Бүгінде ғарыш айлағына саусақпен санарлықтай елдер ғана ие. Халықаралық сарапшылардың дені «сол санаулы ғана елдердің ішінде Қазақ елінің мәртебесі биік, шоқтығы жоғары» деседі. Тіпті қайсыбір сарапшылар тарапынан «2020 жылға қарай Қазақстан ғарыштық державаға айналуы мүмкін» деген жорамалдар да айтылып қалады... Жалпы, ғарыш айлағы жөнінде сөз етер болсақ, әлемде француздық – Куру, бразилиялық - Алькантра, американдық Си-Лонч ғарыш айлақтары көшбасшы болып саналады. Отандық ғалымдар «солардың ішінде біздің «Байқоңырдың» беделі бәрінен асқақ» дейді.
Негізінен, ғарыштық даму, ғарыш саласы, ғарыштық инфрақұрылым дегенде, біз көбінесе Байқоңырды, ондағы зымыран-тасығыштарды, ғарыш айлағын жалға алу мерзімін, одан түсетін пайда мен ғарышқа ұшырылатын қазақ ғарышкерлерінің тағдыры жайында сөз етеміз. Мұндайда көбінесе ғарыштық денелердің құрылысы, ғарыштық жүйелер, ғарышты жерден бақылау, яғни ғарышқа ғылыми-зерттеу жасау жұмыстары тасада қалып жататыны жасырын емес. Міне, біз бүгін айтулы Ғарыш күнін пайдалана отырып, осы салаға өзіндік ғылыми-зерттеулер жасайтын «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ-ға қарасты «В.Г.Фесенков атындағы астрофизика институты» еншілес жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы барып, аталмыш саланың өзіндік жаңалықтары мен ізденістерін ойға түйіп қайттық....
Ғарыш және инфрақұрылым...
Байыптасақ, біз ішкі жаңалығына үңілгіміз келген «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және жаңа технологиялар орталығы» АҚ, В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институты, Орта Азиядағы санаулы институттардың қатарына жатады. Мамандардың айтуынша, мұнда қызмет ететіндер үнемі ізденіске, дәйім жаңашылдыққа құмар. Бұған қатысты аталмыш институттың ғылыми істер жөніндегі директорының орынбасары Рашит Валиуллин:
– Астрофизика – насихатты, қолдауды қажет ететін сала. Ғарыш саласын одан әрі дамыту үшін нақ осы астрофизика ғылымына аса мән берген жөн. Жақында біздің институт жанынан бір метрлік телескоп ұзақ жылғы тоқыраудан кейін қайта іске қосылды. Мұндай телескоп Қазақстанда бар-жоғы үшеу ғана. Өзге телескоптардан бұл телескоптардың ерекшелігі жаңа іске қосылған ғарышты зерттеу құралы автоматты жүйеге көшірілген. Яғни оны ғаламтор арқылы кез келген жерден басқара беруге болады. Бұл телескоп белсенді галактикалық ядроларды, айнымалы, қос жұздыздарды және басқа да аспан денелерін, ғарыш айлақтарын бақылап, зерттеуге арналған. Бұл Қазақстан ғылымындағы озық жетістіктің бірі болып саналады, – дейді.
Жалпы, ғалымдардың айтуынша, ғарыштағы белсенді үрдістердің физикасы, ғарыштану мен жұлдыздардың қозғалысы, ай мен ғаламшарлардың физикасы, спутниктерді бақылау және ақпараттық жүйелер қызметі бүгінде біздің елде біртіндеп дамып келеді. Осы мақсатта отандық ғалымдар АҚШ, Германия елдерімен тығыз байланыс орнатып, маман біліктілігін арттырып келеді. Соңғы кездері отандық ғалымдар ғарышта жиналған қоқыстардың ауқымын бақылайтын және оны зерттейтін қабілетке қол жеткізген. Институт ғалымдарының қазіргі таңдағы ең жоғары ғылыми жаңалықтары ретінде 42 сейферттік галактиканың ашылуын айтуға болады.
Ғарыш және экология
Ғалымдардың айтуынша, ғарыштағы қоқыстардың жиналған жерін әлемдегі екі-ақ мемлекеттің территориясынан анық бақылауға болады Оның бірі АҚШ болса, екіншісі – Қазақстанның Алматы қаласы. Бұл жайында мамандар:
– Бүгінгі күні көптеген дамыған елдер ұшырылған жасанды Жер серігінің қоқыстармен соқтығысып қалмауын алдын ала білу үшін біздің көмегімізге жүгінеді. Сондықтан жаңа қондырғының тек Қазақстан үшін емес, әлем мемлекеттері үшін де маңызы өте зор деп айтуға болады. Аталмыш телескоптардың көмегімен біз осыны да аңғара аламыз, – дейді.
Әрине, бұған қатысты жердегі қоқыс өз алдына, ғарышта қоқыстардың жиылуы мүмкін емес деушілер де табылады. Бірақ мамандардың айтуынша, қазір жерге жақын орбитада, жерден 2000 шақырымдық қашықтыққа дейінгі кеңістікте көлемі 1 сантиметрден асатын 200 мыңдай қоқыс, ал көлемі 1 миллиметрден асатын 330 миллионнан астам қоқыс бар (!) Бұл қоқыстар – істен шыққан, бірақ орбитада қалып қойған жерсеріктері, зымырандардың жоғарғы сатылары мен қозғалтқыш-блоктары, ыдыраған ғарыштық нысандардың бөліктері. Міне, мамандар бұған қатысты «болашақта осы ғарыш қоқыстарын зерттеуді бақылауды тереңдете түсу қажеттігін, орбитадағы қоқыстардың тарихи маңызы бар екенін» алға тартады.
Ғарыш және маман
Ал енді бұл саладағы мамандар мәселесі жайында сөз етсек, мемлекет тарапынан осы ғарыш саласын зерттейтін астрофизиктерді даярлауға мемлекеттен бөлінетін грант көлемі өте аз. Ал ақылы бөлім бойынша, оқуға түсуге ниет білдірушілер жоқтың қасы. Бұған қоса, мамандар ғарышты бақылау және зерттеу саласына қатысты қолда бар телескоптардың тозығы жете бастағанын, құралдардың алдының қызмет еткеніне 40 жылдың жүзі болғанын, болашақта жабдықтар түгелдей ауыстыруды талап ететінін алға тартады. Сондай-ақ ең өкініштісі, бұл мамандық бойынша білім алғандардың бірді-екілісі ғана зерттеу жұмыстарымен айналысуға ден қояды. Мамандардың сөзіне қарағанда, жастар ғылымға қаржы аз бөлінеді деп есептегендіктен, бұл салаға аяқ баспайды. Сондай-ақ бүгінде ғарышты зерттеу саласын оқыту мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Осы салаға қатысты қазақ тіліндегі оқулықтар да тапшы. Сол себепті қазақтілді мамандардың бірнеше буыны орыстілді мамандардан кенже қалып барады. Ал мұндай жағдайда қалайша «Қазақ елі 2020 жылға қарай ғарыштық держава боламыз» деуге болады? Әрине, қазірде ғарыштық ғылыми-зерттеу институттары, орталықтар арнайы шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, шетелден білім алып жатқан жайы бар. Десек те, мамандар «алып ғарыш айлағы бар ел үшін мұның барлығы аздық етеді. Біздің қазіргі мақсатымыз – нақ осы ғарыш саласын зерттеуге, ғарышты игеруге барынша пейілмен кірісу. Ол үшін әрине алдымен осы салаға жастарды тарту керек» дейді.
Ғарыштың кілті – ғылымда
Последние статьи автора