Тәуелсіздік алғалы бергі 20 жылдың барысында еліміздің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші 15 есеге артып, экономикамыздың жылдық өсімі 1,5 пайыздан 7 пайыз деңгейіне дейін көтерілді. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш. Әрине, өтпелі қиын-қыстау кезеңді басымыздан өткеріп, ел ретінде еңсемізді тіктеп, дамуға бұлайша аяқ басуымызда шетелдік инвестицияның рөлі маңызды болды. Егемен ел ретінде тартқан шетелдік капиталдың қатысуындағы тікелей инвестиция көлемі бүгіндері 140 млрд долларды құраған. Яки шетелдік инвесторлардың білігі мен білімі және капиталы арқасында Қазақстан ғаламдық экономикалық держава ретінде халықаралық саяси аренада өз тұғырын бекітуге мүмкіндік алды.
Соңғы 10 жыл ішінде әлемде экономикалық дамудың орташа деңгейі 6,7 пайыз деп белгіленген, ал ең жоғары шек 10,7 пайызға тең келеді. Осыдан-ақ бүгінге дейін 7 пайыздан асып жығылған жалпы ішкі өнім өсімі көрсеткішімізбен әлемдегі экономикасы қарқынды дамушы елдердің қатарына еніп кеткенімізді анық байқауға болады. Осы жағынан алғанда, биыл күзде Бүкіләлемдік банктің жариялаған жыл сайынғы бәсекелестіктің ғаламдық индексінде Қазақстанның 51-орынға жылжуын заңдылық деп дұрыс түсінген жөн. Бұл арада аталған баяндаманы шетелдік инвесторлардың күнделігі іспеттес екенін баса айта кетелік. Яғни капиталын басқа мемлекетке инвестициялағысы келетіндер көбіне осы мәліметтермен қанығуға тырысады. «Экономикалық құрылымы жағынан Ресейге ұқсас болғанымен, Қазақстан бізден әлдеқайда алға кетіп қалды» деп осы рейтингке өз көзқарасын білдірген ресейлік экономист Михаил Хазин: «Қазақстан шетелдік инвесторлармен өте сауатты жұмыс жүргізеді. Халықаралық іскерлік әлеммен өзара құрылған қарым-қатынас қағидалары мен тәртіптерін сақтайды әрі оған аса байыптылықпен қарайды. Бәрінен бұрын, бұл мемлекет өз әріптестерін үркітетіндей міндеттерді алға тартып, асыра сілтеуге жол бермейді», – дейді. Осылайша, маман шетелдік инвесторларды тартуда Орталық Азия аймағында бәсекесі мықты біздің елімізге қызыға да таңдана қарайды. Негізінен, түрлі сараптама дәйектеріне сүйенсек, Орталық Азияға тартылған бүгінгі барлық шетелдік инвестицияның 80 пайызы Қазақстанның еншісіне тиесілі екен. Бұл – елімізге үлкен салмақ беретін көрсеткіш.
Тағы бір әлемдік қаржылық дағдарыстың белгілері барына қарамастан, қазір дүниежүзілік инвестициялар нарығында бәсеке күшейіп тұр. Инвестиция тарту үшін ғаламның барлық дерлік мемлекеті өзара тартысқа түсуде. Сондай тайталас ішінде АҚШ, Еуропалық одақ, Қытай секілді алпауыт мемлекеттердің өзі де жүр. Осы мәліметтен-ақ инвестиция тарту додасында көкпарды қолға ілу қаншалықты қиын екенін аңғаруға болады. Әсіресе алды-арты әлі күмәнді алғашқы Тәуелсіздік кезеңде бұл істі жүргізу қиямет күш-жігерді талап еткені белгілі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің IV-V шақырылымының депутаты Зейнолла АЛШЫМБАЕВ былайша еске алады:
– Қазақстанда шетелдік компанияларды қызықтырған үлкен мұнай кен орындары болды. Оның алғашқысы Теңіз кеніші еді. Кенішке көптеген шетел компаниясы келді. Бірақ елдегі инвестициялық ахуал қандай? Бұл елде сырттан келетін компаниялар үшін кепілдік қалай болмақ? Жұмыс жасаудың мүмкіндіктері қандай? Міне, осындай жауабы дүдәмал сұрақтардың басын ашып, елге қаржы құюдың басы-қасында Елбасымыздың бір өзі жүрді. Қызмет барысымен шетел мұнай компанияларының азаматтарымен, басшыларымен пікір алмасып, сөйлесіп, кездесіп жүрген кезде барлығының да ауызында осы жоба болды. Мен мүшесі болған Хьюстон мұнай клубының кездесулерінде кейде ТМД елдері, оның ішінде, Қазақстан мұнай өнеркәсібі жөнінде әңгімелер болған кезде біздің Президенттің атына ылғи жылы сөздер айтылатын. Себебі біздің аймақта атқарылып жатқан шаруаларға, заң жобаларына талдау жасалып отырады. Олар баспасөз беттерінде жарияланып, түкпір-түкпірге тарап жататын. Шетелдіктер үшін жіліктің майлы басы осы Теңіз кеніші болғандығын анық білемін. Сондықтан елімізге іштей тілектес болып жүрдік. Сонда Президентіміз жағдайды сұңғылалықпен сезіп-біліп, Теңіз кенішіне байланысты инвесторларға кепілдеме беріп, 1990 жылы 6 сәуірде Шеврон корпорациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы келісімге үлкен мән бере отырып, өзі келісімшартқа қол қойды. Оның «ғасыр жобасы» атанғандығынан хабардар болдық. Бұл үлкен саяси шешім болатын. Мұндай келісімге Үкімет басшысы, болмаса мұнай-газ министрі қол қоя алар еді. Алайда бұл маңызды қадамды елге инвестор шақырғанда олардың сенімін арттыру үшін, кейін келетін инвестиция тасқынына жол ашу үшін жасағанын Елбасы осы іс-қимылымен ұқтырған еді.
Иә, шетелдік инвесторлар үшін бірінші кезекте біздің жерасты байлығымыз тартымды болды. Сондықтан осы секторға негізінен басымдық беріліп, инвестициялар ағылып, нәтижесінде біз әлемдік нарыққа минералдық шикізаттарды экспорттаушы ел ретінде ендік. Қазір мемлекетімізде шетелдік капиталдың қатысуымен 10 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Шикізатты игеруші әлемдегі «Арселор Миттал», «Шеврон», «Дженерал Электрик» секілді алпауыт компаниялар бүгіндері елімізде жұмысын жемісті жүргізіп жатыр. Өз кезегінде осының бірінің ел экономикасына қосып жатқан үлесін мысалға келтіре кетейік. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша республикалық «Парыз» сыйлығының бас жүлдесін алған, мұнай мен газ саласындағы өндіруші ірі компания – Теңізшевройл, мәселен, 1993-2011 жылдар аралығында Атырау облысының әлеуметтік жобаларына 700 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсаған («ТШО» ЖШС серіктестері: «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» – 20%, «ЭксонМобилҚазақстан Инк» – 25% және «ЛукАрко Б.К.» – 5%). Осынау қаржының шамамен 185 миллион доллары Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға арналған ТШО-ның ерікті «Игілік» бағдарламасына бағытталыпты. Компанияның мәліметінше, биыл осы бағдарламаға тағы да 20 миллион доллар көлемінде қаржы бөлініпті. Аталмыш қаржының негізгі үлесі Құлсары қаласының сумен жабдықтау жүйесін жаңарту жобасына жұмсалуда. Сол секілді компания экологияны ластамау шарттарын орындауда 2000 жылдан бері газды алауда жағудың жалпы жиынтық көлемін 94 пайызға қысқартып, Теңіз кен орнында мұнайдың ілеспе газын кәдеге жарату көрсеткіштерін 99,6 пайызға жеткізген. Бұл – әлемдік мұнай өндірісіндегі үздік көрсеткіштермен деңгейлес нәтиже. Өз компаниясының ел экономикасына қосқан үлесі бойынша мақтана алатындығын айтқан «ТШО» ЖШС-нің бас директоры Тим Миллер «2011 жылы ТШО қазақстандық қамтушылардың 1,6 миллиард долларын құрайтын тауарлары мен қызметтерін пайдаланып, тағы бір мәрте рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Сөйтіп, 1993 жылдан бергі бұл салаға жұмсалған қаржылар көлемін 11,3 миллиард долларға жеткізді. ТШО қазақстандық қамтуды арттыру стратегиясын дәйекті түрде жалғастыруда, бұған шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша несие көлемі 2011 жылдың аяғына таман 13 миллион доллардан астам қаржыны құрағаны дәлел», – дейді.
Әрине, мұның бәрі еліміздің инвесторларға қолайлы жағдай туғызудағы ынталандыру шарасы аясында мүмкін болды. Мысалы, бизнесті жүргізу және инвестиция құюға тартымды ететін елдің имиджін қалыптастыру; арнайы экономикалық аймақтарды құру, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді қосқанда, инвесторларға түрлі жеңілдіктер мен преференциялар ұсыну; трансұлттық компаниялар үшін фискалдық, қаржылық және қаржылық емес механизмдер арқылы оңтайлы жағдай құру. Сонымен қатар шетелдік инвесторлар мемлекет тарапынан бизнеске қолдау көрсететін тікелей тәсіл ретінде заңнамалық базаны жақсартты. Жыл сайын көкейіндегі ойын бетпе-бет айтуға мүмкіндік беретін алаң – Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Оны Елбасымыздың өзі жүргізеді.
Бүгінгі таңда инвестицияны тартудың бағыттары өзгерген. Негізінен, енді шетелдік инвесторларды Үдемелі индустриялық-инновациялық даму стратегиясына үлес қосу үшін тартуға басымдық берілген.
Рахман АЛШАНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Соңғы кездері инвестициялық саясатқа өзгеріске ұшыраған жағдайларға байланысты түзетулер енгізілді. Енді ел мүмкіндігінің артуымен байланысты шетелдік инвесторларды таңдау жүзеге асырылады. Мемлекетіміз стратегиялық мақсаттарына сай, мүдделер теңдігін сақтай отырып, әлі де инвестициялық жағрафиясын кеңейте түскісі келеді. Соңғы кездері исламдық бағытта жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Таяу жылдары елімізге тартылатын Араб елдерінің инвестициясы 10 млрд долларды құрайды деп күтіліп отыр. Ұлттық экономика өсімінде шетелдік инвестицияның рөлі әлі де үлкен рөл атқарады. Бүгінгі таңда ел экономикасын әртараптандыру үшін отандық және шетелдік капиталды тиімді пайдалану жағын ойластырып жатыр. Елбасымыз шетелдік инвесторларды Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына атсалысып, шикізаттық емес сектордан орын тебуге, жаңа технология мен озық идеяларын ала келуге шақырып отыр.
Кеден одағын құрып, Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастырудағы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы әріптестіктігі бойынша белсенді іс-қимылымыз халықаралық қауымдастыққа қатысушылар алдында біздің еліміздің қаншалықты ашық және жауапты екенін аңғартатын жайт. Мамандардың айтуынша, осы фактор біздің инвестициялық тартымдылығымызды одан сайын күшейте түсуі тиіс.
«Сыйға – сый, сыраға – бал» деген қағида бойынша да еліміз өз кезегінде инвесторлаға бірқатар талаптарды алға тартқан: а) Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі (компания жұмыс істеп отырған өңірге әлеуметтік қолдау көрсетуі тиіс); ә) Қазақстандық қамтуды 50-ден 70 пайызға жеткізу міндеттелген (шетелдік компанияларға басшылығына және ең қажетті салаларға сырттан мамандар тартуға рұқсат берілген, негізінен, мұндағы жұмысшылардың 70 пайызы жергілікті халық құрауы тиіс, әрі олардың білігі мен білімін, тәжірибесін арттыру бойынша жауапкершілік жүктелген); б) Қазақстандық қамтудың тағы бір бағыты – шетелдік компанияға тұтынатын тауарлары мен қызмет түрлерінде жергіліктіні 50 пайызға дейін пайдалану міндеттелген және т.б.