Әлемдегі дамыған елдердің көпшілігінде Исламдық банк жүйелері өте қарқынды жұмыс істейді. Қаржы секторының бұл бағыты дәстүрлі банк жүйелеріне тың жаңалық болмасы анық. Сөйте тұра, осы құрылымға тосырқай қарайтындар да жоқ емес. Қасаң көзқарастың көпшілігі бұл жүйені жете түсінбеуден қалыптасқан. Мәселен, «Исламдық банктер тек намаз оқитындарға ғана көмек береді» немесе «өзге дін өкілдері бұл жүйенің игілігін көре алмайды» деген секілді «аңыздардан» аяқ алып жүргісіз. Бұл түсінік – Азия мен Еуропаға ортақ түсінік.
Дәстүрлі банк жүйелерінде, ең алдымен, өте жоғары үстеме пайызбен, екіншіден, кепіл болған жағдайда ғана қызмет көрсете алады. Қаржы бөлудің бұл жүйесі ежелгі Ұрым мен Бабыл заманынан келе жатыр. Заман өзгеріп, қоғамдық құрылым ауысқан соң, заманға сай қызмет көрсету түрлері де өзгеретіні ешкімге жаңалық емес. Бірақ осы қағиданы місе тұтпайтын қаржы институттарының қалжырағаны соншалық – қаражат дағдарысын басынан кешіріп отыр. Мысалы, дағдарыс алғаш басталған кезде, яғни 2007 жылы АҚШ-тағы ең ірі банктердің төртеуі екінші деңгейдегі жұмыс режиміне ауысып, бірнеше аймақтық өкілдігін жапты. Бұл – ілгерілеудің емес, кері кетудің нышаны. Ал тура осы тұста Канада, Австралия, Ұлыбритания елдерінде Исламдық қаржы секторының ауқымы кеңейген еді. Көзге ұрып тұрған көрсеткішке мән бергісі келмейтін адамдар тобы көп болғанымен, олардың қарсылығына қарап қалған ешкім жоқ. Қазақ даласына да Ислам қаржы институттары осы дағдарыстың «дүрілдеп» тұрған шағында аяқ басты. 2008 жылы ашылған «Әл Хилал банк» жүйесі – бұл сөзімізге дәлел.
Ислам дінінде біреудің үстінен өсімге ақша алу үлкен күнәға жатады. Сондықтан осы салаға машықтанған экономист мамандар, шариғат ғалымдары бас қосып, пайызсыз банк жүйесін ойлап тапты. Аталмыш жүйе туралы ақпары жоқ адам «бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» немесе парадокс деп ойлауы мүмкін. Әдепкіде біз де солай ойлағанбыз. Жігін таратып бажайлап көрсек, мұнда мүлде басқа ұстаным жұмыс жасайды екен. Қаржы көзінің негізгі құралы – мұнда үлескерлік. Бұл жүйеде де несие бар. Бірақ мұндағы несиенің дені гранттық негізде жұмыс істейді. «Ақшаны өсімге бердім, төлей алмаса, кепілге қойған мүлкі – қолымда» деп сазарып отыратын дәстүрлі банктегідей емес, бәрі басқаша. Егер қандай да бір кәсіпкер өзінің шаруасын дөңгелеткісі келсе, Ислам қаржы орталықтарынан несиені мынадай жолмен ала алады. Алдымен екі тараптың арасында үлескерлік туралы келісім жасалады. Сол келісімшарт негізінде екі тараптың алатын пайдасы мен бөлісетін үлесі есептеледі. Жұмсалған қаражаттың барлығы толық қайтарылған жағдайда банк өзінің үлескерлігін тоқтатады. Егер кәсіпкердің бизнесі жүрмей қалса, шығынды екі жақ бірдей көтереді. Мұндай әділетті шешімнің орын алуы мүмкін емес дейтін скептикалық көзқарастағы дәстүрлі банк өкілдері Ислам қаржы орталықтарын өздеріне бәсекелес санайды. Түсінбестік те осы жерден орын алады. Бірінің жұмыс тәсіліне екіншісінің қызмет құралы сәйкеспегендіктен бұл тараптар бір үстел басына қосылып жұмыс істей алмайды деп ойлайды. Егер дәстүрлі қаржы секторлары келісім беріп жатса, Ислам қаржы орталықтары бірліктің туын бірге көтеруге қарсы емес. Сонымен қатар ИҚО әріптестік байланысты нығайту мақсатында көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы секторларын дамытуға және ауыл мен аудан көлеміндегі шикізаттық емес салалар өнеркәсібін, ғылым мен технологияларды дамытуға, қаржы секторын, өңіраралық ынтымақтастықты әртараптандыруға жәрдемдесетін болады.
Ерлан БАЙДӘУЛЕТ, индустрия және жаңа технологиялар министрінің экономикалық кеңесшісі, Қазақстанда ислам қаржысын дамыту ассоциациясының төрағасы:
– Қазақстанда бұл сектордың толыққанды жұмыс істеуіне біз алдымен мүмкіндік жасауымыз керек, содан кейін ғана жемісін күтуімізге болады. Дәл қазіргі таңда бұл жүйе қаржы секторының біз үшін жаңа саласы деуге келмейді. Себебі біздің арамызда осыған дейін де қалыпты тәжірибе алмасулар болған. ИҚО адамға пайдалы өндірісті немесе бизнесті толығымен қолдайды, қаржыландырады. Егер қандай да бір бизнес-жоспарыңызды жүзеге асыру ойыңызда болса, онда банк мүшелеріне осы жобаңызды таныстырыңыз. Жан-жақты зерттеу нәтижесінде сіздің жобаңызға қаражат бөлетінін немесе бөле алмайтынын ескертеді. Егер бөлсе, онда сіздің бизнесіңіздің дамуына, өркендеуіне сізбен бірдей мүдделі болады. Әзірге «Әл Хилал банк» тек қана ірі өндіріс орындарымен жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта шағын және орта бизнеске назар аударады деген ойымыз бар. Өзім ауылшаруашылық саласына Ислам қаржыландыру жүйесін қолдануды бастағанымызға қуаныштымын. Қазір біртіндеп ақша бөлініп жатыр.
Исламда пайыз деген ұғым жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Себебі бұл математикалық термин және оны тұтас құрылымнан алып тастай алмайсыз. Мысалы, бір жобаға екі жақ ақша шығарады және одан түскен пайданы да бөліседі. Сонда сен мынанша пайызын ал деп айтуға болады ғой. Сондықтан математикалық пайыз ұғымы мен шариғи өсім ұғымын шатастырмау керек. Ислам қаржыландыру жүйесінде мені таңғалдырған нәрсе – ешқандай қосымша өсімақының қосылмауы. Әрине, өзінің көрсеткен қызметінің ақысын алады. Себебі исламда әрбір жасалған еңбектің өтемі болуы керек. Бір қызығы – бұл жүйеде банк өзінің үлескеріне ақша бере отыра, оған борышкер ретінде емес, тең дәрежедегі әріптесі ретінде қарайды. Қаржыландырудың мұндай жолы ашылмай жатып жабылып қалатын бір күндік өндіріс орындарының болмауына кепілдік береді. Есесіне, өміршең жобалардың әрі қарай дамуына ықпал жасайды. Бір сөзбен айтқанда, нарықтың сұранысы мен ұсынысы жан-жақты зерделенеді. Соның нәтижесінде экономиканың өсу қарқыны жеделдейді.
Исламдық қаржыландыруда жобаның нарықтағы пайдасына көңіл бөлінеді. Егер сіз пайдасыз саудаға қаражат сұрасаңыз, оның кімге қажеті болуы мүмкін. Шыққан шығынның 20-30 пайызына пайдаңыз жетпесе, онда сіздің кәсібіңіз табысты кәсіп қатарына жатпайды. Сол себепті бұл жүйе адамдарды болмашы табысқа алданып, шығынға малшынудан сақтайды. Ислам даму банкінің беретін қаржысы негізі гранттан басталады. Егер грант болса, аты айтып тұрғандай, үстіндегі пайызын да алмайды, үлеске де кірмейді. Тек өзінің шығарған шығынын сонымен бірге көрсеткен қызметіне ғана ақы алады. Әділеттілік те – осында. Сіз бизнеске жаңадан келген адамсыз, бірақ қолыңызда қаражат жоқ. Мұндай жағдайда біздің дәстүрлі банктеріміз сізді тонауға дайын тұрады (әрине, сөздің ауыспалы мағынасында айтып тұрмын). Егер сіздің жобаңыздан ешқандай пайда түспесе, ИДБ кешіреді. Содан кейін сотқа да сүйремейді. Жалпы, әлемдегі ислам банктерінің жұмыс жасау тәсілі адамды мейірімділікке тәрбиелейді. Сондықтан бұл жерде әр жобаның жеке-жеке келісімшарты болады. Осы орайда айта кетейін, ИҚО-ның ауылшаруашылық саласына көңіл бөлуі – қуантарлық құбылыс. Қазақстандағы аграрлық секторға осындай әлемдегі қуатты қаржы құрылымының көңіл бөлуі – өте маңызды әрі жауапты іс.
Ислам қаржы институттары келген жағдайда ислам ипотекасы да келеді. Егер ИҚО-ның екінші деңгейдегі банктері қазақ даласында ашылатын болса, онда бұл құрылымның ұсынатын қызметінің біріншісі осы ипотека мәселесі болады. Әзірге «Әл Хилал банкке» шағын және орта бизнес керек болып тұрған жоқ. Сондықтан оларға төменгі және орта деңгейдегі әлеуметтік құрылымның да тұрмыстық жағдайы қатты маңызды емес. Өйткені ол – әу бастан үлкен бизнес өкілдерімен жұмыс жасауға бейімделген банк. Осындай мәселелерді ескерген ислам экономистері жақын күндері бұл түйткілдің шешімін табады деп сенемін. Осы екі күнгі келіссөз барысында мәлім болғандай, екінші деңгейдегі ислам банктері келесі жылдың бірінші немесе екінші жартысынан бастап іске қосылатыны анық.
Біздің ойымызша, дәстүрлі қаржы секторы мен ислам қаржы секторы ешқашан бір-бірімен бәсекелес бола алмайды және бірге жұмыс жасай алмайды. Себебі дәстүрлі банк өкілдері тек ақшадан ақша жасап үйреніп қалған. Ал Ислам қаржы секторы өндіріспен тығыз байланысты. Тек қана ақша табуға негізделген құрылым бүкіл әлемді дағдарысқа әкеліп отыр. Сондықтан банк құрылымын осы бағытқа қарай ауыстыру керек шығар. Ақша басты орында болған кезде тұтынушы мен клиенттің жағдайы ешкімді қызықтырмайды. Ислам қаржы жүйесінде қиындықты та, қуанышты да банк бірге бөліседі.
Ислам қаржы институты қандай құрылым?
Последние статьи автора