Ботақарада жүн қабылдау орны ашылды
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде қой жүнін өңдеу цехы ашылып, жұмыс жүргізе бастады. Газетіміздің көзіқарақты оқырмандары қой жүнін өңдеу мәселесіне қатысты «Алаш айнасының» беттерінде жарық көрген проблемалық мақалалармен таныс болуы керек. Шынтуайтында, жылына 40 мың тоннадан астам жүнді өртеп жіберетін, болмаса, сай-салаға шашып тастайтын салдыр-салақ қалпымыздан арылатын кез әлдеқашан жеткені белгілі ғой. Газет көтерген мәселенің өзекжардылығына көз жеткізген ботақаралық кәсіпкер осы олқылықтың орнын толтырсам дейді.
Ботақарадағы жүн қабылдау цехы ел көлемінде жұмыс істейтін саусақпен санарлық кәсіпорынның бірі болмақшы. Аймаққа белгілі кәсіпкер Ғабдусағат Әлімов қолға алып отырған бұл шаруаға жергілікті билік тізгінін ұстаған азаматтар да қызу қолдау көрсетіп отырған жайы бар. Кәсіпкердің «Сұңқар-2005» атты шаруа қожалығы жанынан ашылып отырған аталмыш жүн қабылдау цехының жобалық жалпы құны 71 миллион теңге екен. Ғ.Әлімов өз қаражатына кенттің бір шетіндегі ғимаратты жөндеп алып, Қытайдан жүн тазартатын, шаятын арнайы құрылғы алдырып, қазіргі таңда іске кірісіп те кеткен екен. Құрылғының технологиялық желісі іске қосылған бетте, алғашқы тексерістері жұмыс ырғағын таяу арада толық жолға қоюға мүмкіндік беретіні аңғарылады.
Өткен қыркүйек айының басында аталмыш кәсіпорынға Бұқар жырау ауданының әкімі Ш.Мамалинов арнайы барып, іскер азамат бастаған ұсынақты шаруаға көз жеткізіп қайтты. Әкімнің кәсіпкерге келуі, көмек қолын созып, ниеттестік таныту белгісі екені анық. Ал кәсіпорын өз жұмысын, бұйыртса, 16-желтоқсан күні – Ел Тәуелсіздігінің тұғырлы мерекесімен орайластыра бастамақшы болып отыр. Қыс бойы аймақтағы жұрттан жүн қабылдап, келер жылдың сәуірінде толық қуатымен өнім шығара бастамақшы. Айына 50 тонна жүн тазартып, алыс-жақын шетелге экспорттамақшы болып отырған кәсіпорында 32 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Цехтың жұмыс ырғағы қой жүнін қабылдап, тазалап шаюға бағытталған екен. Ең әуелі алыс-жақындағы шаруалардан, жұртшылықтан бір келі жүнді 25-30 теңгеден сатып алып, түсіне қарай қолмен сорттау жүргізілмекші. Одан соң, қопсытылып, таралған жүн жуу цехына жіберіледі. Техникалық кальций содасымен төрт рет жуылып, шайылатын жүн кептіріліп, бастырылып, түтіліп, арнайы құрылғы арқылы тең-тең боп, қатталмақшы. Бір тең 120 келі басады екен. Елден жүн жинайтын кәсіпорын тазартылған, жуылған жүнді одан әрі өңдеу үшін шетелге асырады-мыс. Себебі, Қазақстанда пима басатын бірер цехтан басқа қой жүнін кәдеге асыратын кәсіпорын жоқтың қасы. Шынтуайтында, жүннен жіп иіріп, кілем тоқитын, киім-кешек тігетін зауыт-фабрика өзімізде болса, шикізат өндіруші ретінде ғана емес, толыққанды тауар шығара алатын қалыпқа жетер едік қой. Әләзір осы жүннің өзін ысырап қылмай, шетелге жібергенге де тәубе айтарымыз хақ...
Ғабдысағат Әлімов, кәсіпкер:
– Біздің кәсіпорынның өзінің жеке су скважинасы бар. Жеке қазандығымыз да бар. Тек шайынды суды сыртқа шығаратын септик жүйеміз ғана әлсіз болып отыр. Толық қуатпен жұмыс істеп, айына 50 тонна жүн тазартып шығаратын болсақ, бұл бізге кедергі келтіретін болады. Бірақ жергілікті аудан басшылығы бұл жайтқа көмек береміз деп уағда қылып отыр. Бұйыртса, келер жылы қазына қаражаты арқылы орталық канализацияға қосылмақшымыз. Қазір сол мақсатқа жету үшін құжаттар әзірлеп жатырмыз. Оның сыртында, шаруалардан жүн жинау шаруасы да оңай емес. Келісін 25-30 теңгеден қабылдайтын болғандықтан, шалғайлау орналасқан аймақтардан жүн жинау шығынға соқтырады. Шаруалардың өздерінің әкеп беруі үшін де артық шығын болмақ. Осы орайда, мен Тараздағы жүн қабылдау орталығының іс-тәжірибесімен таныстым. Оларға жүн тасымалдау, жеткізу үшін арнайы дотация беріледі екен. Әйтпесе, өзін-өзі ақтамайтын шаруа бұл. Ал қабылдаған жүнді өткізу мәселесі оңтайлы шешіледі. Қазірдің өзінде Ресейдің, Қытайдың кәсіпорындарымен байланысымыз бар. Бұйыртса, шетелге шығарамыз. Бір қызығы, шетелдіктер қызыққан біздің өнімге өз кәсіпкерлеріміз назар аудармай отыр...