгейде тұ­рақталған болатын. Бірақ араға көп уақыт салмай, бұл мәселе бүгіндері жүк тасы­малы саласында көрініс тауып отыр. Таяу­да «Қазақстан теміржолы» АҚ ресейлік ком­па­ния­лардың агрессивті демпингілік сая­са­тын жоюды, керісінше, жергілікті опе­ра­торларға артықшылық беруді өті­ніп, Кө­лік және коммуникация ми­нистр­лігіне хат жол­дапты. Ал Үкімет бас­шысы Серік Ах­метов­тен Жүк тасы­малы операторлары ва­гон­дары қа­зақ­стандық қауымдастығы отан­дық паркті (жекеменшік 50 мыңнан ас­там вагонға ие) пайдалануды ынталан­ды­рушы артықшылықтарды қарас­ты­ра­тын же­ңілдік  жүйесін әзірлеуді сұ­рапты. Әзірге Үк­і­мет тарапынан бұл мә­селе шешіміне байланысты ресми мә­лімдеме жасалма­ған. Соған қа­рамастан ресейлік тарап бі­рін­ші бо­лып байбалам салып үлгеріп жа­тыр. Атын атап, түсін түс­­­­те­меуді сұраған те­мір­жол жылжымалы құрама­сы­ның ком­мер­циялық емес әріп­тестігінің бес мү­ше-опера­торы (ресейлік) өз­де­ріндегі ба­с­па­сөз­ге «Қа­­зақстанда жүк тиеу құ­жатын тір­­кете ал­май отыр­­ға­нын, «Қазақстан те­мір­жолы» АҚ өзінің енші­лес компаниясы – «Қаз­­транс­­­сер­вис­тегіден» (мен­ші­гін­де 23,5 мың вагон бар) бас­қа барлық опера­тор ва­­гон­дарға жүктерді та­сы­­мал­дау­ға ты­йым салыпты-мыс, біз­дің құқығымыз шек­тел­ді, Бірыңғай эко­но­микалық ке­­­ңіс­­тік­тің ти­гізер пай­­дасы қайда?» деп ком­­­ментарий бе­­­ріпті. Бірақ біз сұ­растырған ре­сей­лік ірі опе­раторлар мұн­­дай шектеуге ұрынба­ған­дарын айтып отыр.
Қалай дегенмен де, теміржолдың жүк қыз­меті саласындағы баға дем­пин­гі мә­селесін қозғаған РБК dаily ин­тернет-басы­лы­мына берген сұх­батында ресейлік са­рап­шы, «IN­FO­Li­ne-Аналитика» агенттігінің басшысы Ми­хаил Бурмистров көрші опе­ра­тор­лар тарапынан бағаға қатысты ала­лау­шылық барын, шынымен де, мо­йын­даған екен.
– Ресейге кері қайтқанда бос ва­гонды тол­тырып ала кету олар үшін тиім­ді. Ар­найы кеңсесі болмаған­дық­тан, қазақстан­дық вагондар бұлай жа­сай алмайды. Тиім­ді баға ұсынысы осы­дан келіп шығады. Бұл мәселе екі фактормен байланысты: Қазақ­стан нарығына емін-еркін енуге мүмкіндік бе­ретін Бірыңғай экономикалық ке­ңіс­тіктің құрылуы және Ресей темір­жо­лында басы ар­тық жартылай вагондар мен мұнай құю­шы цистерналардың бо­луы, – дейді ол. Яки біздікілер кө­те­ріп отырған мәселеге негіз бар. Әрине, оны реттеу үшін Кеден ода­ғы аясындағы тетіктерді пайдалану ке­рек-ақ. Сондықтан отандық мамандар Бір­ың­ғай экономикалық кеңістік шеңберінде туын­даған дауды тек Үкіметтің ғана ара­ласуы­мен шешуге болатынын бірауыздан айтады.

МӘСЕЛЕГЕ КӨЗҚАРАС
Тимур Назханов, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті:
– Кеден одағы елдеріндегі бағаның әртүрлілігі отандық өндіріске кері әсер ететіндігін біз осы ортақ экономикалық кеңістікке енгенге дейін болжап айтқан болатынбыз. Сондықтан шағын және орта бизнестің алдынан шығатын барлық әкімшілік кедергілерді азайтып, түрлі тексерулердің санын қысқартып, осы саладағы сыбайлас жемқорлықтың жолын жабу өзекті мәселе болып табылады.  Тауардың өзіндік құнына әсер ететін тариф секілді мәселе де шешілмеді. Әрине, одан кейін отандық өндірістегі тауардың өзіндік құны қымбат болып, баға жағынан аталған одақ аясындағы әріптестеріне бәсекелестік таныта алмайды. Мәселен, Белоруссия бұрынғы жоспарлы экономика саясатын ұстанады. Бизнеске мемлекет жоғары деңгейде жеңілдіктер жасайды. Сондықтан олардың кәсіпорындары ірілене түседі. Бұл да – бәсекелестікке қарсы тұрудағы бірден-бір фактор. Сол секілді нарықта демпинг деген тәсіл бар. Яғни Ресей мен Белоруссия өз нарығымыздан отандық компанияларды тықсыру үшін тауарын белгілі бір мерзімге дейін қасақана арзанға қояды. Осы жағынан алғанда, бұл арада Үкімет тарапынан қандай да бір шаралар қабылдану керек. Оның басқа амалы жоқ.

Құнанбай Тобатаев, қаржыгер-маман:
– Басында Кеден одағы аясындағы сауда қарым-қатынастары, тарифтер бойынша біріздендіру құжаттары түзілгенде осындай мәселелерге онша көңіл бөлінбеген секілді. Әрине, содан кейін таяқ отандық кәсіпкерлерге келіп тиіп жатыр. Сондықтан «Көш жүре түзеледі» деген қағиданы басшылыққа алып, құқықтық құжаттарға тәжірибедегі кемшіліктерді ескере отырып, түзетулер міндетті түрде енгізу керек деп ойлаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста