Бір компанияның жетістіктері мен басқа компанияның сәтсіздіктерінің себептерін қалай түсіндіруге болады. «Қандай компанияны табысты деп санауға болады?». Бір қарағанда, бұл сұрақтың жауабы қарапайым болып көрінеді: нәтижелі, тиімді және бәсекеге қабілетті компания. Көптеген жетекші компаниялар көбінесе өнімдерінің бағасын төмендетіп сатып, төмен табыс алатыны бәрімізге мәлім. Бұл тактика нарықта үлкен үлесті иеленуге және ұзақ мерзімді пайда табу мүмкіндігін береді. Компания табысты болу үшін алдымен тиімділік және өнімділік қажет. Тиімділік үш факторға байланысты: мақсаттарға жету; оңтайлы ұйымдық құрылым жасау; қоршаған ортаның өзгеруіне бейімделу қабілетін арттыру. «Өнімділік» - тиімділікке балама ретінде қолданылатын термин, компанияның экономикалық дамуының нақты деңгейін көрсетеді. Фирманың әл-ауқатының негізгі көрсеткіші - кірістер, активтер, инвестициялар, табыс, нарық үлесі, өнім сапасы, жаңа өнім жасау, еңбек өнімділігі, капиталдың өнімділігі, бәсекелестік артықшылығы, компанияның капиталдандыру деңгейі және т.б.
Компаниялардың табысқа жету жолдары туралы сұрақтар тұңғыш рет индустриалды экономика аясында шешілді. Негізгі түсіндіру моделін Э. Мейсон мен Д. Бейн құрды, ол «Құрылым, тәртіп, тиімділік» (SCP) деп аталды. Мінсіз бәсекелестік пен нарықтық тепе-теңдікке негізделген бұл модель компаниялардың позициясы саланың жағдайына байланысты деп есептейді. Өз орнын сақтап қалу үшін компания басқа сатушыларға нарыққа кіруге тосқауыл болатын баға белгілеу саясатын жүргізу керек. Бәсекеге қабілетті баға деңгейі нарық қатысушылары үшін шешуші рөл атқарады. Компаниялардың өнімділігін түсіндіру үшін нарықтың құрылымын талдау жеткілікті, өйткені компанияның тәртібі нарықтың ағымдағы жағдайына, кіру және шығу кедергілеріне қарапайым реакция болып табылады.
Фирманың табыстылығы компанияның бәсекеге қабілеттілігін қаншалықты тиімді қолдануға, яғни жаңа қатысушылардың нарыққа кіру қаупі, алмастырушы тауарлардың пайда болуы қаупі, сатып алушылардың және жабдықтаушылардың нарықтық құзыреті және бәсекелестері арасында бақталастыққа байланысты.
Фирмалардың тәртіп стратегиялары: қорғаушылар - нарықтағы жағдайды сақтауға және нығайтуға бағытталған; іздестірушілер- белсенді болып жаңа нарықты және олардың қатысуын кеңейту жолдарын іздейді; талдаушылар - қорғанушылар мен ізденушілердің арасын теңестіреді; жауап берушілер - нарықтағы өзгерістерге тез әрекет ететін, динамикалық және тұрақсыз стратегияны ұстанушылар. Нарықтағы компаниялардың жетістіктеріндегі айырмашылықтың себептерін түсіндіру мәселесі экономикалық социологияда да қарастырылады. Әлеуметтанушылар, компания табысының бір стратегиясы тиімді, ал екіншісінің тиімсіздігін тарихи және мәдени жағдайларға сәйкес талдайды.
Ұйымның өмір сүру мүмкіндіктерін анықтайтын тағы бір маңызды ерекшелігі – оның жасы. Сыртқы орта әсер еткендіктен ұйымдағы құрылымдық өзгерістер жасқа байланысты болады. Ұйымның жасы мен оның өмірлік траекториясы арасындағы тәуелділіктер көп зерттелген. Айталық «жаңа осалдылық» принципіне сәйкес «жас» ұйымның өмір сүру мүмкіндігі аз болады. Жасы көбейгенде компания қоршаған ортаға бейімделіп, оның «өміріне» қауіп төну мүмкіндігі азаяды. Дегенмен, эмпирикалық зерттеулердің кейбірі жас пен өмір сүру арасындағы қарым-қатынастың тікелей байланысы жоқ екендігін көрсетті. Төмен бәсекелестік жағдайында «жаңа осалдылық», ал жоғары бәсекелестік жағдайында - «жастардың осалдығы» немесе «қарттықтың осалдығы» ережесі жұмыс істейді.
Эмпирикалық зерттеулер көрсеткендей, компанияның табысты жұмысы үшін саладағы контрагенттермен байланыста болу ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік органдармен тұрақты байланыста болу маңызды. Компаниялардың басшылары мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы тұрақты қарым-қатынасты орнату оларға нарық үлесін кеңейтуге және тиімді болуына мүмкіндік береді.
Табыстың ең маңызды басымды бағытын, белгілі бір факторын таңдай алмаймыз. Компанияның табыстылығының жалғыз көзі - жеке индикатор (мысалы, компанияның желілік байланыстары немесе ұйымдық мәдениет) деп айту қиын. Кейбір жағдайда қолайлы сыртқы конъюнктура, таланттар мен менеджменттің сапасы компанияның тиімділігін және нарықтағы тұрақты позициясын қамтамасыз ете алуы мүмкін.
Табыс - статистикалық жағдай емес, ұзақ мерзімді өзгерістердің өнімі. Табыстың дискретті түрде өлшенуі мүмкін емес, болашақтағы уақытты ескеру қажет. Талдаудың маңызды нормативтік сипаттамасы - «уақыт» санаты, ол күндерді, айларды, жылдарды белгілейтін сандық метрика ғана емес, мазмұн санатын да белгілейді.
Ләззат Сейтқазықызы Спанқұлова,
Әсел Туякаева,
Нархоз университеті