Еуропалық Одақтың көміртегі салығы: Бұл Қазақстан үшін кедергі ме, мүмкіндік пе

2026 жылдан бастап қазақстандық экспорт компаниялары Еуропалық Одақ нарығына шығарылатын тауарды өндіру кезінде қанша парникті газ шығарындысы болғаны жайлы ақпарат ұсынуы тиіс. Егер оның мөлшері нормадан асып кетсе, онда қосымша салық төлеуге міндеттеледі. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі мұндай талап қолданылатын өнімдер қатарына қандай тауар түрлері енетінін және оның Қазақстан экономикасына қалай әсер ететінін анықтап көрді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Трансшекаралық көміртекті реттеу механизмі

 

10 мамырда Еуропалық Парламент пен Еуропалық кеңестің басшылары ЕО-да өндірілген тауарлар мен импортталатын өнімдер үшін көміртегі шығындарын теңестіруге бағытталған трансшекаралық көміртекті реттеу механизмін бекітті.

 

Бұл тетіктің кейбір талаптары биыл 1 қазаннан күшіне енсе, қалған бөлігі 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. Осы аралықта импорттаушылар өнім өндіру кезінде ауаға бөлінген парникті газ шығарындыларының көлемі туралы есеп беріп отыруы тиіс. Ал, 2026 жылдан бастап зиянды қалдықтарға арналған сертификат сатып алуға міндеттеледі. Рұқсат құжатының құны орта есеппен Еуропалық Одақ ішіндегі өндірушілер үшін көміртегі шығарындыларының бағасына пара-пар болмақ.

 

Трансшекаралық көміртекті реттеу механизмі бірінші кезекте темір, болат, алюминий, тыңайтқыш, цемент және сутектен жасалған тауар түрлеріне қолданылады. Дегенмен 2026 жылға қарай ЕО олардың қатарын кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлемек.

 

Тікелей және жанама шығарындылар: Еуропалық Одақта бұл кімге тиімді?

 

Ұсынылған механизм парникті газ шығарындыларын тікелей және жанама деп екіге бөліп қарастырады. Біріншісі тиісті өнімді тікелей өндіруге қатысты болса, жанама түрі ол - компанияның тауарларды жасау процесінде жылыту, салқындатуға қажет энергияны өндіру үшін бөлінетін парникті газ көлемі.

 

«Көміртегі салығы бір тараптың екінші елдің келісімінсіз енгізген біржақты сауда кедергісі. Ол парникті газ шығарындыларынан болатын салдарды азайтуға бағытталған», - деді Хенли Британдық бизнес мектебінің докторы Ирина Хейм ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

 

Бұл ретте жаңа салықтан түсетін қаражат ЕО және осы блокқа қатысушы елдердің бюджетіне бағытталмақ.

 

«ЕО трансшекаралық көміртекті реттеу механизмінің сертификаттарын сатудан түскен табысқа негізделген жаңа меншікті ресурсты енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. 2021 жылдың желтоқсанында Еурокомиссия осы сертификаттарды сатудан түскен кірістің 75%-ын ЕО бюджетіне аударуды ұсынды. Қатысушы елдер тиісінше аталған сертификаттарды сатудан түскен кірістің 25%-ын өздеріне қалдыра алады», - деп жауап берді Еурокомиссиядан тілші сауалына орай.

 

Қазақстандағы жағдайға шолу

 

«Біз бұл механизмді толық түсіндіру үшін өнеркәсіппен және сауда серіктестерімізбен бірге жұмыс істейтін боламыз. Регламент енгізілетін өтпелі кезең ішінде біз сауда серіктестермен бірлесе трансшекаралық көміртекті реттеу тетігін талқылаймыз. Оның әрбір серіктеске және салаға әсерін 2025 жылы ұсынылатын есепте көрсетеміз», - деп мәлім етті Еуропалық комиссиядан.

 

Белгілі болғандай, қазіргі уақытта ЕО мен Қазақстанның мүдделі мемлекеттік органдары бұл төңіректегі мәселелерді пысықтап жатыр.

 

«Қазіргі уақытта ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Сыртқы істер, Сауда және интеграция министрліктерімен бірлесіп, ЕО-ға шекаралық көміртегі салығын енгізу және тәуекелдерді төмендету үшін талдамалық зерттеулер жүргізу бойынша жағдайды қадағалау жұмысы жалғасуда», - деп жауап берді министрлік өкілдері тілші сауалына орай.

 

Айта кетейік, егер қазақстандық өндірушілер ЕО нарығына шығатын тауарларды өндіру үшін парникті газ шығарындыларына төлем жасаған болса, онда ол сома сертификатты алу кезінде шегеріледі.

 

«Парникті газ шығарындысының 1 тоннасы үшін орташа баға 565 теңге көлемінде»,- деді ҚР Экология министрлігі Климаттық саясат және «жасыл» технологиялар департаменті директорының орынбасары Сәуле Сәбиева.

 

Мұны ЕО-дағы парникті газ шығарындыларына арналған квота бағасымен салыстыруға келмейді. Атап айтқанда, олардың орташа апталық аукциондық құны көміртегі шығарындыларының тоннасына трансшекаралық көміртекті реттеу механизмінің сертификаттарын есептеу кезінде негізге алынады. Ақпан айында ЕО-да көміртегі бағасы тұңғыш рет бір тоннасы үшін 100 еуродан асты.

 

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда-саттық

 

Еуропалық Одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Еліміздің сыртқы сауда айналымы мен тартылған шетелдік капиталдардың жартысына жуығы осы одақтың үлесінде.

 

Еуропалық комиссияның мәліметінше, былтыр Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымының көлемі 40%-ға өсіп, шамамен 40 млрд еуроға жеткен. Біздің ел ЕО-ның сауда серіктестері арасында 18-ші орында тұр. Қазақстан Еуропаға негізінен мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдайды – ол барлық экспорттың 81%-на тең.

 

«Еуростат» статистика агенттігінің дерегіне сай, өткен жылы еліміз ЕО-ға 422 млн еуро сомасында темір мен болат, 244 млн еуроға алюминий, 31 млн еуро тыңайтқыш және құны 1,2 млн еуро болатын цемент өнімдерін экспорттаған. Аталған тауарлар 2026 жылдан бастап трансшекаралық көміртекті реттеуге жататын өнім болып саналады.

 

Еуропалық Одақтың бастамасына халықаралық қауымдастық не дейді?

 

Еурокомиссия трансшекаралық көміртекті реттеу тетігі Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) ережелерін ескере отырып жасалғанын алға тартқанымен, бірқатар мемлекект бұл бастаманы сынға алды.

 

«ДСҰ-ның мүшелері әртүрлі кеңестерде органдар мен комитеттердің іс-әрекеттеріне қатысты кез келген мәселені ашық айта алады. Олар ЕО-ның трансшекаралық көміртекті реттеу механизмі жайлы көзқарасын ДСҰ-ның Сауда және қоршаған орта комитеті мен Тауарлар саудасы кеңесінде білдіруіне болады», - делінген ҚазАқпарат тілшісінің сауалына берілген Дүниежүзілік сауда ұйымының жауабында.

 

ДСҰ-ның Сауда және қоршаған орта жөніндегі комитетінің өткен жылы қазанда өткен отырысында Үндістан, Қытай, Ресей және Жапония трансшекаралық көміртекті реттеу механизмі іс жүзінде сауда кедергілеріне алып келетінін мәлімдеген еді. Халықаралық қауымдастық пікірі аталған бастама қоршаған ортаны қорғауға ықпал етудің орнына, елдер арасында саудада шиеленіс тудырады дегенге саяды.

 

Былтыр қарашада Дүниежүзлік сауда ұйымының тауар саудасы жөніндегі кеңесінде ЕО-ның трансшекаралық көміртекті реттеу механизмі талқыланды. Ол жолы да Еуропалық Одақтың бастамасы Аргентина, Бразилия, Гватемала, Индонезия, Колумбия, Парагвай, Тайланд, Эквадор және Оңтүстік Африка елдері тарапынан қайта сынға ұшырады. Бұл ретте Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея және Қазақстан сияқты елдер ЕО-ға Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде өз міндеттемелерін сақтау қажеттігін еске салды.

 

«Қазақстан Еуропалық Одақтың трансшекаралық көміртекті реттеу тетігін ДСҰ ережелерімен үйлесімділігін қайта қарауға және оның сауда үшін кедергі жасамауын қамтамасыз етуге шақырады», - деп атап өтті Дүниежүзілік сауда ұйымындағы Қазақстан өкілі.

 

ЕО-ның жаңа бастамасынан Қазақстан экономикасына қанша шығын келуі мүмкін?

 

Дүниежүзілік Банктің болжамына сай, трансшекаралық көміртекті реттеу механизмін енгізу нәтижесінде Қазақстан өз өнімін ЕО-ға экспорттаудан жылына 250 млн доллардан астам кіріс жоғалтады. Кейін бұл тетіктің қолданылу аясы кеңейсе, онда шығындар 1,5 млрд долларға дейін ұлғаюы ықтимал.

 

«Қазақстандық өндірушілер 2026-2030 жылдары ЕО-ға темір мен болаттан, алюминийден, тыңайтқыштардан жасалған тауарларды сатудан түскен экспорттық пайданың шамамен 30%-ын парникті газ шығарындылары үшін төлеуге мәжбүр болады. Әрине, оның бағасы ол кезде тоннасы үшін 100 еуро болса... Бұл ретте көмірқышқыл газы шығарындысының жоғары қарқындылығына байланысты алюминий секторы ең үлкен шығынға ұшырайды», - деп атап өтті «Трансшекаралық көміртекті реттеу механизмінің Қазақстанға әсері» тақырыбында диссертация жазып жатқан Эдинбург университетінің магистранты Әйгерім Аженова.

 

Ұсынылған бағалаулар әр жылдардағы экспорттық көрсеткіштерге және ЕО-дағы парникті газ шығарындылары сертификаттарының құнына негізделген.

 

«Жақын арада шикі мұнайдың трансшекаралық көміртекті реттеу механизміне енгізілуі екіталай. Дегенмен ЕО-ға кірмейтін елдерге мұнай экспорты жанама әсер етуі мүмкін. Өйткені, өндірушілер трансшекаралық көміртекті реттеу механизміне байланысты өз шығындарын азайту үшін жоғары шығарындылары бар энергия тасымалдаушылардан арыла бастайды», - дейді Дүниежүзілік банк сарапшылары.

 

«Қазақстандық тауарлар ЕО-ға экспортталмаса, онда баламалы нарықтарды табу қиын болады. Себебі Еуропалық Одаққа кірмейтін елдер ол өнімдерді арзан бағамен сатып алуға ниетті болуы мүмкін», - деп атап өтті доктор Ирина Хейм.

 

Алайда, қазақстандық өндірушілер тауар жасау кезінде парникті газ шығарындыларын төмендету бойынша шаралар қабылдаса, онда сол арқылы бұл мәселенің шешімін таба алады. Ол үшін отандық бизнес өкілдері мен инвесторлар мүдделі болуы тиіс.

 

 

 

 

 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста