Кеден одағы аясындағы баға демпингі мәселесін қалай шешуге болады?
Еліміздің шойын жолдары арқылы жүк тасымалы қызметін көрсетушілер «Кеден одағы аясындағы әріптесіміз – ресейлік тарап бағаны қасақана төмендетіп, бізге зиянын тигізіп жатыр» деп дабыл қағуда. Осы мәселе бойынша «Қазақстан теміржолы» АҚ Көлік және коммуникация министрлігінің назарын аудартқысы келсе, Жүк тасымалы операторлары вагондары қазақстандық қауымдастығы тікелей Үкіметке хат жолдаған екен. Жалпы, көршінің ортақ нарықтағы бәсеке додасында тәртіпті бұзып, баға демпингіне жол беруі бұл бірінші рет емес. Сонда бізге қайтпек керек?..
Арадағы баға демпингіне қатысты бұрқ еткен дау өткен жылы, негізінен, аграрлық, тамақ өнеркәсібі саласында орын алған болатын. Солтүстік көршімізге шекаралас жатқан ірі қалалардың базары мен сауда желілерінде отандық тауарға құны жағынан бәсеке танытқан ресейлік өнімдер өз отанында сондай төмен бағаға саудаланбайтын болып шыққан еді. Яғни бұл арада бағаны уақытша қасақана төмендетуге жол берілген. Мақсат – бәсекелестердің тауарын сауда сөресінен алып тастау, жергілікті кәсіпорын жұмысын тиімсіз ету. Әрине, қарсы тарап ашықтан-ашық осылайша айқас тәсілін қолданып жатқанда текке тұрған жараспас.
Сондықтан бұл мәселе былтыр күзде «Кеден одағы және ДСҰ: келіссөз процестері туралы» атты тақырыпта өткен Мәскеу-Астана бейнекөпірі барысында да көтерілген болатын. Сол кезде Қазақстандағы Тау-кен өндіру және тау-металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы монополияға қарсы заңнаманы біріздендіруді ұсынып еді. Нақтырақ айтқанда, арада мынадай сөз болған: «Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы соңғы бірнеше ай бойына ресейлік компаниялар тарапынан баға бойынша демпинг болып жатқанын байқап отырмыз. Яғни ресейлік компаниялар біздің нарықта Ресейдегіден 20-30-40 пайыз төмен бағада өз тауарларын саудалауда. Осы жағынан алғанда, отандық тауар өндірушілердің шағымы бойынша Қазақстан территориясындағы ресейлік компаниялардың бұл іс-әрекетін тергеуге мүмкіндік беретіндей Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы монополияға қарсы заңнаманы біріздендіру керек секілді. Бұл жағдайды реттеу қазақстандық тауар өндірушілер үшін өте маңызды. Соңғы кездері еліміздегі Ресей импорты 30 пайызға артқанын статистика да айғақтап отыр. Сол секілді Ресейдің бірқатар органы тарапынан да тарифтік емес әрекеттер орын алуда. Соның салдарынан Ресей нарығындағы қазақстандық өнімнің үлесін арттыру мүмкін болмай тұр».
Алайда сол жиында көршіміз аталған мәселені реттеуге құлықты емес екендіктерін білдіріп еді. Дәлірек айтқанда, сөздері сұйық боп шықты. Ресей Сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті Георгий Петров: «Бұл мәселе шешімі тек монополияға қарсы күрес органдары қызметіне ғана байланысты емес, бұл арада кәсіпкерлердің қауымдастығы мен бірлестігі маңызды рөл атқаруы тиіс, өйткені мен Қазақстандағы монополияға қарсы комитеттің құқығы мен функциясы қандай екенін білмеймін, ал біздегі монополияға қарсы агенттік басқа мемлекетте жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды тіркей алмайды, тіпті олардың жағдайын сараптауға да қақысы жоқ. Түсінесіз бе, егер сатушыға және сатып алушыға тиімді болып тұрса, мемлекет бұл мәселені шеше алмайды» деп еді.
Ақырында сол кездегі бағаға қатысты мәселе ушықпай, белгілі бір деңгейде тұрақталған болатын. Бірақ араға көп уақыт салмай, бұл мәселе бүгіндері жүк тасымалы саласында көрініс тауып отыр. Таяуда «Қазақстан теміржолы» АҚ ресейлік компаниялардың агрессивті демпингілік саясатын жоюды, керісінше, жергілікті операторларға артықшылық беруді өтініп, Көлік және коммуникация министрлігіне хат жолдапты. Ал Үкімет басшысы Серік Ахметовтен Жүк тасымалы операторлары вагондары қазақстандық қауымдастығы отандық паркті (жекеменшік 50 мыңнан астам вагонға ие) пайдалануды ынталандырушы артықшылықтарды қарастыратын жеңілдік жүйесін әзірлеуді сұрапты. Әзірге Үкімет тарапынан бұл мәселе шешіміне байланысты ресми мәлімдеме жасалмаған. Соған қарамастан ресейлік тарап бірінші болып байбалам салып үлгеріп жатыр. Атын атап, түсін түстемеуді сұраған теміржол жылжымалы құрамасының коммерциялық емес әріптестігінің бес мүше-операторы (ресейлік) өздеріндегі баспасөзге «Қазақстанда жүк тиеу құжатын тіркете алмай отырғанын, «Қазақстан теміржолы» АҚ өзінің еншілес компаниясы – «Қазтранссервистегіден» (меншігінде 23,5 мың вагон бар) басқа барлық оператор вагондарға жүктерді тасымалдауға тыйым салыпты-мыс, біздің құқығымыз шектелді, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің тигізер пайдасы қайда?» деп комментарий беріпті. Бірақ біз сұрастырған ресейлік ірі операторлар мұндай шектеуге ұрынбағандарын айтып отыр.
Қалай дегенмен де, теміржолдың жүк қызметі саласындағы баға демпингі мәселесін қозғаған РБК dаily интернет-басылымына берген сұхбатында ресейлік сарапшы, «INFOLine-Аналитика» агенттігінің басшысы Михаил Бурмистров көрші операторлар тарапынан бағаға қатысты алалаушылық барын, шынымен де, мойындаған екен.
– Ресейге кері қайтқанда бос вагонды толтырып ала кету олар үшін тиімді. Арнайы кеңсесі болмағандықтан, қазақстандық вагондар бұлай жасай алмайды. Тиімді баға ұсынысы осыдан келіп шығады. Бұл мәселе екі фактормен байланысты: Қазақстан нарығына емін-еркін енуге мүмкіндік беретін Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуы және Ресей теміржолында басы артық жартылай вагондар мен мұнай құюшы цистерналардың болуы, – дейді ол. Яки біздікілер көтеріп отырған мәселеге негіз бар. Әрине, оны реттеу үшін Кеден одағы аясындағы тетіктерді пайдалану керек-ақ. Сондықтан отандық мамандар Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде туындаған дауды тек Үкіметтің ғана араласуымен шешуге болатынын бірауыздан айтады.
МӘСЕЛЕГЕ КӨЗҚАРАС
Тимур Назханов, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті:
– Кеден одағы елдеріндегі бағаның әртүрлілігі отандық өндіріске кері әсер ететіндігін біз осы ортақ экономикалық кеңістікке енгенге дейін болжап айтқан болатынбыз. Сондықтан шағын және орта бизнестің алдынан шығатын барлық әкімшілік кедергілерді азайтып, түрлі тексерулердің санын қысқартып, осы саладағы сыбайлас жемқорлықтың жолын жабу өзекті мәселе болып табылады. Тауардың өзіндік құнына әсер ететін тариф секілді мәселе де шешілмеді. Әрине, одан кейін отандық өндірістегі тауардың өзіндік құны қымбат болып, баға жағынан аталған одақ аясындағы әріптестеріне бәсекелестік таныта алмайды. Мәселен, Белоруссия бұрынғы жоспарлы экономика саясатын ұстанады. Бизнеске мемлекет жоғары деңгейде жеңілдіктер жасайды. Сондықтан олардың кәсіпорындары ірілене түседі. Бұл да – бәсекелестікке қарсы тұрудағы бірден-бір фактор. Сол секілді нарықта демпинг деген тәсіл бар. Яғни Ресей мен Белоруссия өз нарығымыздан отандық компанияларды тықсыру үшін тауарын белгілі бір мерзімге дейін қасақана арзанға қояды. Осы жағынан алғанда, бұл арада Үкімет тарапынан қандай да бір шаралар қабылдану керек. Оның басқа амалы жоқ.
Құнанбай Тобатаев, қаржыгер-маман:
– Басында Кеден одағы аясындағы сауда қарым-қатынастары, тарифтер бойынша біріздендіру құжаттары түзілгенде осындай мәселелерге онша көңіл бөлінбеген секілді. Әрине, содан кейін таяқ отандық кәсіпкерлерге келіп тиіп жатыр. Сондықтан «Көш жүре түзеледі» деген қағиданы басшылыққа алып, құқықтық құжаттарға тәжірибедегі кемшіліктерді ескере отырып, түзетулер міндетті түрде енгізу керек деп ойлаймын.