Ақпанның 28-і мен наурыздың 2-сі аралығында Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Шабанбай би селолық округінде аймақта экологиялық туризмді дамытуға арналған семинар-кеңес өтеді. Семинарды Қарағандыдағы «Экологиялық мұражай» қоғамдық қоры мен Немістің табиғат қорғау және биожан-жақтылық (NABU) қоғамы ұйымдастырмақшы.
Қарағанды ғана емес, жалпы, Қазақстандағы экологиялық ахуал төңірегінде халықаралық деңгейде түрлі жобалар ұйымдастырып келе жатқан Экомұражайдың бұл жобасы «Орталық Қазақстандағы экологиялық туризм және жұртшылықтың ақпараттық қамтылуы» деп аталады екен. Еуроодақ қаржыландыратын бастамаға 159 656 евро қаражат бөлініпті.
Соңғы жылдары елдегі экотуризм мәселесі түрлі деңгейдегі мінберлерден айтылып келеді. Тек Қарағандыдағы Экомұражай тәрізді сырттан қаражат тауып, нақты шаралар жасап жатқан ұйым кемде-кем. Экомұражай бұған дейін өткен жыл соңында Астанада осы тақырыпта үлкен басқосу өткізіп, Шабанбай би ауылында біз керек қылмай отырған киіз-жүн өнімдерін экологиялық таза қалыпта өңдеу жайлы семинар өткізген болатын. Ал экологтер «Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылын таңдап алудағы мақсатымыз – оның географиялық ерекшелігі мен ел тарихында алар орнына байланысты» деп отыр.
Вероника ВОРОНОВА, Экомұражай қызметкері, жобаның техникалық ассистенті:
– Шабанбай би ауылы – қазақы қаймағы бұзылмаған ерек ауыл. Тарихи, жағрафиялық жағдайы да елге мақтан болар өлке. Жергілікті жұртшылық та бастамамызға ыстық ықылас танытып келеді. Біз осы семинар барысында «Экотуризм негіздері», «Экотуризмдегі маркетинг», «Экотуризм арқылы шағын бизнесті қалай бастауға болады?», «Жергілікті жорықбасшыларына тәжірибелік курс» тақырыптарында әңгіме-дүкен құрмақпыз. Жоба 2008 жылы тамызда басталған. Биыл тәмамдалады. Жобаның нақты нәтижесі ретінде экотуризм сайты ашылады. Сайт тек бір ауыл ғана емес, сол аймақты тұтас қамтиды. Әл-әзір сайт жасалу үстінде. Өзіне лайықты атауы да қойылады.
Алаш-анықтама
Облыс орталығынан, үлкен қалалардан 300-400 шақырым қашықтықта жатқан Шабанбай би ауылы Арқа тауларының ең биік нүктесі – Ақсораң тауының (теңіз деңгейінен – 1565 метр) етегінде. Ауыл іргесінде Бегазы-Дәндібай мәдениетінің ежелгі ескерткіштері мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың аталары жерленген көне қорым бар. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов осы ауылдық округ территориясында дүниеге келген. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы бұрнағы жылдан бері Бегазы тауы бөктеріндегі көне қорымдар реставрацияланып, ашық аспан астындағы мұражай жасау қолға алынуда.