Экономикалық өсуді талдаудың әлемдік тәжірибесі бойынша, кез келген елде демографиялық жағдайды бағалауға ерекше мән беріледі. Сондай-ақ, мәселен, экономикалық белсенді халықтың дамуының негізгі факторы ретінде туу деңгейінің өсу ерекшеліктеріне де көңіл бөлінуде. Туу деңгейінің төмендеуі, бұл – тек баланың аздығы емес. Бұл – болашақта тұтынушылардың азаюы, жұмысқа қабілетті жастар санының кемуі. Туу деңгейінің төмендеуінен тұрғын үйге деген сұраныс төмендейді. Сондай-ақ кәсіпкерлер қатарынан тәуекелге баратын адамдар саны азаяды. Өйткені қазіргі қоғамда адамдар экономикалық өнімділік дәрежесі бойынша бағаланады.
Қазақстандағы халық санының өсу динамикасы 1897 жылы жүргізілген халық санағынан басталады. Сондықтан Қазақстан халқының өсу үрдісін зерттеу XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында басталды деуге болады. Туу деңгейінің ең жоғары көрсеткіші 1959 жылы жүргізілген халық санағының нәтижесінен көрінеді. Кеңес дәуірінде әйел адам орта есеппен жеті бала туған, кейінгі жылдарда бұл көрсеткіш едәуір төмендеді. Туу деңгейінің жоғары болуы, индустрияның дамуымен, 1954-1956 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты 20-35 жас шамасындағы жастардың, оның ішінде ер адамдардың көптеп келуімен сипатталады.
Туу деңгейінің төмендеуі Ұлы Отан соғысы жылдарында және 1940 жылдың аяғында байқалады. Демографиялық теңгерімсіздіктің орын алуы соғыспен, қуғын-сүргінмен, ерлердің өмір сүру жасының әйелдерге қарағанда кем болуымен, өлімнің жоғарылығына байланысты. Барлық индустриалды елдерде ерлердің өмір сүру ұзақтығы төмен. Әйтсе де өзгеше жайттар да кездеседі. Мысалы, 1970 жылы индустрия ерлер өміріне кері әсерін тигізе қоймаған Шри-Ланка, Үндістан, Пәкістан, Кампучия, Жоғары Вольта сияқты үшінші әлем елдері анықталған.
Туу деңгейінің төмендеуі мен халықтың өсу мәселесінде негізгі екі көзқарас бар. Біріншісі – туу деңгейінің төмендеуі. Бұл тұтынудың өсуі мен оны қамтамасыз ету мүмкіндіктерінің арасындағы айырмамен түсіндіріледі. Екінші көзқарастың негізінде туу деңгейіне әсер ететін материалдық және мәдени факторлар қарастырылады. Материалды және мәдени факторлар қарсы бағытта әрекет етеді. Материалды фактор өмір сүру деңгейін жоғарылатуға байланысты балалардың тұтынуындағы материалды мүмкіндіктерін қамтамасыз етуді білдіреді. Ал екінші фактор жаңа сұраныстың пайда болуымен байланысты, барлық тұтыну жүйесінің өзгерісімен сипатталады. Осы екі тенденцияның әсері туу деңгейінің өзгерісіне алып келеді. Өмір сүру деңгейінің жоғарлауымен туу деңгейі төмендейді, сонымен қатар табыстың өсуінен адамдардың мәдени деңгейі өседі. Ал бұл – өз кезегінде ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігінің өсуі. Қазіргі кезде туылу коэффициентінің төмендеуі туылған балалар санының аздығымен ғана емес, сондай-ақ туылудың соңғы репродуктивті кезеңге қалдырылуымен түсіндіріледі.
Ел бойынша жалпы халықтың ішінде тұрғындардың жеке үлестерінің өсуі туу коэффициентінің төмендеуіне негіз болды. Қала бойынша туу көрсеткіштері ауылды аймақтардағы көрсеткіштерден төмен. Бұл қалада тұратын әйел адамның кеш тұрмыс құруынан болады. Қалада тұратын әйел адамдар бір бала туумен шектелсе, ауылдағы әйел адамдар екі немесе үш баламен шектеледі.
Бір жағынан, кейбір отбасыларда көпбалалы болу дәстүрінің сақталуы туу деңгейінің жоғарылауына себеп болады, ал екінші жағынан, мәдениеттің дамуы, тұтынудың өсуі, әйел адамдардың кәсіби білімді болғандықтары туу деңгейінің төмендеуіне әсер етеді.
Респонденттер туу деңгейінің төмен болуының маңызды себептері ретінде аз табысты, жайлы тұрғын үйлердің болмауын, жұмыссыздықты, әйел адамдар үшін жүкті және декретті демалыс кезінде жұмысынан айырылып қалу жағдайын, балабақшаның жетіспеушілігін, балалары үшін алатын жәрдемақының аз болуын, репродуктивті жастағы өлім-жітімнің көптігін, халықтың аз балалы болуға бейім келетіндігін атап көрсетеді.
Туу деңгейін жоғарылатуға әсер ететін факторлардың біріне әйелдер арасында бала туа алатын жаста тұрмысқа шығу жатады. Бұл некеге ерте тұру, отбасын әлі құрмаған әйел адамдар санын азайту, отбасылық қарым-қатынасты нығайту арқылы жүзеге асырылады. Некеге тұруға әсер ететін факторларға әйелдер мен ерлер санының сәйкес келуі, соның ішінде жастар арасында халықтың некеге деген көзқарасы, басқа да құндылықтарға қызығушылықтары жатады. Некеге тұратын болашақ жарды таңдаған кезде гомогамия принципі негізгі фактор болып табылады.
Білім деңгейі некеге тұру кезінде әсер ететін басты факторлардың бірі екені мәлім. Америкалық зерттеуші Брю Экланд некедегі білім деңгейінің рөлін айта келе, былай дейді: «Некедегі әлеуметтік қажеттіліктің ұқсас болуының жартысынан көбі білім деңгейінің негізінде құрылған некені қамтамасыз етеді екен».
Туу деңгейіне әсер ететін факторлардың бірі – халықтың білім деңгейі. Халықтың, соның ішінде әйел адамдардың, білім деңгейінің жоғарлауынан туу көрсеткіштері төмендейді. Туу деңгейінің төмендеуінің ғаламдық тенденциясы Орталық Азия мен Қазақстанда да байқалады.
Халықтың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен, халықтың негізгі бөлігінің өмір салтының репродуктивті тәртібінің өзгеруімен байланысты туудың әлеуметтік-психологиялық механизмін анықтау өте маңызды. Ірі қалаларда, урбанизация жоғары өңірлерде және индустрия орталықтарында халық арасында туу деңгейін шектейтін репродуктивті шарттардың құрылымдық процесі байқалады.
Мемлекет халықты құнды капитал ретінде қарастырады. Сол себепті Үкіметіміз халықты әлеуметтік қорғауды басты мақсаттардың бірі деп санайды. Денсаулық сақтау шеңберіндегі саясат Қазақстандағы адам капиталының деңгейін жоғарылатуға бағытталған.
Осыған сәйкес, денсаулық сақтау экономикасының жаңа саясатын даярлауда тек қана ана мен баланы қорғау мәселесіне ғана емес, сондай-ақ салауатты өмір салтына, түсік жасатуды, ерте жастан некеге тұруды қысқартуға, ұлттың салт-дәстүрлерін және киелі отбасы ошағын сақтауға, өзін-өзі сақтау тәртібі мәдениетінің дамуына ерекше көңіл бөлу қажет.
Л.СПАНҚҰЛОВА, экономика ғылымының докторы
Демографиялық өсімнің экономикалық дамуға әсері қандай?
Последние статьи автора