Тапшылық тартып отырмыз. Темір мен йодтан. Бұл күрделі мәселенің көтерілгеніне де біршама уақыт болды. Бірақ түбегейлі шешімін табар түрі жоқ. Адам ағзасына аса қажетті дәрумендер - темір мен йодтың жетіспеушілігінен түрлі аурулардың белең алатынын ғалымдарымыз әлдеқашан-ақ дәлелдеп қойған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше елімізде халықтың 65 пайызы йод тапшылығынан зардап шегуде. Оның ішінде осы жетіспеушіліктен туындайтын зоб, қаназдық аурулары жыл жылжыған сайын арта түсуде. Аяғы ауыр әйелдердің 85 пайызы қаназдық ауруынан зардап шегеді. Йод тапшылығынан туындайтын ауруларды емдеу үшін еліміз жыл сайын ішкі өнім өндіруден 5 пайыз қаржы жоғалтады екен... «Алаш айнасы» осы тақырыпта ой қозғайды.
Сыртқы қорапшасына «йодталған» деп жазылған тұз атаулының бәріне сене беруге болмайды. Қарапайым ғана мысал, қалтаға салынған тұзды ашқан кезде бірден йодтың иісі аңқып қоя береді. Бірақ, бәрін де солай дей алмайсыз. Кейде тіпті йодталмақ түгілі жуылмаған, арасында қыл-қыбыры аралас, лас тұздардың сатылымға түсетіні де рас. Сыртындағы жазуы жалған болып шығатыны бар. Расында «ас арқауының» йодталған, йодталмағанын қалай ажыратамыз? Кеңес заманында тұз шығаратын зауыттар технологияны қатаң сақтайтын. Сондықтан да ол кездері йод тапшылығы аса байқала қоймайтын. Бертін келе өндірістің технологиялық жүйесінен бұл талаптар «түсіп» қалды. Оның үстіне жекеменшік тұз өндірумен айналысатындар көбейді. Артық шығын шығарғысы келмейтіндер йодпен «байытып» қайтсін?! Оның үстіне соңына шам алып түсіп, қалай өндіріп жатқанын тергеп, тексеріп отырған орган тағы жоқ. 2005 жылы ЮНИСЕФ өкілдерінің бастамасымен еліміздің ірі қалаларында тұз құрамына зерттеу жүргізілген болатын. Жағдай жаға ұстатарлықтай болып шықты. Түркиядан және Белоруссиядан әкелінген тұздардың құрамында мүлде йод жоқ екен. Ресейліктер «анттарына адал екендіктерін» бұл жолы да дәлелдеді. Олардың тұздары талапқа сай болып шықты. Тағамның татымын шығаратын тұздың йодпен байытылған, байытылмағына жыл сайын болмаса да, жыл аралатып тексеру жүргізіп тұрған әбден дұрыс-ақ.... Осыдан екі жыл бұрын Ташкентте Орталық Азияның тұз өндірушілерінің екінші аймақтық кездесуі өткен болатын. БҰҰ Балалар қоры, Бүкілдүниежүзілік банк, Азия Даму банкі және Еуропаның, Азияның бірқатар елдерінің қатысуымен өткен шараны Орталық Азия мемлекеттері тұз өндірушілер қауымдастығы ұйымдастырған еді. Әрине, Орталық Азия елдері үшін сапалы йодталған тұз өндірісі өзекті проблемалардың бірі болып келеді. Әрі болып қала да береді. Осы елдердің құрлықтық орналасуына және экологиялық проблемаларына байланысты йод жетіспеушілігі көрсеткіштері өте жоғары, Соның салдарынан түрлі аурулардың туындауына әкеп соғатыны жасырын емес. Дәрігерлер мұны растап отыр. Аймақтың барлық елдерінің дәрігерлері ұн мен тұзда темір мен йодтың жетіспеушілігі проблемаларымен айналысып, шешімін табуға тырысып бағуда. Осы мәселені шешу үшін Азия Даму банкі Орталық Азия үкіметтерімен жасалған жоба ауқымында «Азық-түлік сапасын тиісті қоспалармен құнарландыру» грантын жүзеге асыруға кіріскен болатын. Осы жобаның аясында аймақтың Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты төрт елі мен Моңғолияда ұнды құнарландыру қолға алынды. Алайда оны тұтынуға көпшіліктің қолы жете бермейді. Ағзаға қажетті дәрумендермен байытылған өнімдерді пайдаланғаннан гөрі қара базардан сапасы күмәнді өнімдерді алатындар көп...
Бүгінде елімізде тұз өндірісімен екі кәсіпорын айналысады. Бірі бәрімізге белгілі «Аралтұз», екіншісі «Павлодарсоль». Ішкі нарықтың 60-70 пайызын «Аралтұз» қамтамасыз етеді. Аралдықтардың тұзы адал. Өйткені аралдың тұзын пайдаланатындардың арасында «йод жоқ» деп арызданушылар мүлдем жоқ екен. Бүгінде Қызылорда облысындағы «Аралтұз» акционерлік қоғамының ас тұзын шығаратын зауытын жаң-ғырту жобасы қолға алынды. Мұнда құны 750 миллион теңге тұратын жоба бойынша «Экстра» мар¬ка¬лы тұз шығару зауытын жаңарту көзде¬лу-де. Ондай жағдайда жоғары сапалы тұзды тұтынатын боламыз. Арал өңірін зерттеген ғалымдар әлі 11 миллион тонна тұз бар деген болжам жасаған-ды. Демек, тұздан тапшылық тартпаймыз деген сөз. «Аралтұз»-ға айтар өкпеміз жоқ.
Бірақ көңілге көлеңке түсіретін жәйттер де жоқ емес. Оңтүстік өңірдегі экологиялық аймаққа жататын Созақ ауданындағы Тасты ауылында тұз карьері бар. Ол жерде ешқандай талаптар сақталмайды. Бір келісі 3-4 теңгеге бағаланатын арзан тұздарды ауыр жүк көліктеріне тиеп әкетіп жатқандар көп. Оны кімдердің сатып алып жатқандығын, қандай мақсатқа пайдаланатындығын ешкім білмейді. Базарларда келілеп сатылып жатқан тұздарды пайдаланатындар да баршылық. Йодтың иісі де сіңбеген мұндай тұздарды сатуға тиым салып жатқан адам тағы жоқ. Күнделікті тұтынатын нандарымызға, тағамдарымызға осы тұздардың пайдлаланылмасына кім кепіл? Антисанитарлық жағдайдағы тұз карьерлеріне бақылау қоятын кез баяғыда-ақ келген сияқты. 2003 жылы қазан айында ҚР «Йод тапшылығынан туындайтын аурулардың алдын алу» туралы заң қолданысқа енгізілді. Осы заңның 11-бабының 4 бөлігінде «йодталмаған тұзды өндіруге, шеттен әкелуге, сатуға қатаң тиым салынады» делінген. Алайда бұл талаптарды тыңдар құлақ табылмай тұр...
Күләш ИБРАГИМОВА, эндокринолог:
- Иод тапшылығынан туындайтын аурулардың тарттырар азабы да мол. Соңғы әлетте балалар арасында қаназдық, бойдың өспей қалуы яғни, кеш жетілу сияқты дерттер жиілеп кетті. Бұрын зоб аурулары жасы келген адамдар арасында көп кездессе, бүгінде кішкене балалар арасында белең алып барады. Күнделікті тұтынатын тағамдар арасында иодтың мол болуын қатаң қадағалап отыру қажет. Өйтпеген жағдайда ағзаның түрлі ауруларға душар болуы жиілейді. Сондай-ақ қытайлық тағамдарды арзан деп тұтынатындар жетіп артылады. Сапасы күмәнді мұндай тағамдарды мүлде пайдаланбауға кеңес берсек те құлақ асатындар шамалы. Ағзадағы иод жетіспеушілігінің орнын толтыратын түрлі препараттар бар. Мүмкін болғанынша соларды пайдаланған да дұрыс.
Йод тапшылығы: күдік пен күмән
Последние статьи автора