Еліміздің индустрия және сауда министрі Владимир Школьник өткен аптада «Қазақстанда өндірісті дамыту үшін біз өз рыногымызды үшінші елдердің импортынан сақтауымыз қажет. Барлық елдер осыны жасаған. Жапония мен Корея да мұны қолдап отыр. Бұл – протекционизм емес, бұл – өз өндірісімізді дамыту» деген мәлімдеме жасады. Школьник мырзаның осы мәлімдемесінен соң «елдегі өндірістің шырайы енді кіретін шығар» деп сенгің де келеді. Бірақ импортқа тәуелді мемлекет екендігіміз екпінімізді бәсеңдетіп тұрғаны жасырын емес.
Әлқисса...
Жалпы, Қазақстан – импортқа тәуелді мемлекет. Отандық сарапшылар қанша жерден әлемдік нарықта қазақтың ұлттық брендін асқақтататын өз өнімі болуы керектігін қадап айтса да, бұл салада тым ақсап жатырмыз. Қазақстаннан өзге ел ұлтының мәртебесін аспандататын өнімдер легін бірінен соң бірін әлем базарына салып, пайдаға белшеден батуда. Ал біз біраздан бері әлемнің сауда базарында қазақтың атын шығаратын ұлттық брендімізді айшықтай алмай әлекпіз. Бағамдасақ, Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің 20 пайызын ғана отандық кәсіпкерлер шығарған тауарлар құрайды. Ал қалған қоғамға қат дүниенің 80 пайызын біз өзге елден тасымалдауға мәжбүрміз. Өкініштісі, «қажеттілікті өтейді» деген сол импорттың тасасында отандық өндіріс қана емес, ұлттық қауіпсіздігіміздің қалып жатқаны іштегі қыжылды оятады.
Біреудің қаңсығы – біреуге таңсық
Мойындау керек, қазір біз өзгенің қаңсығын елге әкелуге тым құштар болып алдық. Алысқа бармай-ақ, талай қазақтың делебесін қоздырып, астындағы ат-көлікке айналған шетелдік автомобильдерді алайық. Сарапшылар бұл көліктердің әбден ескіргендігін, олардың кейбірі шетелде әжетке жарамсыз болып қалғандығын қанша жерден дабырайтып айтса да, тыңдайтын құлақ жоқ. Шетелден тасымалданатын азық-түлік өнімдерінің де сапасы сын көтермей жүргеніне күніне неше мәрте көзіміз жетіп жүр. Бұл ретте экономика ғылымының докторы, академик Меңлібай Мырзахметов:
– Ел боламын деген мемлекет әрбір пайдаланатын дүниесінің кем дегенде 30 пайызын өзінде шығаруы керек. Ал бізде, Өскеменде көлік шығаратын зауытымыз бар, оның өзінен түсіп жатқан пайда шамалы. Таяуда мемлекетіміздің өнеркәсіп саласына өзіндік үлес қосып отырған Қарағанды, Өскемен, Шымкент тәрізді аймақтардың экологиялық ахуалын таразыға салып көрдік. Осы аймақтарда 25 миллиард тоннадан астам қалдық бар. Сол көзге сүйелдей болған қалдықтан қалай құтылуды білмеген біздің мамандар тау-кен саласынан шыққан қалдықты ақыры жолға төсеуді ойлап шығарды. Сонымен, «жартысының жартысын болсын, ұқсататын болдық» деп кең тыныстап жүргенімізде, елімізге келген германиялық технологтар бұл жайтқа бастарын шайқап, біздің жолдарымызды аяқтарымен басуға қимай, қазақ жерінде өздерінен-өздері қуыстанып, тартыншақтап жүрді. Ақыры шыдамай, бізге «Сіздердің жолдарыңыз алтын мен күмістен жасалыпты ғой» деген құпияның бетін ашты. Көрдіңіз бе, егер біздің 25 миллиард тонна қалдығымыз немістердің қолына түсетін болса, олар сол қалдықтың өзін синтездеп, қажеттеріне жаратып алатын еді. Жалпы, қазақ өзінде өнім шығарғаннан гөрі өзгенікін пайдалануды ыңғайлы санайды. Өсіп-өркендеуді мақсат еткен елдің іс-әрекеті бұлай болмаса керек, – дейді.
Өзге елде қалай?
Ал бұл үрдіс өзге елде қалай? Біздің зерттеуімізше, басқа елдердің импортқа деген көзқарасы мүлде бөлек. Мәселен, Қытай мен Үндістанда импорттың көлемін, сапасын, сертификатын салмақтап, заң жүзінде бақылайтын арнайы мемлекеттік компаниялар мен мемлекеттік органдар жетіп-артылады. Бұл мемлекеттер сырттан тауар тасымалдайтын саудагерлеріне қатаң талап қояды. Осы ретте экономист сарапшы Мейрам Қабдырахманұлы:
– Қытай және Жапония мемлекеттері сырттан келетін 30 грамдық тауардың өзіне 30 жерден талап қояды. Мысалы, Қытайға Ресейден балаларға арналған бояу заттары тасымалданады делік. Осыған байланысты Қытайдың мемлекеттік компаниялары және мемлекеттік бақылау органдары Ресейге тасымалданатын заттың салмағы қанша болуы керек, сандық құрамы, сапасы қандай болуы қажет – осының бәрін жіпке тізгендей етіп хаттама толтырады. Егер олардың жіберген заттары хаттамада көрсетілгендей талапқа сәйкес келмесе, бір ғана қарындаштың құрамында бір грамм қорғасын қоспасы көбейіп кетсе немесе бояуда химиялық заттар артатын болса, тауар кері қайтарылады. Осындай зиянды заттар кеденнен өтіп, саудаға түсіп кететін болса, сырттан ағылатын тауарды бақылайтын мемлекеттік компаниялар мен мемлекеттік органдар қатаң жазаланады, – дейді.
Ал Қазақстанда қалай?
Біз керісінше, сырттан келетін тауарға салық көлемін азайтып, импортты құшақ жайып қарсы алып отырмыз. Экономистер «Қазақстан базарларының 90 пайызын импорт басып алды» деп қанша жерден даурыққанымен, бұған ден қойып жатқан жан баласы көрінбейді. Мысалы, Қазақстанға өтер тұста шетелдік кәсіпкерлер кілемнің 1 шаршы метріне 0,3 доллар ғана салық төлесе, олардың базарға шығаратын бағасы 5-тен 40 долларға дейін көтеріледі екен. Сондай-ақ сырттан тасымалданатын киім-кешектер мен ойыншықтар көлемі де соңғы кезде 80 пайыздың көлемін құраған.
...Қазірде уақыт көші көптеген мемлекеттерге импорттың етегіне жармасудың тиімсіздігін айқындап берді. Пайымдасақ, біздің де импортқа тәуелділіктен ұтылған жеріміз көп. Бүгінде экономикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтқан елдердің дені отандық тауарының айбынын асыруға күш салып бағуда. Демек, қазаққа да сырттан келетін импортты құшақ жая қарсы алғаннан гөрі, отандық өнімнің жемісін көруге ұмтылу әлдеқайда тиімді...
Экономика ғылымының докторы, академик Сағындық Сатыбалдин:
– Жеңіл өнеркәсіптің халықтың әлеуметтік хал-ахуалын арттыруға мұрындық болатынын ерте түсінген Қытай мен Үндістан қазір осы саланы дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Алысқа бармай-ақ, бауырлас өзбек, қырғыз ағайындардың іс-тәжірибесіне көз жүгіртсек, тоқыма және тігін саласында қаншалықты есеміз кетіп отырғанын аңғаруға болады. Бұл күні киім-кешек пен аяқкиімді Түркия, Қытай, Қырғызстан елдерінен тасымалдауға мәжбүрміз. Импорт көлемінің артқаны бізді алаңдатуы тиіс. Сырттан келетін импортқа белгілі мөлшерде шектеу қою керек. Ондай әрекет жасамасақ, біріншіден, ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келіп жатыр. Екіншіден, жеңіл өнеркәсіп шығаратын кәсіпорындардың жұмысы алға баспауы мүмкін.