Идеялар банкі
Ғылыми еңбектердің бағы қашан жанар екен?
Жуырда Forbes журналы әлемдегі ең бай он брендтің тізімін жария етті. Алпауыттар арасын жарып шыққан әлемге аты әйгілі бұл сауда белгілерінің Forbes-тің үздік ондығында жүргендеріне талай жылдар болып қалыпты. Ал, бұл тізімде Қазақстандық бренд бар ма? «Алаш айнасы» осы сауалға жауап іздеген еді.
1. Apple
Брендтің құны: 104,3 млрд. доллар;
Брендтің бір жылдық табысы: +20 пайыз.
Apple үш айдың ішінде 33,8 млн. смартфон, 14,1 млн. планшет және 4,6 млн. Mac компьютерін шығарған.
2. Microsoft
Бренд құны: 56,7 млрд. доллар;
Брендтің бір жылдық табысы: +4 пайыз.
Кірісі жағынан көш бастаушы (әлемдік деңгейде) Microsoft-тың жылдық табысы жылдан-жылға ұлғаюда. Microsoft-тың тек бір жарнамадан тауып отырған табысы - 2,6 млрд. доллар.
3. Coca-Cola
Брендтің құны: 54,9 млрд. доллар;
Брендтің бір жылдық табысы: +9 пайыз.
2012 жылы Coca-Cola тауарларын жылдағыдан 3 пайызға артық сатқан. Қанша қарсы кампания ұйымдастырылса да Coca-Cola тұғырынан таяр емес.
4. IBM
Брендтің құны: 50,7 млрд. доллар;
Брендтің бір жылдық табысы: +5пайыз.
Міне, 20 болды, IBM IT саласы бойынша әлемдегі ең ірі компьютерлік бағдарлама жасаушы компания саналып келеді.
5. Google
Брендтің құны: 47,3 млрд. доллар;
Брендтің бір жылдық табысы: +26 пайыз.
Google-ді бүгінгі күні жұрт ауызекі тілде «интернет-барлаушы» деп атып кеткен. Google - табысы жылдан жылға артып келе жатқан өзіне бәсекелес жоқ бренд.
6. McDonald's
Бренд құны: 39,4 млрд. доллар;
Бір жылдық табысы: +5 пайыз.
Бренд әлемді жаулаушы фастфуд саналады. McDonald's-ты күніне дүниежүзінде 69 млн адам тұтынады екен. McDonald's-тың 119 елде 34 000 нүктесі жұмыс істейді. Бренд Сочи Олимпидасындағы ресми демеушілердің бірі.
7. General Electric
Бренд құны: 34,2 млрд. доллар;
Бір жылдық табысы: +2 пайыз.
Өткен жылдың үшінші тоқсанында компания 229 млрд. доллар табыс тауып, рекорд жасаған. GE Олимпиада ойындарының жетекші демеушісі, 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиада кезінде олар 700 млн. долларға байыған.
8. Intel
Бренд құны: 30,9 млрд. доллар;
Өткен жылы брендің табысы: -4 пайызға кеміпті.
Алайда олар мойымады. Қазір Intel қаржылай жағдайын қайта қалпына келтіруге бар күштерін салуда.
9. Samsung
Бренд құны: 29,5 млрд. доллар;
Бір жылдық табысы: +53 пайыз.
Брендтің өсу қарқыны аса жоғары. Өткен жылдың үшінші тоқсанында Samsung 81,2 млн. смартфон сатып, нарықтағы үлесін 31,4 пайызға арттырды.
10. Louis Vuitton
Бренд құны: 28,4 млрд. доллар;
Бір жылдық табысы: +16 пайыз.
Louis Vuitton — әлемге танымал сауда белгісі. Олар негізінен былғары бұйымдарын шығарумен айналысады.
Міне, көріп отырғандарыңыздай, бір ғана бренд бүкіләлемдік нарықты бағындырып, тек қожайындарына ғана емес, сол елдің өзіне сан миллиардтаған АҚШ доллары көлемінде қаржы түсіруде. Біздің елде де осындай брендтер қалыптастыруға әбден болатын-ақ еді. «Әттең» дейсің...
«Біреу білер, біреу білмес», томографияны ойлап тапқан біздің қазақстандық ғалымдар, яғни оның жобасы әуелде сонау 1960-70 жылыдары жасалған болатын. Алайда ғалымдардың бұл жаңалығы елде ешкімді қызықтырмайды. Сөйтіп, жобаны шаң басып жатқанда, АҚШ ғалымдары дайын идеяны қағып алып, бірден оны жүзеге асыруға кірісіп кетеді. Сөйтіп томография дүниеге келген-ді. ҚазССР-дің физика-техникалық институты қабырғасынан аттап шыға алмаған бұл жаңалығы үшін АҚШ ғалымдары Нобель сыйлығын да алған.
Айта кетейік, компьютерлік томоргафияны шығаратын өндіруші компаниялар әлемде бар-жоғы төртеу. Siemens (Германия - Қытай), Toshiba (Жапония, 100 пайыз), Phillips (Евроодақ), Hitachi Ltd (Жапония). Бұлардан басқа тағы Basda (Қытай), GE Healthcare (АҚШ - Қытай), AILab Inc (Оңтүстік Корея) және НПФ Аз, (Ресей) атты компаниялар да бар. Алайда олардың нарықтағы үлесі әзірге шамалы ғана. Енді қараңыздар, мұндай медциналық жабдықтар аса қымбат тұрады, яғни 1-8 миллион доллар аралығында. Ал жылына әлем бойынша бес мың томография сатылады екен. Айтайық дегеніміз, біздің қандай мүмкіндіктен айрылып қалғандығымыз. Әрине ол кезде «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» Кеңес Үкіметі шешті бәрін. Десек те, ел бюджетін толықтыруға орасан үлес қосар еді бұл өнертабыс.
Бұл өткен жылдар еншісіндігі қателік дейік, алайда мойындау керек, өнертапқыштарды біз әлі де дұрыс ынталандырып отырған жоқпыз. Бұл турасында аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Бірде немкеттілік танытамыз, енді бірде «оны шығаратын зауыт жоқ» дейміз, әйтеуір ғылыми жаңалықтарымыздың бағы жанбай-ақ келеді.
Аманатқа қиянат жасамайық
Томография сияқты қашықтықтан басқаратын, яғни біз «пульт» деп жүрген құрылғының да кезінде қолды болғаны туралы ақпараттар өте көп жазылды, оны білесіздер. Мазмұны мынандай: «Біз «пульт» деп атап кеткен теледидарды қашықтықтан басқаратын алақандай ғана құрылғыны әу баста ойлап тапқан біздің қазақ азаматы болатын, яғни Шәкен Ниязбеков. Шәкен аға сонымен қатар, Қазақстан Туының авторы. Ол өзінің төл өнертабысын Ленинград сурет академиясында оқып жүргенде ойлап тақан. Оған таң қалмаған адам болмады сонда. «Пульт» кейіннен 1964 жылы Чехословакияда өткен халықаралық өнертапқыштар байқауында бас жүлдеге ие болған. Алайда Ленинградтағы көрмеде тұрған өнертуындысы қолды болып, қылмыстық іс Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылауына алынады. Ұрлық көп ұзамай ашылып, жапондық жансыз әшкере болады.
Ал қазір «пультті» қолданысқа енгізген Роберт Адлер мен Юджин Макдональдтар есімдері тарихта мәңгі қалмақ. Егер қашықтықтан басқаратын құрылғыны сол жылдары өзі патенттеп алғанда, дүйім жұрт алғыстарын Роберт Адлер мен Юджин Макдональдтарға емес Шәкен Ниязбековке айтар ма еді...». Біз осы мәлімет «аңыз ба әлде ақиқат па екен?» деп Шәкен ағаның үйіне телефон шалдық. Тұтқаны жұбайы көтерді. «Осылай да, осылай» деп түсіндірдік не үшін хабарласып тұрғанымызды.
-Дұрыс істеген екенсіздер. Өйткені өз басым ғаламторға онша сене бермеймін. Қазір Шәкен ағаларың аурыңқырап қалды. Сөйлесуге онша зауқы соға қоймас. Ал ғаламтор арқылы айтылып жүрген ондай ақпараттар шындыққа жанаса бермейді. Шәкеңнің Чехословакияда өткен халықаралық байқауда алтын медаль иеленгені рас. Мұндай марапат оған «Глобус» теледидарының дизайны үшін берілді. Міне, сол теледидардың жиынтығында «пульт» болды. Бірақ ол қазіргі «пульт» сияқты арналарды ауыстыруға арналмаған, функциясы мүлде басқа. Кейбір БАҚ өкілдерінің айтып жүргендері осы. Соларды оқып Шәкеңнің қатты ренжігені бар. Енді сіздер осы жайды дұрыстап жазып шықсаңыздар екен, - деді, суретші, Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы, қоғам қайраткері Шәкен Ниязбековтың жары. Өз кезегімізде біз ол кісінің тезірек айығып кетуіне тілектеспіз.
Саны бар, сапасы жоқ патенттерден не пайда?
©Алаш айнасы иллюстрациясы
«Айқын» газетіне берген сұхбатында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ былай деген болатын:
– Біздегі өнертабыс деп жүргеніміздің 90 пайызы – бос сөз. Өнертабысты патентпен өлшейміз. Біздің алып жатқан патенттеріміздің 90 пайызы ауыл-аймақтың деңгейіндегісі, яғни Қазақстаннан басқа ешқай жерге жарамайтын патенттер. Егер өнертабысыңызды әлемдік деңгейге шығарамын десеңіз, әлемдік деңгейден патент алу керек. Ол үшін ақшаңыз болуы тиіс, кәдімгідей шығындалуыңыз қажет. Бұл – заңдылық. Бірақ мен білетін біздегі өнертапқыштың барлығы алақанын жайып, Үкіметке қарайлайды. Олай болмайды. Бұл арада сіз өзіңіз тәуекелге бас тігуіңіз керек. Шын мәнінде мықты бір нәрсе ойлап тапсаңыз, қаржы тауып, оны әлемдік деңгейге шығарыңыз. Әлем оны қолданып жатса, әлгі шығыныңыз мың есе боп өтелер еді. Бірақ жұрт бұған неге бармай отыр? Өйткені патенттеріміз ауыл-аймақ арасындағы ғана.
Есіңізде болса, он жыл бұрын бізде 200-300 долларлық компьютер шығарылады деген әңгіме болған. Сол секілді он жыл бұрын кремний зауытын саламыз, чип жасаймыз деген сөз қозғалған. Соның барлығы қайда? Біреуі де жоқ. Демек, біздегінің барлығы – жай науқаншылдық, ұраншылдық. Оған арасында журналистер де үлес қосып қояды. «Бәленбай қазақ әлемде теңдесі жоқ түгенбай дүние жасап шығарыпты» деп далитып айғайлатады келіп. Керемет болса қайда соның барлығы? «Айдағаным – бес ешкі, ысқырығым жер жарады» дегенге саяды біздегілер.
Академиктің сөзінің жаны бар әрине. Өнертапқыштар саны жағынан озық елдер қатарында жүреміз үнемі. Алайда оның барлығы патенттер санымен өлшенеді. Былайша айтқанда «саны бар, сапасы жоқ». Енді сол жаңалықтарды кәсіпорындарға енгізу керек қой? Ол жағын ойлап ешкімнің бас қатырғысы келмейтін сияқты. Мысалы, Д. Қонаев атындағы тау-кен институтының ғалымдары оптикалық компьютер ойлап тапты. Оны біреу білсе, біреу білмес. Алайда ол жобаның әлі күнге дейін қағаз күйінде жатқаны өкінішті. Ғалымдар «ол компьютердің қазіргі қолданыстағы компьютерлерден 8 есе сапалы жұмыс істеуге мүмкіндігі бар» дейді. Осындайда «бірнеше жыл бедерінде әлемдік стандарттарға сай, архитектурасы жағынан дүниежүзіндегі әсем қалалардың қатарында тұрған үлкен қала салған да, өнертабыстарды кәсіпорындарға енгізу қиын болып па?» деп ойлайсың.
WESTERN PLAINS ENERGY компаниясы жүзеге асырмақшы идеяны қарағандылық оқушы Шыңғыс та ойлап қойған
Осы тұста айта кетейік, АҚШ өнертапқыштары «кәдімгі тезектен отын алуға болады» деп ұсыныстарын тастаған екен, үкімет WESTERN PLAINS ENERGY компаниясына бес миллион доллор грантты ойланбай берген. Міне, «өнертабысты қолдау» деп осыны айтса керек. Сан жүздеген ғалымдар топтасқан компанияның бұл идеясы өзіміздің мектеп оқушысының да ойына келген. Дәлірек айтсақ, қарағандылық Шыңғыс Смағұловтың жобасы халықты экологиялық таза газбен қамтамасыз етуге негізделген. Ол малдың қиын қолдана отырып, табиғи газ алу әдісін ойлап тапқан-ды. «Табиғи газ ауырлау көмірсутектер мен метанның гомологтарынан тұратындығы белгілі. Ал биогаздың тиімділігі – ол ауаға метан, яғни зиянды газдарды шығармайды. Сонымен қатар, ол экономикалық жағынан да тиімді. Қиды арзан отын көзі ретінде қолдануға болады» дейді Шыңғыс Смағұловтың өзі.
Малдың қиы қазақ үшін қашаннан пайдалы шикізат десек қате айтқандық емес. Есімізде, ауылда тезек жинап, көктемге қарай қорадағы қиды ойып, кептіріп жүретінбіз. Отын ретінде үлкендер пайдаланып, «көмірден осы жақсы» деп жататын. Енді соны АҚШ ғалымдары «жаңалық» аштық дейді.
Қазір пештегі көмір бықсып, дұрыс жанбай отбасымен түгел уланып жатқандар жайлы жиі естиміз. Осындай қайғылы жағдайлар алаңдатқан ауылдағы ағайын қыста үйлерін қимен жылытуға көше бастаған деседі. Тіпті есігінің алдына жинап қойған тезекті ұрлатып жатқандар да қазір жоқ емес. Тезек бизнесі де қызу жүріп тұр. Естуімізше, сары тезектің бір кесегі – 5 теңге, қара тезектікі – 8 теңге, ойма көң – 10-15 теңгеге бағаланатын көрінеді.
Бір айта кетерлігі, ғалымдардың дәлелдуінше, экологияны ластаушы тек көлік паркі мен зауыт-фабрикалар ғана емес, малдардан тарап жатқан парниктік газдар. БҰҰ сарапшылары «2030 жылға қарай малдардан келетін зиянды газ, яғни метанның көлемі 60 пайызға дейін артады» дейді, рас болса. Сөйтіп ғалымдар «мал басын азайту керек» деп салды. Әрине олардың көлденең қойған бұл талабын орындауға ешкім асыға қоймас. Алайда егер шынымен де қауіп бар болса, онда үкіметтің тезекті шикізат, отын көзі ретінде пайдаға асырудың жолдарын мемлекеттік деңгейде талқылағандары артық болмас деп ойлаймыз.
«Жиендікке» жол бермеуіміз керек
©Алаш айнасы иллюстрациясы
Инновацияның қандай табыс әкелетінін білетін елдерде үкімет өнертапқыштарға жұмыс істейді, біздегідей өнертапқыштар кәсіпорындарға алақан жаймайды.
Өндірістік тыңшылық дегеннің бар екенін барша біледі. Оны айтып отырған себебіміз, Қазақстанда заңдық нормаларға сәйкес, қандай да бір ғылыми еңбекке сараптама жүргізу үшін оған сарапшылар ретінде отандықтан басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан мамандар тартылады. Алайда біздің ғалымдардың басым бөлігі бұған қарсы. «Отандық ғылымдағы ең шетін мәселе – осы» дейді олар. Былайша айтқанда, бюджеттен бөлінетін қаржыны қарастыру үшін ғылыми жобаларды шетелдік сарапшыларға сараптамаға жіберу арқылы біз жаңалықтарымызды «шайнап» беріп, өзгелердің «жұта» салуына дайындап қояды екенбіз. Мемлекеттік тендер жарияланғанда ғалымдардың ғылыми-зерттеу институттарына тапсыратын құжаттар үш тілде болуы тиіс, яғни қазақша, орысша, ағылшынша. Қазақша мен орысша керек, ол жағы түсінікті. Ал ағылшыншасы не үшін керек дейсіз ғой? Ғалымдардың идеясын шетелдік сарапшылардың сараптауына жіберу үшін. «Демек біз ешқандай өнеркәсіптік барлаусызақ тың идеяларымыз бен жаңалықтарымызды шетелдіктерге өзіміз беріп отырмыз. Ол аздай сараптама жасағандары үшін айтарлықтай шығынданамыз» деп ғалым Николай Бүктіков қатты налыған еді бір сөзінде. Дамыған елдерде өнеркәсіптік барлауға айрықша мән береді және оған бөліп отырған қаржылық ресурстар орасан.
«Толғатып» жатқан ғылыми еңбектер бізде де жоқ емес, әйтеуір бір жарып шығады деп сенеміз. Тек оған біреулердің «жиендік» жасауларына жол бермеу керек. Ондаған жылдардан кейін «мынаны кезінде қазақтар ойлап тапқан» деп, кеш сан соғып қалмасымыз үшін. Қазіргі кезде заманауи технология ойлап табудың ең маңыздысы идея болып тұр. Техника эволюция жолымен дамып, революция жасап жатқан ғасыр бұл.
Бәлкім, баз біреулер біздің ғалымдардың идеясын бағаламайтын шығар. Алайда біздің ғалымдарымыз өзгелерден артық болмаса, кем емес. Тек оларға кең тыныс алуға дем беруге тиіспіз. «Сараптау институтын жетілдіру керек. Мәселен, отандық сарапшы қорытындысының эксперттік комиссияның қатысуымен жария болуын, жоба авторына сараптамаға қатысты барлық пікірдің ашық айтылып, оның өз жобасын өзі қорғауына мүмкіндік беруді» ұсынады біздің ғалымдар. Олар «тіпті шетелдік сараптаманы тәжірибеден мүлде алып тастау керек» дейді.
Бәйгеге қосатын жүйрік өнертапқыштарымыз көп
fergananews com
Өзінің өткір ойларымен танымал болып жүрген өнертапқыштар жанашыры Бердалы ОСПАН:
-Әрине халқымыздың басынан талай аласапыран өтті. Енді сол қилы кезеңдерден нық тұжырым шығарып, алға жылжитын мезгіл жетті. Енді бостан-босқа уақыт ұттырмай, бүгінгі сұранысқа ие бола алатын жаңа технологияларды, киім, машина, тағам түрлерін, үздік кино туындыларын шығаруға кірісуі керек. Бұны іске асыру үшін қазақтар «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген бабалар ережесін мықтап ұстануы қажет.
«Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаған ғой. Қазақ арасында әлемдік жаһандану бәйгесіне қосатын небір жүйрік өнертапқыштарымыз бар. Іздегіш эндоскоп ойлап тапқан Жасаң Мұхамбай, сусамыр-қант диабетін ота арқылы емдеуді тапқан дәрігер Жақсылық Досқали, автокөліктің мұздақта таймауын қамтамасыз ететін тетік, қызыл балықтың майда шабақтарын тордан өткізбейтін жабдық және басқа да өнертапқыштық ұсыныстардың иегері Әсембек Жұмабай, жану процесін басқару жөнінде жаңалық ашқан ғалымдар Зұлхайыр Мансұр, Берікқазы Төлеутай, Тоқжан Тұтқабайқызы, қалып-гильзасыз оқты ойлап тапқан Сантай Жетес, баламалы электр өндіру жөніндегі ізденісімен республикалық конкурс жеңімпазы болған Хайролла Байшағыр және басқа көптеген өнертапқыштар жаһандану жарысында әлі-ақ еліміздің атын шығарады деген ойдамын.