Инновациялық экономиканы қалыптастыру – Тәуелсіздік идеологиясы

Инновациялық экономиканы қалыптастыру – Тәуелсіздік идеологиясы

Тәуелсіздік алғалы бері кезеңімен жүзеге асып келе жатқан экономикалық реформалардың соңғы сатыларының бірі – Инновациялық даму жүйесін қалыптастыруда мемлекет бірқатар ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді.
Инновациялық экономиканы қалыптастыруда оның басты құрамдас бөліктері ретінде мемлекеттік кәсіпкерлікті, қор нарығын және өңірлерді дамыту секілді ірі үш салада жаһандық қауіп-қатерлерді ескере отырып, жаңадан концепция түзіле басталды, ауқымды істер де атқарылып жатыр.

Кәсіпкерлікке мемлекеттік тұрғыда жаңа көзқарас
Мемлекеттік кәсіпкерлік саясатында холдинг сипатындағы құрылған ірі мемлекеттік құрылымдардың, ұлттық компаниялардың рөлі орасан зор. Сондай-ақ 2015 жылға дейінгі индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 2003 жылы Экспорттық несиелерді және инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы, Ұлттық инновациялық қор және Қазақстанның Инвестициялық қоры секілді жаңа даму институттары құрылды. Мұның бәрі қазіргі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының маңына шоғырланған.

Сондықтан «Самұрық-Қазына» мемлекеттік кәсіпкерлікті дамытуда маңызды рөл атқарады. Себебі нақ осы қор жаңа стратегиялық секторды құрумен айналысады, мемлекеттік кәсіпкерлікті жүзеге асыруда, ел экономикасын әртараптандыру процесінде Үкіметтің басты операторы болып табылады. Әрі мемлекеттің меншігін, активін басқаруда аста-төкке жол бермейді. Биыл Алматыда өткен Ұлттық бизнес форумда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Қайрат Келімбетов өзі басқарып отырған қордың міндеті мен мақсаты жайында:

– «Самұрықтың» ақшасы, активтері болды, бірақ әртараптандыру үшін жауап бере алмады. Ал «Қазына» осы әртараптандыру жауапкершілігін мойнына жүктеді, бірақ оның ақшасы мен акивтері болмады. Сөйтіп бұл екі құрылымды қосуға тура келді. Сонда олар бір-бірінің жетіспей тұрған тұсын толықтырып, бүтін құрылымға айнала алды. Осындай қуаты бар қор, әрине, жаңа стратегиялық сектор құрумен айналысуға бағытталды. Сөйтіп, ол дағдарыс кезеңіндегі дамуда және экономиканы әртараптандыру процесінде Үкіметтің басты операторына айналды.

Бізден бөлінген ақшаның барлығы 15 жылдың ішінде мемлекетке қайтарылуы тиіс. Қалай дегенмен де, «Самұрық-Қазынаны» құру арқылы еліміздің мемлекеттік активтерін басқару жүйесінің бүтін процесін түзуге мүмкіндік алдық. Бұрын жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттің активі, мүлігі мен компаниясын министрліктер арқылы басқарып келген едік. Бірақ уақыт оның тиімсіз екенін танытты. Өйткені олар бір-біріне қарама-қайшы мәдениет. Министрлік бөлінген ақшаның қайтарымы бойынша жұмыс істемейді. Ал бізге мұндай міндет пен мақсат жүктелген, – дейді.

Биыл 11 қыркүйекте Орынборда өткен Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығына арналған VI форумда Ресей нанотехнологиясы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ жанына құрылған Kazyna Сapital Menegement (КСМ) қоры нанотехнология бойынша өзара венчурлық қор құру туралы келісімшартқа отырған болатын. Аталған қор биыл тіркеуден өтті, ал келесі жылдан бастап, ол өз ісіне кіріседі. Қордың бастапқы капиталы – 100 миллион доллар. Оған екі тарап 50 миллион доллардан теңдей салым жасайды.

Қазақстан, Ресей ғалымдары және мамандарымен жүзеге асырылмақ нанотехнологиялық жобалар жайында қазан айында Алматыда болған Қазақстанның эмитенттер форумында КСМ басқармасының төрағасы Абай Алпамысов былай деді:

– Нанотехнологияны біз Қазақстанның ілгерілеуші салаларында, мәселен, металлургия, күн сәулесінен қуат алатын батареялар шығару, сол секілді стратегиялық маңызы бар – машина жасау, фармацевтика, энергетиканың балама көздерінде және мұнайгаз саласында пайдаланамыз.

Қалай дегенмен де, индустриалды-инновациялық жобалардан жылдам табыс таба алмайсыз. Ол көп уақытты қажет етеді. Сондықтан оған тікелей мемлекеттің қатысуы қажет. Осы себепті мемлекеттік кәсіпкерлікті дамыту біздің еліміз үшін маңызды. Мұны экономика ғылымының докторы, профессор Ораз Баймұратов та қолдайды.

— Инновацияның басты тетігі венчурлық қорлар болып табылады. Ұзақ мерзімге белгіленген жоспарлар аясында жүзеге асырылатын болғандықтан, аталған саланың тәуекелі жоғары. Сондықтан венчурлық қорды мемлекеттің қатысуынсыз құру қиынға соғады.

Ресей нанотехнологиясы бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің қатарына жатады. Әрі мүмкіндігі де жоғары. Осы жағынан алғанда, Ресеймен бірігіп өзара венчурлық қорды құруды өз басым қолдаймын. Келесі жылы жұмысына кіріспекші Кедендік одақ осы бағыттағы ынтымақтастығымызға оң ықпал етеді деп сенемін. Бұл арада англо-саксондық экономикалық модельдің тиімсіз екендігіне баса назар аудартқым келеді. Өйткені ол дағдарысқа бейім, әрі тұрақсыз. Мұны қазір қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп жатқан әлемге танымал брендтер – Microsoft, Nokia секілді трансұлттық компаниялардың өздері де мойындап отыр. Сондықтан бізге нарықтық социалды экономика моделіне көшкен әлдеқайда тиімді, – дейді экономика ғылымының докторы, профессор О. Баймұратов.

Қор нарығы неге дамымай жатыр?
Акциялар нарығын дамытудағы басты міндет – бағалы қағаздарды қор нарығында ауқымды көлемде шығару және оның төлем қабілеті сұранысты қалыптастыра алуы тиіс. Бұл орайда отандық олар акцияларын қор нарығына көптеп шығару көзделген. Бірақ эмитенттер объективті және субъективті себептерге байланысты әлі күнге дейін қор нарығына ашық шығуға мүдделі емес. Мұның себебін экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков былай түсіндіреді:

– Қор нарығы бойынша, біз үлкен міндеттерді алға қойып отырмыз. Алайда шағын және орта бизнес және экономиканың нақты секторы дамымайынша, оны жүзеге асыру мүмкін болмай отыр. Оны уақыттың өзі дәлелдеп берді. Санаулысы болмаса, кез келген компания акциясын қазір қор нарығына шығаруға құлықты емес. Қор нарығы дегеніміз – өндірістің көрсеткіші. Демек, республикамыздың бүкіл аймағы бойынша өндіріс дамығанда ғана қор нарығының жұмысы өздігінен жандана бастайды. Оны күштеумен, жүйесіз ақшаны тоғытумен жүргізу мүмкін емес.

Осындай жағымсыз факторға қарамастан, бізде отандық компаниялардың акцияларын қор нарығына шығару бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Сол секілді нарыққа шетелдік және жеке инвесторларды да тарту көзделген. Осыған байланысты қор нарығына жаңа қаржы құралдар кіріктірілді. Нақтырақ айтқанда, ислам қаржыландыру көздері. Негізі, әлемдік тәжірибе бойынша қаржы дағдарысына көп бой ұрмаған осы сипаттағы бағалы қағаздар болып табылады. Сондықтан еліміз оған айрықша назар аударды. Сөйтіп, биылғы жылдың басында еліміздің Парламентімен «Ислам банкін құру және ислам қаржыландыру жүйесін ұйымдастыру» туралы арнайы заң қабылданған болатын. Аталған заңға сәйкес, Ислам банктері, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «ҚазАгро» АҚ және оның 100 пайыз толықтай еншілес компаниялары ислам құнды қағаздарын шығаруға құқылы. Жаздағы шетелдік инвесторлармен болған отырыста Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Б.Сұлтанов, «Ислам құнды қағаздарын айналымға шығару Қазақстан қор нарығының дамуына оң әсер етеді», — деп мәлімдеді.

Аймақтар дамуы деңгейіндегі алшақтықты қайтсек азайтамыз?
Өкінішке қарай, соңғы он жылдағы көрсеткіш өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуында ала-құлалықтың орын алып отырғанын байқатты. Күн өткен сайын артта қалушы өңірлер қатары көбейіп келеді. Ал бұл Қазақстанның бүкіл экономикалық кеңістігінде тұрақты даму жолындағы басты тежеуші фактор болып табылады. Сол себепті аймақтардың даму деңгейіндегі алшақтықты қысқарту үшін республика бойынша жеті Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация (ӘКК) құрылды. Солардың аясында кластерді дамыту, лизинг бизнесін жандандыруда жаңа техникамен және технологиямен ел аймағын қамтамасыз етуге қол жеткіздік.

Бірақ Есеп комитетінің келтірген деректері бойынша, өңірді дамыту бойынша ӘКК-лардың қолға алған жобаларының басым бөлігі тиімсіздік танытқан, басшылығы да көп шығынға жол берген. Аталған мәселені реттей алмай отырған себебін экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов ӘКК бойынша арнайы заңның жоқтығымен түсіндіреді.

– Тәуелсіздік алғалы бері республикамыздың аймақтарын дамыту бойынша бірқатар конвенция қабылданды. Соған сәйкес, мемлекет жағынан, өңірлердің өзі және жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қадамдар жасалды. Осының ішіндегі мемлекеттің рөліне тоқталатын болсақ, бұл арада трансферттің рөлі зор. Өйткені бізде өз-өзін қамтамасыз ете алатын 2-3 облыс қана бар. Қалғандары трансфертке, яғни бюджеттің ақшасына тәуелді. Міне, өңірлердің дамуы арақатынасындағы осы алшақтықты белгілі бір деңгейде қысқартуда бұл дұрыс нәрсе.

Дегенмен үнемі бюджеттің ақшасына сүйену тоқырауға әкеліп соғады. Сондықтан ел аймақтарын өз-өзін қамтамасыз ететін дәрежеге жеткізу керек. Осы жағынан алғанда, ӘКК-нің құрылуы жақсы құбылыс – дейді ғалым.

Сондай-ақ өңіраралық даму арақатынасындағы алшақтықты қысқарту үшін Т.Есіркеповтің пікірінше, «Нұр Отан» ХДП бастамасындағы аймақтар бойынша ортақ ұлттық стандартты енгізу қажет.

Инновациялық экономиканы қалыптастыруда қолға алынған шаралар басты осы үш бағытта жүзеге асырылуда. Біз ондағы басты іс-қимылдарға қысқаша тоқталып, мамандар пікірімен бүгінгі көріністі қысқаша сипаттауға тырыстық. Қорыта келгенде, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұлттық мүддеміздегі индустриалды-инновациялық кезеңге аяқ басу үшін жүрегінде отанына деген сүйіспеншілігі, болашағына деген жанашырлығы бар Алаш азаматтарын осы мәселе талқысына көбірек көңіл бөлуге шақырамыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста