«Екібастұз МАЭС-2» станциясы толығымен Қазақстанның бақылауына өтті
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Павлодар облысындағы Екібастұз МАЭС-2 су электр станциясының 50 пайыз акциясын сатып алу туралы мәмілені аяқтады. Бұл туралы бүгін Қордың баспасөз орталығында өткен брифингте «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерді басқару мен жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Алмасадам Сатқалиев мәлім етті.
Алмасадам Сатқалиев атап өткендей, осы келісім арқылы маңызды электр қуат активі Қазақстан Республикасының бақылауына толығымен өтті деуге болады.
«Самұрық-Қазына» Екібастұз су электрстанциясындағы үлесті сатып алу туралы мәміле аяқталғанын хабарлайды. Мәміленің контрагенті – «Интер РАО» ресейлік компаниясы.
Өздеріңіз білетіндей, екі жыл бұрын «Интер РАО» Ресейдегі бизнесті дамыту стратегиясына байланысты, бұл активтен шығу туралы ниетін жариялаған болатын. Осылайша, оны сатуға шығарды. Активтің бағасын шамамен 50 млн долларға бағалаған еді. Сол сәттен бастап, «Самұрық Энерго» компаниясы келіссөздерді бастаған», - дейді брифинг барысында Алмасадам Сатқалиев.
Оның айтуынша, соңғы сәтте келіссөздерге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қосылған. «Екі тарап келіссөздердің нәтижесінде бір мәмілеге келіп, осы активті 25 млн долларға сатып алу туралы келісімшартқа қол қойылды», - деп хабарлады ол.
Алмасадам Сатқалиевтің айтуынша, «Самұрық-Қазына» қорының осы активтегі мүддесі - Екібастұз МАЭС-та үшінші блоктың құрылысын салу мүмкіндігін қарастыру. Бұл жоба бойынша Елбасының тікелей тапсырмасы бар. Үшінші блок Қазақстанда артып келе жатқан электр қуатына деген сұранысты қанағаттандыру үшін салынбақ.
«Ол станцияға қосымша 636 МВт қуат қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта біраз жұмыс атқарылды. Бастапқы қаржыландыру тартылды. Негізгі құрылғыны сатып алу туралы конкурс жарияланып қойды. Қор бұл жобаны Энергетика министрлігінің қолдауымен аяқтауды жоспарлап отыр», - деп атап өтті А.Сатқалиев.
Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры бұл акция пакетін «Самұрық-Энерго» компаниясының басқаруына беруді көздеп отыр. «Біз электр қуаты саласының тұрақты жұмыс істеуіне, қуаттың үздіксі болуына мүдделіміз. Осы ретте, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, активтерді 100 пайыз қазақстандық меншік иелері иемденгені, біздің ойымызша, осы кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді», - деп түйендеді өз сөзін Алмасадам Сатқалиев.