Жыл басынан бері елде 17 мыңнан аса кәсіпорын жабылған. Бұл былтырмен салыстырғанда 35 процентке көп. Басым бөлігі сауда және көлік жөндеу салаларында. Статистика бюросының хабарлауынша, 6 мың кәсіпорын қызметін тоқтатқан, деп хабарлайды Хабар 24.
Сондай-ақ құрылыс саласында 2178, кәсіби және ғылыми техникалық бағыттарда 1138 компания қызметін тоқтатқан. Жаппай жабылу көрсеткіші, әсіресе, қонақүй және тамақтандыру салаларында айтарлықтай жоғары. Былтырмен салыстырғанда олардың саны 87,7 процентке көбейген. Сондай-ақ қаржы және сақтандыру, ақпарат және байланыс салаларында жағдай мәз емес. Жалпы, мамандардың есебінше, бұл жағдай экономиканың 19 сегменттің 17-сінде байқалады.
ӘЛЕМДЕ МЕТАЛЛ ҚЫМБАТТАДЫ
Энергетикалық дағдарыс металдың биржадағы бағасына айтарлықтай әсер етті. Кейбір материалдардың құны қазірдің өзінде көпжылдық максимумге жеткен. Бұл туралы Financial Times басылымы жазды. Лондон металл биржасының дерегі бойынша, қазан айында мыс 10 мың долларға қымбаттаған. Мұндай жағдай кейінгі он жылда бірінші рет тіркеліп тұр. Ал мырыштың құны үш жарым мың долларға өскен. Соңғы рет оның бағасы 2008 жылы қаржы дағдарысы кезінде көтерілген. Мамандардың пайымынша, бұған әлемде металға деген жоғары сұраныс пен жеткізіп берудегі қиындықтар әсер еткен. Ал оның зардабын өндірушілер тартып отыр. Мәселен, әлемдегі ең ірі мырыш жеткізушілерінің бірі – Настар Еуропадағы үш зауытта өндіріс көлемін екі есе қысқартатынын мәлімдеді. Қазір Лондон металл биржасындағы қоймаларда мыс қоры 1974 жылдан бері алғаш рет рекордық деңгейде азайды. Қыркүйек айында олардың көлемі 200 мың тонна болса, бүгінде небары 14 мың тоннасы қалған. Голдман Сакс сарапшылары жағдай жыл соңына дейін оңалмайтынын, ал келер жылы қор тіптен таусылуы мүмкін дегенді айтады.
АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН РЕТТЕУ ШАРАЛАРЫ
Елде бір аптаның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 0,2 процентке қымбаттап шыға келді. Соның ішінде орамжапырақтың бағасы 3,5 процентке, жұмыртқа 1,6 процентке өскен. Әсіресе Алматы, Түркістан және Атырау облыстарында қымбатшылық байқалады. Жағдайды реттеу жолдары Асқар Маминнің қатысуымен өткен кеңесте айтылды. Оған сәйкес, өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерінің тағы 273 мың тоннасы сатып алынған. Премьер-министр аймақ басшыларына бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыруды тапсырды. Айта кетейік, өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны көпе-көрнеу өсірген нан, жұмыртқа және ұн өндірушілеріне 4 ескерту жасады. Нұр-Сұлтан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында 18 тауар түрі бойынша сауда үстемесін көтерудің 7 дерегі анықталған. Ал талапты орындамаған Тараз қант зауытына қатысты тергеу тағайындалды.
ТҰРҒЫН ҮЙ НАРЫҒЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Биыл 4 мыңнан астам қазақстандық ипотекасын өтей сала, жаңасын рәсімдеген. FCB аналитикс сараптау орталығының есебі осындай. Сәйкесінше, тұрғын үй нарығында 370 мыңға артық келісімшарт жасалған. Мамандардың пайымынша, бұған зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану әсер еткен. 2021 жылдың ақпан-тамыз айларында Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорынан жеке тұлғалардың шотына 1,76 трлн теңге аударылған. Соның 70% үй сатып алуға, 10% ипотека алуға жұмсалыпты. Нарыққа түскен зейнетақы жинағындағы ақша несие беру ұйымдарының рөлін төмендеткені байқалады. Мәселен, былтыр ипотека көмегімен барлық келісімнің 35,9% рәсімделсе, биыл қаңтар-тамыз айларында олардың көлемі 26,3% дейін қысқарған. Осы категория бойынша: « Әлемдік қарыз 300 трлн доллардан асуы мүмкін Бизнесті сақтап қалудың үш жолы »
24.kz