«Дала аруының» бағы ашылмай тұр

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фотолар)

"Дала аруы" – жүгері Жетісу халқына, оның ішінде Жаркент өңірінің тұрғындары үшін, өткен  ғасырдың  елуінші  жылдарының  орта  шенінен бері табыс көзінің бірі болып табылады. Жетісу жұрты бұрындары да  жүгеріні азық қылған. Соғыс жылдарында ауыл тұрғындары басқа дақылдармен бірге жүгеріні де басты күнкөріс ретінде қарастырыпты. Бұл түйткілге қатысты «Алаш айнасы» да сараптама жүргізіп көрген еді
Тың игеру жылдарында жүгері Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік өсірілді. Еліміздің солтүстік облыстарындағы ауа райы жүгерінің  орта  және  кеш  өнім  беретін дәнінің толық пісіп-жетілуіне мүмкіндік бермегендіктен,  олардың  ерте   жетілетін  сорттары өте құнарлы мал азығы ретінде қазірге дейін егіліп жүр. «Дала аруының» еркін  өркен жаюына оңтүстік, оңтүстік шығыс аймақтардағы күннің шуақты қызуы мен суының молдығы дем берді. Жаркент өңірінде  бүгінде де негізгі өндіріс болып саналады. Мұнда оның әртүрлі сорттары мен будандары жерсіндіріліп,  өсіріліп келеді.  Өткен ғасырдың  соңғы отыз жылы Жаркент өңірінде жүгері өсірудің нағыз өркен жайған кезеңі болды. 1985 жылы осы дақылдың кеш пісетін өнімді сортынан аудан бойынша гектарынан 150 центнерден өнім жиналды.
Осы кезде Жаркент өңірінде экономикасы дамыған миллионер шаруашылықтар шықты. Жүгері өндірісі ауыл еңбеккерлеріне қомақты табыс берумен қатар, өңірдегі мал шаруашылығының қарыштап дамуына жол ашты. Жемшөп әзірлеудің өзіндік құны төмендеді. Күзде егін орғанда дархан  дақыл сабағынан мол  сүрлем әзірленіп, тауарлы жүгері дәнінен жылына мыңдаған тонна қуатты жем тартылды, дән өзегін жергілікті халық тамызық отын ретінде пайдаланды. Дәні  жиналған  егістік  алқаптары  аяқты  малға  қысқы  жайылым  ретінде  пайдаланылды. Қысқасы   «дала  аруы»  жан-жақты  пайдалы  табыс  көзі еді ол жылдары.


Жүгері өндірісі еңбексүйгіш адамдардың да абыройын аспандатты. Сол кездегі Кеңестер Одағында ең алдыңғы қатарлы шаруашылық атанған  "Октябрьдің 40 жылдығы"  агрофирмасы басқармасының төрағасы Николай Головацский екі мәрте  Еңбек  Ері атағын алды. Қарапайым жүгерішілер Әлімжан Бақтаев, Мәриям Ниязова, Әбілмәжін Қасымбеков, Күләш Айтжанова, Әдалат Зайнавдинова Еңбек Ері атанып, өңірдегі өрелі ұйымдастырушылық істері үшін сол кездегі аудан басшысы Шаймұхамет Сапиев те кеудесіне "Алтын жұлдыз" таққан болатын.  
Бұлардың барлығы өткеннің ұлағатты естелігі. Енді   бүгінгі күнге оралайық. Бабын тапсаң, баршаны  жарылқайтын  жер  орнында,  қолына  жұмыс  берсең  тау  қопаратын  еңбекқор  ел  де  аман. Елде өндіріс орындары қайта өркен жайып, мал өнімдерінің қымбаттауына байланысты, алдымен Алматы қаласының айналасындағы шаруашылықтар мал мен құсты көбейтіп, қуатты жемдік жүгері іздеп, Жаркентке келе бастады. Республиканың солтүстік,  шығыс облыстарының халқы жүгерінің ерте пісетін сортты тұқымдарын  сатып алуда. Яғни жүгері дақылының өніміне сұраныс қайта қалыптасты.
1990 жылға дейін ауданда 34 мың гектар жерге жүгері өсірілсе, одан кейінгі жылдарда оған деген сұраныс төмендеп, Үкімет тапсырысы жойылып, сортты тұқымға төленетін қосымша ақы қысқарып, тағы басқа жағдайларға байланысты 1997 жылы  12 мың гектарға дейін кеміді. Ал, енді 1999 жылы 15500 гектар жерге өсірілсе, сұраныстың артуы арқасында 2001 жылы 17 мың гектарға жетті. Өткен 2013 жылы жазиралы Жаркент өңірінде 22500 гектарға жуық жерге жүгері өсіріп, одан соңғы 20 жылда болмаған мол өнім жинады.
Аудандағы ауыл шаруашылығы өндірісінің сатылап өсуіне жеке шаруалардың қосып отырған үлесі қомақты. Қазіргі күні егін егілетін жердің 80 пайызы жеке шаруа қожалықтарының қолында. Алдыңғы  жылы аудан бойынша 21 мың гектардан астам жерге өсірілген жүгері түрлерінің 11155 гектарын жеке шаруа қожалықтары өсіріп, өңірде жалпы 110 мың тоннадан астам  дән жиналды. Өткен  жылы бұл көрсеткіш одан әжептәуір жоғары яғни,141  мың   тоннадан астам дәндік жүгері алынды.
Өкінішке  қарай  негізінен  жүгерінің  қатардағы  тауарлы  түрлерін  өсіретін  ұсақ  шаруалардың   өнімін  өткізу  мәселесі  соңғы  жылдары  үлкен  дау-дамайға  негіз  болып  жүр. Мұның  басты  себебі –  солтүстік  облыстарда  бидай  мол  өнім  берген  жылдары  қатардағы  жемдік  жүгері  бағасы  күрт  төмендеп кетеді.  Мысалы,  өткен  жылы  жаркенттік  жүгерішілер  әр  келі  дәнін  35  теңгеден  41  теңгеге  дейін  көтеріп  саудаласа,  биыл  ол  30  теңгеден аспады.  Бұл  баға  шаруаның  әр  гектар  егістікке  жұмсаған  қаржылай  шығынын  да  ақтамайды.  Сондықтан  алты  ай  жаз  қалтасындағы  барын  жұмсап,  маңдай  терін  төгіп  жүріп  өсірген  өнімін  арзан  бағада  сатқысы  келмеген  көпшілік  диқандар  «дала  аруының»  дәнін  қырманда  қыстатып, ақ  қар,  көк  мұзда  жанкешті  жағдайды  бастан  өткеруде. Әсіресе,  тұрғындарының  басым  көпшілігі  жүгері  өсірумен  шұғылданатын Басқұншақ, Бірлік, Үлкеншыған,  Шолақай, Үшарал,  Пенжім  ауылдық   аумақтарына қарасты елді  мекендердегі  қожалықтардың   көпшілігі  өндірген  өнімін  сата  алмай  отыр. Алмалы,  Алтыүй, Пенжім,  Төменгі  Пенжім  және  Ават  аулдарындағы  қырмандарда сары алтындай дән тау-тау болып қар астында қыстауда. 
Аудан  орталығында  Крахмал – сірне  зауыты  он  жылдан  бері  жылына  10  мың  тоннаға  жуық  жүгері  дәнін  қабылдап,  одан  әртүрлі  тауарлар  өндіріп  келген. Соңғы  жылдары  жаңа зауыт  салынып,  ол  еліміздегі  индустрияландыру  бағдарламасы  бойынша  қаржыландырылып, өткен  жылы  оның  алғашқы  кезеңі  іске  қосылды. Биыл  зауыт  толық  қуатында  іске  қосылмақ. Жаңа  зауыттың  жүгері  дәнін  ұқсату  қуаты  50  мың  тоннадан  асады. Биыл  бұл  кәсіпорын  шаруалардан  25  мың  тонна  жүгері  қабылдаған  екен.
Өткен  аптада  аудан  әкімінің  ауыл  шаруашылығына  жауапты  орынбасары  Шұхрат  Құрбанов  пен  аудандық  ауылшаруашылық  бөлімінің  басшысы  Азат  Әбдікәрімов  өңірдегі  жүгері  өсіретін  ЖШҚ  жетекшілерін  жинап, әңгіме  өткізді. Осы  басқосуға  арнайы  шақырылған  "Жаркент  крахмал-сірне"  зауытының  атқарушы  директоры  Вельиям  Халиков жоғарыдағы  келтірілген  цифрларды  айта  отырып, қазір  қабылданған  жүгеріден  400  тоннадай  қалғанын,  соны  ұқсатқан  соң  наурыз  айында  тағы  жүгері  дәнінің  килесін  25  теңгеден алатынын  жеткізді.
«Даудың  басы  Дайрабайдың  көк  сиыры»  демекші,  қыстың  соңғы  айының  ортасындағы  жүгеріші  мен  сатып  алушылардың  басын  біріктірген  басқосуға  жақында  БАҚ жариялаған  далада  қыстаған  «дала  аруының»  дауы  себеп  болыпты.  «Ештен  кеш  жақсы»  демекші, атқарушы  биліктің  шұғыл  қарекетке  көшкеніне  себепші  болған  ақпарат  құралдарының  жазығы  жоқ. Алайда  бұл  мәселені  біз  жүгері  жинау  науқаны  аяқталған  қараша  айының  басында-ақ,   «Өнім  неге  өтпейді?»  деп жалаулатып  көтерген  болатынбыз. Аудан  тұрғындары  өндірген  дәнді  дақылдың  99  пайызын  құрайтын,  ауыл  халқының  негізгі  тіршілік  көзіне  айналған  жүгері  өндірісінің  өнімін  уақтында  өткізуге  септігін  тигізбеген  аудандағы  атқамінер  ауылшаруашылық  мамандарының  қарекетсіздігі  түсініксіз.
Қаңтар  айында  Қуаныш  Сұлтанов  бастаған  бір  топ  Парламент  депутаттары  келгенде де жүгері  өнімін  өткізу  мәселесі  айтылды. Депутаттар  Үкіметке  хат  жолдап,  жүгері  өндірісін  субсидиялау  көлемін  көтеретін  болды  деген  жақсы  хабар  жетіп,  алдағы  тіршілікке қатысты шаруалардың  үміті  оянды.  Алайда,  бұл  әлі  толық  шешімін  таппаған  жай  екені,  ол  болашақтың  игілігі болып табылатыны анықталды.
Аудан  әкімдігіндегі  басқосуда  Пенжім  ауылының  тұрғыны  Садат  Надырова  жанайқайын  былай  жеткізді: « Менің  балаларым  жүгерінің  құнсыздығын  ұқпайды. Апа  қырманда  жатқан  жүгеріңді  сат  та,  бізге  киім,  оқулық, дәмді  тамақ  әпер  дейді. Мен  барымды  сол  жүгеріні  өсіруге  жұмсап, қазір  оларды күнделікті  қажетінен  тарықтырып  отырмын».
Жиынға  арнайы  шақырылған  Ұйғыр  ауданындағы  «ҚазРосБройлер»  АҚ  құс  фабрикасының  жем  дайындаушы  маманы  Мұрат  Табылғанов  30  мың  тоннадай  жүгері  дәнінің  келісін  25  теңгеден  сатып  алатынын,  алайда  тауар  ақысын  кешіктіруі  мүмкін  екендігін  ашық  айтты. Жүгері  алушылардың  бәрі  шаруаларға  дән  ылғалдылығы 14  пайыздан  жоғары  болмауы  және  тауарды  өздері  жеткізіп  беруі  керектігін  ескертті. Жол  шығыны  мен  дәнді  арнайы  орында  кептірту  шаруа  шығынын  көбейтіп,  соның  салдарынан  тауар  өндіруші  түпкі  нәтижеде  жүгері  дәнінің  құнын  16-18  теңгеге  дейін  төмендетіп  сатады. Бұл  олардың  жүгері  өсіруге  жұмсаған  қаржысын  ақтамайды, қайта шығынға  батырмақ. Қысқасы  «Жапалақты  таспен  ұрсаң  да,  тасты  жапалақпен  ұрсаң  да  жапалақ  өледінің»  кері  болып  тұр. Ал  «дала  аруы»  атанған  дақылдың  бағалы дәні  әлі  қырманда    жатыр. Енді,  санаулы  күндерден  кейін  күн  жылынып,  диқандар  далаға  соқа  салудың  қамына  кіріспек. Алайда  өткен  жылы  өндірген  өнімі  өтпеген   жерді олар қандай қаржыға игермек. Қазіргі кезде басшыларды да, қосшыларды да  осы мәселе толғандыруы тиіс.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста