Бизнесіңізге инвесторды қалай қызықтыру қажет?
Егер бизнесті тірі организммен салыстырсақ, онда ақша организмдерді қоректендіретін «қан» қызметін атқарады деуге болады. Иә, бизнес бастау үшін ақшаның қажеттілігі зор. Әрине, жобаңызды бастар керекті қаражат өзіңізде болса жақсы. Ешкімнің көмегінсіз өзіңіз қожа, өзіңіз би. Сіздің белгілі бір бизнес-идеяңыз, стартап не бизнес-жобаңыз бар дейік, бірақ ақшаңыз болмаса ше?Осындай жағдайда бизнесіңізге инвесторларды қалай тартуға болады? 7kun.kz сіздерге пайдалы кеңестерімен бөліседі.
Инвесторға оған түсетін пайданы көрсетіңіз
Инвестор — ақшасы сізден көп адам. Сондықтан, ең бірінші жобаңызға қаржыландырудың оған әкелетін пайдасын ашық көрсетіңіз. Көбінесе инвесторды бизнесіңіздің қаншалықты инновациялық екені, сіздің керемет адам екеніңіз қызықтырмайды. Оған бастысы — инвестициясынан түсетін дивиденттер.
Сондықтан табыстың қанша пайызы инвестордың үлесіне беріледі, сізде қаншасы қалады осыны шешіп алу
керек. Жобаның шығыны өтеліп болғанша, инвесторға пайданың жартысынан көбін берген жөн. Кейін, бизнесіңіз қарқынды жүріп, шығынын өзі жабатын болғанда инвесторға бөлінетін үлесті де қысқаратуыңызға болады. Бастысы келісім-шартқа отырғанда осы тармақтарды ашық әрі айқын жазып, ескерту керек. Ал ондай шарттарсыз, уақыт өте үлесін кемітемін десеңіз, ешкімге ұнай қоймас.
Инвесторға, қайда қаражат бөлетінін жақсылап түсіндіру үшін презентация дайындап алыңыз. Сіздің бизнесіңізге қатысты барлық ақпараттар болуы керек. Осылай көрсету арқылы инвесторға сізге не үшін ақша керектігі, сізден қайтарым бола ма, жоқ па деген және т.б. сұрақтардың жауабы түсінікті болады.
Инвесторға барынша айқын әрі ашық болыңыз
Жобаңыз болашақта табысты болу үшін сіз инвестордан аз ақша сұрамайсыз. Ол ақшасының белгісіз бағыттарға жұмсалып кеткенін қаламайды. Сондықтан да, сізге ақшасын сеніп тапсырғалы отырған инвесторлармен барынша адал болыңыз. Бұл ең бірінші, инвесторға ұсынатын қаржылық есептемеден көрінеді. Есептемеңіз қаншалықты айқын әрі нақты болса, инвесторыңыздың да көңілі тоқ және сізге сеніммен қарайтын болады.
Тағы бір мәрте жоспарыңызды пысықтап алыңыз
Жоғарыда айтып кеткендей, бинес жобаңыздың әр тармағы бүге-шүгесіне дейін жазылуы керек. Бұл ақпараттар инвестордың көңілінен шығып, қаржы бөлуіне әсер етеді. Алайда біраз уақыт бұрын құралған жоспарларыңызды қайтадан қарап отырғаныңыз дұрыс.
Инвесторлардың капиталы соңғы орында тұрсын
images Дегенмен де инвесторлар қаржысы сіз үшін соңғы орында тұруы қажет. Егер сіз бөтен біреудің ақшасын алсаңыз, бөлісуіңіз қажет болады. Бұл, әрине, дұрыс. Бірақ сізге керек пе?
Сондықтан қаржыны алдымен өзіңіз іздегеніңіз дұрыс. Ата-ана, достар, туыстар — барлығын да көмекке шақыру қажет. Оңай жол емес, ал кейін ешкіммен бөлісіп, ешкімге есеп берудің қажеті болмайды. Тек қарыз ақшаны қайтарып беру керек.
Сізге қандай инвестор керек екенін анықтап алыңыз
Көбінде бизнесті енді бастаушылар қандай мүмкіндік болмасын инвестиция керектігінен кіммен болсын келісуге дайын тұрады. Алайда бұл дұрыс емес. Инвесторлардың қаржыландыру мақсаты әртүрлі болуы мүмкін.
Мысалы, стратегиялық инвесторлар қаржыландырса, олар кәсіпорынның барлық қызметіне, акция пакеттеріне бақылау жүргізіп, болашақта да өзі шешім қабылдап отыруды қалайды. Оған мұндай ерік беруге дайынсыз ба?
Қаржылық инвестор болса, басты мақсатқа ақша ағымын құруды жоспарлайды. Оған сіздің қалай және немен айналысатыныңыз қызықтырмайды, бастысы сіздің жұмысыңыздан жүйелі түрде, жоспарланған пайданы алып отырса болғаны. Егер сіздің бизнесіңіз қомақты қаржыны әрі өзін-өзі жабуы ұзақ уақытты талап ететін болса, бұл инвестор типіне жүгінбегеніңіз дұрыс.
Кейбір инвесторлар жобаны белгігі деңгейге көтерілуі үшін ғана қаржыландырады, ал сосын бизнестегі өз үлесін басқа адамға бағасын қымбаттатып сатып жібереді. Кімге сататынын сізден сұрап жатпайды. Жаңа серіктеспен жобаға әртүрлі позициямен қарауларыңыз мүмкін, бұның соңы неге апарып соғатыны белгісіз. Дәл осы типтегі инвесторлармен де жұмыс істеген де, алдын-ала мұқият ойланып алу керек.
Бар құжатыңыз дайын болсын
Әдетте, инвесторлар идея деңгейінде ғана жүрген жобаға қаржы бөлу туралы ойламайды да. Тіпті
инвесторлар кем дегенде жобаңызбен танысуы үшін, сіз оған толық заңдастырылған әрі сауатты құжаттарды, соның ішінде егжей-тегжейлі бизнес жоспарыңызды қамтып ұсынуыңыз керек. Егер бір құжат не басқа да бір жері дұрыс болмаса инвестор бизнес болашағынан бұрын сізге сенбейді.
Инвестормен келіссөзде аулақ болатын 5 сөйлем:
«Менің бизнес-идеям әзірге құпия, сондықтан егжей-тегжейлеп ашық айтып жатпаймын». Инвестор қолын қойып не қаржыландырып болғанша ештеңе білмейтін болады деген ойдан арылу керек. Бұндай тәсіл бірлесіп жұмыс жасаудың барлық мүмкіндігінен айырады.
«Біздің командада басшылық арасында барлығы жақсы емес». Бұны естіген инвестор теріс шешім қабылдауы мүмкін.
«Бізге инвестиция жарнама жасау үшін қажет. Сонда біз көп клиент тауып, оларға жарнамамызды сататын боламыз». Бұл сіздің бизнес-моделіңіздің қарқыны әлсіз екенін көрсетеді. Кәсіпкер 100 теңгесін 99 теңгеге сатып жатыр деген сөз. Бұл ұсыныс жүзеге аспайды.
«Мен жобаның негізін қалаушысымын, бизнесті өзім жүргізбеймін. Жақсы жүргізетін біреу тауып аламыз». Бұл бірден сіздің мүмкіндігіңізді нөлге жібереді.
«Болмай жатса менде тағы бірнеше жоба бар». Бұл сөздерден кейін инвесторға тек проект ұсынатын ғана қабілетке ие адам ретінде көрініп қалуыңыз мүмкін.
Жұлдыз Ерік «7»