Еркін экономикалық одаққа кірігіп, өзара бәсекелестік додасында тізгін қаққан Қазақстанның мақсаты, әрине, әлемдегі ең мықты дамыған 30 елдің қатарына ену болып табылады. Бастапқыда Кеден одағы аясында жүзін қайрап, Дүниежүзілік сауда ұйымына енуде өткір қылыштай жарқылдауы тиіс біздің ел Орталық Азияның айбарлы да азулы барысына айналуды көздейді. Елбасымыздың «Қазақстан – 2050 стратегиясындағы» басты мақсат та осы. Сондықтан мұнай табысына байланбас үшін бүгіндері экономикамызды әртараптандыруға басымдық берілуде. Бұл жоспар кезең-кезеңдік сипаты бар Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жүзеге асырыла бастады. Шүкір, Тәуелсіздігіміздің 21 жылдық ақ таңында отандық және шетелдік нарыққа «Қазақстанда жасалған» деген белгімен 200-ге жуық ұлттық тауарымыз жол тартқан.
Алғаш рет Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылып, жаңа инновациялық жобаларға көлемді қаржы бөлінген кезде бұған күмәнмен қараушылар көп болды. Бірақ ұзақмерзімді инвестицияны қажет ететін жобалар бір күнде тауарға айналып шыға келмесі белгілі емес пе? Міне, бұл фактормен санаспай, қоғамда ши шығарғысы келетіндер асығыс пайым жасап та жатты. Алайда «Бәріне уақыт төреші» демекші, тәуелсіздігімізді экономикалық тұрғыда дәлелдей алатын жобалар біртіндеп өмірге келе бастады. Негізінен, кез келген ел өз тасымал нарықтарының тәуелсіздігін қамтамасыз етпейінше, егемендікті толық түйсінбейді. Осы жағынан алғанда, ҮИИДБ аясында алғашқы болып қолға алынған жобалардың стратегиялық маңызға ие болуы кездейсоқтық емес. Елбасымыздың сарабдал сыртқы саясатының арқасында он жыл бойына бойымыз үйренген «Статойл», «Тотал», «Шеврон» секілді компаниялардың қатарына инновациялық технология саласында әлемдегі озық көшбасшылар қосылды: «Дженерал Электрик», CNNC, CGNPC, Тоshiba, Alstom Transport ТМД мемлекеттері ішінде тек Қазақстанға ғана бас бұрып, оның бірқатарымен мемлекетаралық маңызды келісімшарттарға қол қойылды. Соның арқасында «ғасыр жобасы» деген атқа ие болған мұнай мен газ саласында ғана емес, жоғары технологиялық машина жасау, мұнай-химиясын, сирек және жерүсті металдары өндірісін дамыту, атом реакторы құрылысы, теміржол желілерін орнату, жүк тасымалына арналған вагоннан бастап оны сүйрейтін электровоз өндірісіне дейін отандық үлесті арттыра алдық. Нақтырақ айтқанда, «ғасыр жобасы» атауына теңелген теңдесіз жобалар мыналар болып табылады: былтыр Мойнақ су электрстансысы мен елімізді көрші Қытаймен жақындата түсетін екінші шойын жол тармағы – Жетіген – Қорғас теміржолы желісі жобасының алғашқы кезеңдері белгіленген мерзімінде пайдалануға берілді. Мойнақ су электрстансысы толық қуатымен іске қосылса, оңтүстік облыстың ток сұранысының басым бөлігін жаба алатын болады, ал Алакөл ауданындағы Достық-Алашаңқай теміржол желісіне барып қосылатын Жетіген – Қорғас шойын жолының арқасында халықаралық жүк және жолаушы тасымалы артады. Бұл арада екі ел арасындағы жүк тасымалы 15 млн тоннадан астам екенін ескерте кетелік. Қазір Қазақстан, Түрікменстан және Иран елдері Өзен – Берекет – Горган теміржол желісінің құрылысын жүзеге асыруда. Қазақстандық тарап аталған теміржол желісінің 146 шақырымын құрайтын құрылысты 2009 жылы бастап, өткен жылдың соңында барлық нысанымен бірге аяқтаған еді. «Өзен – Түрікменстан шекарасы» Қазақстанды Қытай, Кеден одағындағы әріптестері Ресей және Беларусь мемлекеттерімен сауда қатынастарын одан әрі дамытуға, Парсы шығанағы мен Иранның теңіз порттары арқылы халықаралық нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік беріп, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын маңызға ие.
Бірінші кезеңі мерзімінен бұрын аяқталған, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары аумағы бойынша өтетін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры Орта Азия газы экспортын әртараптандыруға мүмкіндік беріп, еліміздің оңтүстік өңірін өзбек газына тәуелділіктен босатады. Сондай-ақ кейіннен осы газ құбырына барып қосылатын «Қазақстан-Қытай» газ құбыры құрылысының үшінші тармағына инвестиция құюда оның экономикамызға мультипликативтік әсер беретіндігін бажайлап отырмыз. Осы заманның ең көлемді энергетикалық жобасы – трансазиялық газ құбырының іске қосылуы. Яғни «Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» газ құбырының арқасында мұхиттың арғы жағына шикізатты, соның ішінде көгілдір отынды тасымалдауда біз бұрынғыдай Ресейдің нарығына тәуелді болмаймыз. Сондай-ақ елімізде бірнеше металлургия комбинаты, машина жасау кәсіпорындары салынды, үш мұнай өңдеуші зауыт модернизацияланды. Бүгіндері 70-ке жуық электровоз шығарып үлгерген «Электровоз құрастыру» зауыты бірінші кезеңде Қазақстан теміржолы тапсырысы бойынша 200 жүк, 95 жолаушылар тасымалына қажетті электровоздарды өндіруді көздейді. «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен неше түрлі көліктер елімізде құрастырылып шығарылып та жатыр. Біз бұл арада ресейлік модельдермен шектеліп қалған жоқпыз, автокөлік нарығындағы танымал шетелдік компаниялармен шарт жасастық. Мақсат – елімізде көптеп жұмыс орнын ашу, ел бюджетіне салық түріне қаржыны тарту әрі көлік өндірісі бойынша тәжірибе жинақтау. Бұл арада ең ірі инвестиция мен техника мен технологияны қажет ететін бұл жобаларға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры оператор болғанын баса айта кетелік.
Отандық тауарды сыртқы және ішкі нарыққа өткізудің мемлекеттік тетіктері де қарастырылған. «Қазақстандық қамту туралы» арнайы заңға бап енгізілді. Өндірген тауары экспортқа бағытталғандарды халықаралық нарыққа тегін шығарып, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсететін KazNex INVEST ұлттық агенттігі де құрылды. Жалпы, «қазақстандық қамтудың» мақсаты отандық өнімдер тұтынысын шоғырландыру болып табылады. Бұл бағытта Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRS) жұмысы жемісті нәтижеге ие. Мәселен, осыған дейін корпорация өндірісте пайдаланатын жарылыс заттарын (аммониттерді, граммониттерді, оқ-дәрілерді) ресейлік компаниядан алса, биылдан бастап 345 млн теңгеге осы қажетті жарақтары бойынша отандық кәсіпорындармен келісімшарт жасасқан. ENRS өз тобына Павлодар машина жасау зауытын енгізу арқылы құрал-жабдықтармен, техникамен қамтамасыз ету мәселесін де шешіп алды. Бұл зауыт тек аталған корпорацияны ғана емес, Ресей мен еліміздің ірі компанияларын кран, металл конструкциясы секілді техникамен қамтамасыз етіп отыр. Өндіріс ошақтарына, негізінен, жергілікті отындар пайдалануда. Сондай-ақ аталған корпорация аясында Қазақстан Электролиз зауытында алюминий өндіріледі. Мұнда алюминий өндірісіне қажетті ашық анодтар шығаратын цех құрылысы жүргізіліп те жатыр. Бұл өз кезегінде еліміздің аллюминий бойынша сыртқа тәуелдігімізді белгілі бір деңгейде қысқаратуы тиіс. Сондай-ақ бұл арада энергетика, электроника саласына қажетті сым темірлердің өндірісі де бір жолға қойылмақшы. Ал Талдықорғандағы аккумулятор шығаратын зауыт «Қайнар–АКБ» ЖШС жаңа италиялық Sovema құрал-жабдығымен жарақталып, халықаралық стандартқа сай өнімдерін Орталық Азия елдеріне тасымалдауды бастап та кеткен. Егер бертінде ғана ашылған Атыраудағы коммуналдық шаруашылыққа арналған арматура өндірісін еліміздің осы саласындағы қарлығашы деп айтатын болсақ, бүгінгі таңда біздегі мұндай өндірістің саны 12-ге жеткен.
Осы жағынан алғанда, жылдан-жылға «Қазақстанда жасалған» тауарлар легі толығып жатыр деп айтуға негіз бар. Біз бұл арада, негізінен, стратегиялық маңызы бар жобаларға ғана кеңінен тоқталдық. Әйтпесе бәрін нөлден бастаған тәуелсіз Қазақстанда еңсесін тіктей келе, әлемдік брендтегі астықтан бастап, ұн, ұн өнімдері, дәрі-дәрмек, тәтті нан өнімдері, «Рахат» кондитерлік компаниясы көш бастайтын онға жуық кәмпит шығаратын отандық цехтар, әйелдер мен еркектерге, балаларға арналған сыртқы киімдер, тоқыма киімдер, спорттық киімдер, «ФудМастер» бастаған түрлі сүт өнімдері, экспортта үлкен сұранысқа ие батыс өңірдің балық өнімдері, ақыры дәретхана қағазы мен кір ысқышқа дейін шығаратын шағын өндірістер пайда болды (аталған отандық тауарлар бойынша «Сделано в Казахстане» сайтынан кең мағлұмат ала аласыздар). Келесі жылдан бастап іске қосылатын «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында отандық азық-түлік өнімдері үлесін арттыру да көзделіп отыр.
Жалпы, Елбасымыз Үкіметке «жылдан-жылға отандық тауарлар легін көбейте беру керек» деп тапсырма берген. Демек, Тәуелсіздікпен дүниеге келген жоғарыда аты аталған төл туындылар – отандық тауарлар, брендтер, өнеркәсіптер таяу болашақта ел экономикасының дамуында ерекше орын алады, кіріктірілген жаңа салалардың ашылуына жол салады деп айтуға толықтай негіз бар.
Экономикалық дербестігіміздегі отандық өнімдердің рөлі қандай?
Последние статьи автора