Жолаушылар вагонын енді Испаниядан емес, Ресейден сатып аламыз. Испан компаниясымен келісім тоқтайды.
Ал көрші елден келетін вагондар несімен ерекше?
Ел бойынша 2229 жолаушылар вагоны бар. Оның 670-сі Тальго маркалы. Енді еуропалық үлгідегі мұндай вагондардың қатары көбеймейді.
Қорған Төреқожа:
- Себебі «Тальго» вагондарын шығару тоқтатылды. Мұның орнын енді ресейлік вагондар басады. Тверь зауытынан келесі жылы жаңа 146 вагон келеді.
Ресейден әкелінетін плацкарт вагондар 54 орындық болады. Ал Тальго купелік еді. 36 орынға шақталған. Яғни көршімізден тасымалданатын вагондар сәл де болса кең болады.
Диас Ахметшәріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі:
- Ерекшелігі олар әрине жаңа вагондар. 2019 жылғы. Әр вагонда 6 бейнебақылау камерасы орналасқан. Олар мынау вагон басшысы мен жол бойындағы полиция торабына түсіп отырады бүкіл видео. Әр вагонда екі деретхана бар. Биодәретханалар. Жолсеріктерге арналған пеш бар. Мұздатқыш бар. Кондиционер бар. Бұрын тек тұлпарда болса, қазір мынау жаңаларында да кондиционер орналасқан.
Жаңа дегенде қалай? Таңқалатын еуропалық Тальго сияқты емес. Кәнігі өзіңіз қатынаған бұрынғы вагондар ғой.
Диас Ахметшәріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі:
- Бұл енді бұрынғы стандартты вагондар. 1990-2000 жылғы вагондар. Біз өзіміз бала кезден отырған вагондар. Бүкіл халық біледі оны. Тек жаңаша істелінген.
8 жыл бойы жұмыс істеген елордадағы «Тұлпар Тальго» зауытының күні не болмақ? Испандармен келісім үзілген соң өндіріс орнында жұмыс тоқтай ма?
Жәнібек Тайжанов, ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары:
- Вагон құрастырушы Тұлпар Тальго зауыты жұмысын тоқтатпайды. Ол жерде бастапқы кезде Ресейден келетін вагондардың соңғы бөлшектері жиналады. Кейін ТМД елдерінде жүретін Тверь зауытының ескі үлгідегі вагондары құрастырылады. Зауыттың атауы өзгереді.
Ресейдің Тверь зауытынан келетін ескі үлгідегі вагондар сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Бірақ үлгісі, дизайны жағынан еуропалыққа жетпейді, мойындау керек.
8 жыл бойы шығарылып, талай адамның оң бағасын алған «Тальгоның» осы кезге дейін жүрген вагондары пайдаланыла бермек. Бірақ қатары енді көбеймейді. Паркті бұрынғы үлгідегі вагондар толтырады.