Адамзат баласының жетістік жолындағы әрбір қадамы қоршаған орта үшін орны толмас зиян әкеліп жататынын білеміз. Әсіресе соңғы бірнеше онжылдықтың ішінде табиғат-ана қатты зардап шекті. Бұған мысалды алыстан іздеудің де қажеті шамалы. Осыдан бірнеше ай ғана бұрын әлемді дүр сілкіндірген Мексика шығанағындағы алапат апаттың өзі неге тұрады? Экологиялық және климаттық жағдайларға мән бермеушілік пен экономикалық өсім жолындағы тойымсыз әрекеттің ақыры осындай жағдайға алып келді.
Орны толмас қайғы әкелетін табиғат апаттарының алдын алу жолында Қазақ елі де аянып қалып жатқан жоқ. Бұған кеше еліміздің бас қаласы Астанада шымылдық көтерген Азия мен Тынық мұхит аймағы елдерінің қоршаған ортаны қорғау министрлерінің VI халықаралық конференциясын айтуға болады. Осымен алтыншы рет өткізіліп отырған халықаралық жиынға БҰҰ-ның ЭСКАТО ( БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңірі бойынша экономикалық және әлеуметтік комиссиясы) комиссиясына мүше 62 елдің қоршаған ортаны қорғау министрлері келіп қатысып жатыр. Форумның басты мақсаты – ғаламдық және аймақтық экологиялық проблемаларға қатысты туындаған қауіп-қатерлерге қарсы күрес мәселесін талқылау.
Бүгінгі таңда Азия-Тынық мұхиты аймағы елдеріндегі экономикалық өсу деңгейі өте қарқынды жүріп келеді. ЭСКАТО Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы Рай Квон Чунгтің айтуынша, бұл аймақтың әлем алдындағы рөлі де біршама артып, жалпы жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеген. «Бірақ бұл үрдіс экологиялық жағынан өте қауіпті болып отыр. Азия құрлығындағы жедел дамып келе жатқан экономикалық жағдай мен өндіріс орындарының жаппай артуы қоршаған ортаға айтарлықтай зиян тигізіп отыр. Сол себепті енді жалпыазаматтық қоғамның алдында энергетиканың жаңа түрін таңдап алудан басқа жол жоқ», – деген Чунг мырза экологиялық жағынан тиімді деп танылған бірнеше бағытты атап өтті. «Біз ЭСКАТО аясында «Жасыл даму» бағдарламасы бағдарына ілгерілеушілік әкелу үшін қажет деп танылған бірнеше ауқымды бағытты анықтап алдық. Атап айтқанда, біріншіден, бізге саннан гөрі сапалық өсімге бетбұрыс жасау қажет. Екіншіден, тұрақты инфрақұрылымға инвестиция салу керек», – деді ол.
Сондай-ақ шетелдік мейман ғаламдық экологиялық жұмыстары үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс айтты. «Үкімет экологиялық тиімділікті арттыру мақсатында аз жұмыс атқарып жатқан жоқ. Осындай маңызды форумның Астанада өтуінің өзі Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелеріне көңіл бөліп отырғанын көрсетеді. Қазақстанның негізгі ұстанымы аймақтағы экологиялық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған», – дейді Рай Квон Чунг.
Болашақта адамзат баласын экологиялық сәтсіздіктен сақтау қажет. Көптеген елдер осыған байланысты «Жасыл даму» бағдарламасын іске асырып жатыр. Дамыған елдердің ізімен келе жатқан Қазақ елі де келесі жылдан бастап аталмыш бағдарлама бойынша жұмыс жасауға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мұны осы жиында қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов те шегелеп айтты. «Елімізде келер жылдан бастап «Жасыл даму» бағдарламасы іске қосылады. Құжат қазіргі уақытта Үкіметке енгізілді. Кейін ол Парламентте қаралып, Президент қол қоюы тиіс. «Жасыл даму» бағдарламасының негізгі мақсаты – өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу арқылы кәдеге жарату. Бұл – Президенттің тікелей тапсырмасы. Оның екінші бір бағыты – Киото процесіне қосылу», – дейді қоршаған ортаны қорғау министрі.
Азия мен Тынық мұхиты аймағы елдерінің қоршаған ортаны қорғау министрлерінің VI халықаралық конференциясы еліміз тарихындағы айтулы оқиға екені даусыз. Конференция 1985 жылдан бері әр бес жыл сайын өткізіліп келеді. Ол қыркүйектің 27-сі мен қазанның 2-сі аралығында өтеді. Жиын шеңберінде сондай-ақ бизнес-форум, азаматтық қоғам мүшелерінің форумы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жетістіктер, жобалар мен жаңа технологиялар көрмесі өтеді. 1 қазан күні конференцияға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатыспақ.
Бас-аяғы алты күнге созылатын бұл басқосу екі бөліктен тұрады. Қыркүйектің 27-29-ы аралығында министрліктердің бас мамандары мен сарапшылары қоршаған ортаны қорғау және дамыту мәселелерін талқылайды. Ал қазан айының 1-і мен 2-сі аралығында ведомство басшылары ақырғы құжаттарды әзірлейді. Онда қоршаған ортаны қорғау саласында бірігіп қызмет атқару жайы талқыға түседі. Сондай-ақ конференция аясында 30-дан астам іс-шара мен жәрмеңкелер өткізілуі тиіс.