Қазақстанда зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану жүйесі толығымен іске қосылды. Осы бағдарламаға бірнеше банк қатысып отыр. Исламдық қаржыландыру тетіктері де қарастырылған.
 
Банктің ипотекасы қымбатқа түсе ме?
 
Басылым мәліметінше, зейнетақы жинағын пайдалану аясында негізгі оператордан бөлек тағы бірнеше банк арқылы ипотека алуға болады. Олардың ішінде Halyk bank, Банк ЦентрКредит пен Altyn bank бар. Үшеуі де ипотеканың түр-түрін ұсынады.
 
Бірақ үй сатып алуға тимді деген екі бағдарламаны қарастыруға болады. Біреуі &ndash "Баспана-хит" болса, екіншісі &ndash "7-20-25" бағдарламасы. Мәселен, зейнетақы жинағын алған адам үйді алғаш рет алса, онда 7 пайыздық ипотеканы рәсімдеуге мүмкіндік бар. Оның шарттары барлық банкте бірдей.
 
"7-20-25" бағдарламасы бойынша ипотека алсаңыз, 16 миллион теңгеге түсетін үйдің 20 пайызын, яғни 3,2 миллион теңгесін алғашқы жарна ретінде салу керек. Соның ішінде зейнетақы жинағы да бар. 25 жылдың ай сайынғы ипотекалық төлемі 90 500 теңге болады. Сонда сіздің жалақыңыздың көлемі осы төлемнен екі есе артық болуы шарт. Одан кем болса, қосалқы қарыз алушыны тарта аласыз", &ndash дейді банк қызметкерлері.
 
Ал зейнетақы жинағының есебінен екінші немесе үшінші үй алынса, "Баспана-хит" бағдарламасын қолдануға тура келеді. Өйткені оның шарттарында баспананың саны жағынан шектеу жоқ. Оның пайыздық мөлшерлемесі &ndash 10,75. Ал жылдық сыйақының тиімді мөлшерлемесі 11,3 пайызды құрайды. Кепілге сатып алынатын үйдің өзі қойылады.
 
"Осы бағдарлама бойынша 16 миллион теңгенің пәтері болса, 20 пайызы &ndash алғашқы жарна, қалған ақша несиеге алынады. 15 жылға рәсімделетін ипотеканың ай сайынғы төлемі 143 481 теңге болады", &ndash дейді банкирлер.  
 
Кем дегенде үш жыл жинау керек
 
"Отбасы банкі" зейнетақы жинағын тұрғын үй алуға пайдалану бойынша бірыңғай оператор ретінде тағайындалған болатын. Бұрын тұрғын үй құрылысы жинақ банкі болған мекеменің шарттары өзгермеген. 5 пайыздық ипотеканы да рәсімдеуге болады.
 
Алайда ондай несие бірден берілмейді. Үй бағасының 50 пайызын, кем дегенде үш жыл жинау керек. Несиенің жартысын бірден салып, 5 пайыздық ипотека алуға болмайды. 
 
"Ақшаны үш жыл жинамай, 50 пайызын бірден салған адамдар бірден 5 пайыздық кредит ала алмайды. Өйткені ол ақша үш жыл тұрғын үй жинақ жүйесінде жатуы керек. Әйтпесе, әділетсіздік болады. Біреулер үш жыл жинайды. Содан кейін ғана 5 пайыздық кредит алады. Ал кейбіреулер 50 пайызын құйып, бірден сондай кредит алғысы келеді", &ndash дейді орталық филиалдың директоры Жансұлтан Матай.
 
Оның сөзінше, ипотеканың жартысы бірден құйылса, ол ақша депозитте жатады. Оған жылдық мемлекеттік сыйақы жүреді. Оның көлемі &ndash 20 пайыз. Сонымен қатар банктің 2 пайыз көлеміндегі үстемақысы қосылады. Бірақ ипотеканың мөлшерлемесі 8 пайыз болады.
 
"Себебі сіздің депозитіңіз үш жылдай тұрады. Ал үйдің ақшасы басқа қаржы көздерінің есебінен өтеледі. Үш жылдан кейін депозит нақты көрсеткіштерге жеткен соң, ипотеканың жартысын жабуға жіберіледі. Ал кердиттің мөлшерлемесі 5 пайызға дейін төмендейді", &ndash дейді Жансұлтан Матай.
 
Исламдық қаржыландыру қаншалықты тиімді?
 
Зейнетақы жинағы есебінен тұрғын үй сатып алу ережесінде исламдық қаржыландыру тетіктері де қарастырылған. Бұл дегеніміз, "Al Hilal" банкі сияқты қаржы ұйымдарынан пайызсыз ипотека рәсімдеуге болады.
 
Осы банктің ресми сайтында исламдық ипотеканың бір түрі ғана көрсетілген. Ол &ndash  "Мурабаха" ипотекасы. Оның шарттарына сәйкес, банк пәтерді өзі сатып алады. Сосын оны үстеме бағамен сатады. Ипотека алған адам үйдің бағасын да, банктің үстеме бағасын да біліп отырады. Ал ай сайынғы жарналар барлық мерзімге тең бөлінеді.
 
Бірақ ипотеканың мерзімі ұзарған сайын банктің үстеме бағасы да өседі. Мысалы, 16 миллион теңгенің пәтерін алу үшін алдымен 30 пайыз, яғни 4,8 миллион көлемінде алғашқы жарна құю керек. Ипотеканың мерзімі үш жыл болса, банктің үстеме бағасы 2 424 116 теңге болады. Ал ай сайынғы төлем 378 448 теңгені құрайды.
 
15 жылға рәсімделген "Мурабаханың" үстеме бағасы 12 миллионға дейін барып қалады.
 
"Al Hilal" банкі бұл ипотеканы тек төрт қалада ғана рәсімдейді. Олар &ndash Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Түркістан.
 
Салық пен зейнетақы аударымдарын шегергеннен кейін жалақының көлемі, кем дегенде, 200 мың теңге болуы шарт.
 
Өтінішті қарау үшін комиссия алынбайды. Ал келісімді рәсімдегені үшін ақы алынады. Оның көлемі &ndash қаржыландыру сомасының 0,5 пайызы. Бірақ ол 300 мың теңгеден аспауы тиіс.