БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Қазақ бизнесі мен қайырымдылық концепциясының ара қатынасы қандай?
Біз ғой үнемі: «қазір ауқаттылардың беті бұқараға бұрыла бастады. Кәсіпкерлеріміз халықтың ауыртпалығын көтеруге бейіл. Қандай да бір кәсіпкерден көмек сұрасаң, үйіп-төгіп, бұзып-жарып көмектесіп тастамаса да қолұшын беруге әзір» дейміз.
Осы шынымен де солай ма? Қазақ кәсіпкерлері қайырымдылық дегеннің концепциясын расымен санасына сіңіре алды ма? Бүгін Алаш айнасының тілшісі ретінде «Бизнес әліппесінде» осы сауалдартөңірегінде сөз қозғауды  жөн көрдік.
Алдымен қағидадан бассақ...
Қайырымдылыққа қатысты бизнес әлемінде көптеген қағидалар бар. «Кең болсаң, кем болмайсың», «Бір қолыңмен берсең екінші қолыңмен аласың»  дегенді бүгінде әрбір қазақ кәсіпкері жадында ұстағысы-ақ келеді. Жалпы, бизнестің қайырымдылық қағидаларын ескерер болсақ, қайырым мен мейірімді атақ шығару үшін әсте қолдануға болмайды. Осыны ескергендіктен Батыс елдеріндегі бизнес біліктілері «қайырымдылықты неғұрлым жарияламай жасырын істесең, соғұрлым табысың еселенеді» деседі.
Өкініштісі сол, қазақтың қазіргі бизнес серкелері қызды-қыздымен қайырымдылықты атақ шығарудың жаңа тәсіліне айналдырып алғаны да жасырын емес. Мысалы, жетімдер үйіне бір теледидар мен бір компьютер сыйлап, сонысын бүкіл БАҚ өкілдерін шақырып алып көрсетіп, өзін-өзі жарнамалап жүргендер бізде жетіп-артылады. Мұндай әрекеттерге қарап «біздегі қайырымдылық концепциясының сипатының жеткен жері осы» дейсің амалсыз.
Негізінен, қайырымды іс жасауда шын мұқтаж адамның алғысынан артық разылық жоқ. Бастысы көрсетілер қайырымдылық ешқандай есепсіз, айла-амалсыз, жарнамасыз, шынайы болғаны жөн. Бұл жөнінде отандық қаржыгер Ғалым Байназаровтың: «Қайырымдылық жүректен шынайы шығуы керек. Қайырымды істі кейін қайтымы болады-ау немесе осы арқылы ұпай жинаймын ғой деген оймен жасау дұрыс емес. Мұндайда сізге кірер кіріс теріс айналады. Абзалы қайырымдылық ілімін жетілдіріп, арнайы жоба жасап отыру керек» дегені бар еді.
Қайырымдылықтың да «ақылды-ақылсызы» болады
Бағамдасақ, қайырымдылықтың да ақылды-ақылсызы болатын көрінеді.
Мысалы, қандай да бір кәсіпкер балалар үйіне қымбат теледидарлар,  унитаздар әкелді делік, шатыр, дуал орнатты, тіпті лагерьлерге  балаларды демалуға апарды делік. Рас, бұл – қайырымдылық. Бірақ нақ осы қайырымдылықты мамандар  «ақылсыз» қайырымдылыққа жатқызады. «Өйткені бұл игі істер балалар үйіндегі негізгі әлеуметтік мәселелерді шешпейді. «Бүгінгі күні балалар үйінің тәрбиелеушілерінің біліктілігін арттыру, балаларды ересек өмірге дайындау үшін және басқа көмектер қажет» дейді мамандар.
Меруерт Молдабаева, әлеуметтанушы:
–Жоғарыдағы ресурстар текке кетіп, жәрдем нысанадан тыс кетеді. Сол барлық қымбат дүниелерді, теледидарларды жинап алып, сатып, бірнеше ұзақ мерзімді жобалар жасауға болар еді.  Жобалар балалар үйінің жұмыс жасау жүйесін, ұжымды, балаларды өзгертетін еді. Бұл дегеніміз жүйені, қарым-қатынасты өзгертетін, стереотиптер мен мифтерді жоятын «ақылды» қайырымдылық болатын еді. Тағы бір мысал, жетім балалар жазда лагерьлерге кетіп, уақыттарын босқа өткізетін жағдайды алайық. Әрине, бұл да дұрыс. Бірақ мұның орнына өзге де шетелдерде тренингтер, семинарлар, оқыту арқылы оларды ересек өмірге дайындауға болады емес пе? Ертеңгі күні бұл оларға маңыздырақ болатын еді. Міне, біздің қазақ бизнесіндегі қайырымдылық жасау мәдениеті осындай деңгейге көтерілсе, біздің болашағымыз да жарқын болар еді.
Сөйтіп, мамандарымыздың пайымдауынша, қайырымдылық ілімін сызып, жобасын жасақтау елде қайырымдылық жасау мәдениетін көтереді. Бұл – біздің отандық бизнес үшін нақ қазір қажеттілік.
Мейірімділікті жоспарлау мүмкін бе?
Сөйтіп, ғылыми тұжырым бойынша қайырымдылық жасауға да арнайы жоспар құрып, дайындалу керек екен. Ол үшін алдымен өзіңізге-өзіңіз «Қайда? Қалай? Не үшін?» деген сауалдарды қоя білгеніңіз жөн. Мысалы, «қайда» деген сұрақ сіздің қай жерде, қандай қайырымдылық жасайтыныңызды анықтайды. Сөйтіп, бұл сауалды өзіңізге жиі қою арқылы сіз өз қажеттілігіңізді де өзгені де қанағаттандыра алады екенсіз.  Ал «қалай» деген сауал сізді қайырымдылық жасауға жан-жақты дайындалуға бағыттайды. Демек, сіз жай ғана қайырым жасай салмайсыз, бұл орайда мұқтаж жанға не қажеттігіне зерттеу жасайсыз. Осыдан кейін сіз ізгілікті істі жоспарлағанда жоспар бойынша өзіңізді ұстана білдіңіз бе? Осы сауалдың астарына үңіліп көріңіз.  Қаржы кеңесшілерінің айтуынша, алға белгілі бір мақсаттар қойып, ол мақсаттарды тізіп, оған жетудің бағасын біліп, мерзімін анықтау қажет.
Негізінде, жоспарлауға қатысты жоғарыда айтылған әрекеттер қайырымдылық жасай отырып, қалтаңыздағы қаржыны бақылаудың бір бөлігі болып табылады. Егер сіз «қайырымды іс жасауға кеткен шығысты келесі бір бизнес жоспарды іске асыру арқылы орнын толтырамын» деп ойласаңыз, ізгі істен аянбаңыз. Тіпті «қайырымды іс жасау үшін бұрын жоспарланған мақсаттардың бірін құрбандыққа шалсаңыз да артықтық етпейді». Мұндай қайырымдылықтың сізге керісінше күш-қуат беретінін ғылым әлдеқашан дәлелдеген.

•  Есіңізде жүрсін:

Абай ОМАРОВ (коллаж)
Қайырымдылықтың формуласы қазақтың генінде бар
Жалпы,  қайырымдылық тұрғысында Алаш айнасы пікірлескен мамандардың дені қарапайымдылыққа бастайтын формула қазақтың генінде бар дүние екенін нықтай түседі. Сондықтан сауатты түрде жетілдіріп жіберсе, әр істің басы-қасында жүрген қазақ азаматтарының  қайырымдылық мәдениетін тереңдете алатынына күмәніміз де жоқ.  Бұл турасында, жалпы генетика және цитология институты директорының орынбасары Бақытжан Бекманов былай дейді:
- Қайырымдылықтың негізгі формуласын француздар альтруизм деп санайды. Алтуризм дегеніңіз - басқаларға риясыз қызмет етуге тырысу. Бұл эгоизмге қарама-қарсы сезім. Бұл ұғымды гендік теорияға енгізген француз философы әрі әлеуметтанушысы О. Конт. Ол бойынша альтруизмнің «басқалар үшін өмір сүр» қағидасы қоғамды моральдық тұрғыда жетілдіруге көмектеседі. Біздің жадымызда жүруі тиіс нәрсе - марапат пен мадақтау күтпейтін альтруизм түрі қазақтың генінде басым. Сондықтан альтруизм  қазаққа таңсық дүние емес. Ендеше болашақта қазақ кәсіпкерлерінің қайырымдылық, ізгілік көрсету мәдениеті жоғарылайтыны даусыз. Себебі қазірде көптеген іскерлік танытып жүрген кәсіпкерлеріміз халыққа пайдалы істер атқарып жатқаны шындық. Бізге жабайы кәсіпкерліктен арылатын кез әлдеқашан жетті. Сондықтан әрі қарай кәсіпкердің әлеуметке көмек қолын созуын жетілдіреміз десек, халықаралық тәжірибеге сай, заманға лайық бастамаларды қолға алып оларды жетілдіргеніміз жөн.

* Генімізде бар қайырымдылықтың 9 қағидасы
1. Рақымшылық білдіру. Өзгелерге де, өзіңізге де шынайы рақымшылығыңызды білдіруден жалықпаңыз. Кеш сайын өміріңізде болған қайырымдылық жасаған сәттеріңізді еске алып, соған себепкер болған адамдарға, жалпы өмірге рақмет айтып отырыңыз.
2. Өзіңді басқалармен салыстыратын артық ойлардан аулақ бол. Өмірде болып жатқан келеңсіз жағдайларды сирек ойлауға және өзіңізді басқалармен салыстырмауға тырысыңыз. «Істегенім өкінішті болды... Басқаша істеуім керек еді…» деген сияқты ойлардан аттап өтіп отырыңыз.
3. Мейірімділік әрекеттеріне машықтаныңыз. Альтуризм өмірді көңілді сүруге көмектесіп келеді.
4. Қарым-қатынасты дамыту. Көпшілікпен жылы қарым-қатынас орнатып, ол үшін күшіңізді де аямаңыз.
5. Мәселелерді шешудің өзіндік стратегиясын жасап алыңыз. Шаршау, жарақат, қиындықтармен күресетін өз стратегияңызды пайдаланыңыз.
6. Кешірімді болыңыз. Барлық өкпе мен ренішіңізді қағазға түсіріп, хат жазыңыз. Оны жіберу міндетті емес, тек бір оқып алыңыз да «осымен бәрі кетсін» деп, жағып жіберіңіз.
7. Мақсаттарыңызды айқындаңыз. Алға қойған мақсаттарыңыздың бірін айқындап, бар назарыңызды соған бөліңіз және оның іске асуына бар күшіңізді салыңыз.
8. Зиянды әдеттен құтылу. Үнемі күлімдеп жүру де пайдалы. Жүзіңізден үнемі мейірімділіктің табы сезіліп тұрсын.
9. Есепке жүгінбеу. Қайырымдылықты есеппен жасамаңыз, ниетіңіз шынайы болсын. Сонда сіздің кірісіңіз еселене түседі. Тек істер ісіңіз шын ниеттен болсын.
•    Қайырымдылық жасап аты шыққан тұлғаларды білеміз бе?


Кедей әрі қайырымды - Хосе Мухика
Уругвайдың президенті Хосе Мухиканы замандастары әлемнің ең кедей президенті санайды. 77 жастағы Мухика президенттік айлығының барлығын түгелдей дерлік қайырымдылық шараларға аударып отырады. Осынысы үшін әлемдегі ең кедей әрі қайырымды президент саналмақ. Ол ай сайынғы алатын 12 500 доллардың тек 10 пайызын яғни 1250 долларын ғана қалтасында қалдырып қалғанын қайырымдылыққа жұмсайды.


Ирландиялық Чак Фини
81 жасқа келген Чак Фини «The Atlantic Philanthropies» қорының негізін қалаған кәсіпкер.Ол сырт көзге ештеңесі жоқ, бақыр тиынын санаған сараң болып көрінеді. Ол тіпті соңғы 30 жылда мейрамханаға барып түстенбеген, ірі супермаркеттерден сауда да жасаймайды, қымбат бағалы заттарды мүлдем сатып алмайды. Оның жеке қазынасында 7,5 млрд доллар қаржысы бар.  Ол соның 6 млрд долларын қайырымдылыққа жұмсаған. Білім саласына, денсаулық саласына, әлеуметтік пәтерлерді ұстауға салған әрине қаржысы марапатқа лайық. 


Американдық Джек Килби
Заманға сай калькулаторды ойлап тапқан Джек Килби де әлемдегі қайырымды адамдардың қатарында. Джек  Килби алғашқы микрочипті ойлап тауып  калькулатор мен есептеуіш машиналарды қолдануға болатынын дәлеледеді. Ол жыл сайын 10 млн долларын жетім балаларды демеуге жұмсайды.


Эндрю Карнеги
Ол өзінің бірінші жартысын ақша жинауға жұмсаған. «Ал өмірімнің екінші жартысында сол жинаған ақшамды таратып беруге арнаймын», – деген екен. Карнеги алға қойған осы мақсатымен жігерленіп, өмірінің бірінші жартысында 450 млн доллар қаржы жинаған екен. Сөйтіп, расымен де, өмірінің соңғы кезінде сол жиған қаржысының игілігін халыққа көрсету мақсатында әке-шешесіз панасыз қалған балаларға арнап кітапханалар мен театрлар салған.


Қазақ баласы Төрегелді
Әлемдік деңгейде 41 адамға ғана бұйырған ең жоғары  Леон Бернард наградасымен мараптталған Төрегелді Шармановтың қайырымдылық қағидасы да елеуге тұрарлық. Төрегелді Шарманов өзіне мемлекеттік сыйлық үшін  берілген 10 мың долларды жетім балалар үйіне аударса,  «Тарлан» Платина сыйлығы үшін берілген 10 мың долларды әл-ауқаты төмен отбасылардан шыққан сутдент балаларға үлестіріп берген.  Ол  жетпіске келгенде, «сіздердің маған деген құрметтеріңізге ризамын, «меройтойға беремін» деген қаражаттарыңызды лейкозбен (ақ қан) ауырып, дертке ұшыраған балаларды емдету үшін құрылған қордың есепшотына аударсаңыздар» деген газетке арнайы хабарландыру жазған сәтінде  бір облыстың әкімі «Төке, мұныңыз дұрыс емес, сізді ешкім қолдамайды. Дон Кихотсыз ба, дүниеңізді тарататын» деген екен.  Сөйтіп, 70 жылдық мерейтойына жиылған 3 миллион теңгені  бірден Педиатрия және балалар хирургиясы институты жанынан ашылған «Ребенок в беде» атты балалардың ақ қан ауруын емдеу үшін құрылған қайырымдылық қорына аударады. Әлгі қор қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қазірде Төрегелді Шарманов Қазақ тағамтану академиясының президенті, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаған тұлға ретінде әлемге танымал.

•    Ұсыныс:
Ынтаны менеджерлер арқылы арттырсақ қайтеді?
Бизнестегі қайырымдылық туралы сөз еткенде мамандарымыздың алдымен тілге тиек етері Батыс кәсіпкерлерінің мецанаттығы. Сарапшыларымыз бұл ретте «Батыста кәсіпкерлер қайырымдылық жасауға өздері бейіл. Себебі өркениетті елдердің біршамасында қайырымды кәсіпкер әжептәуір салықтан құтылады» дейді. Тіпті ол елдерде қайырымды азаматтың атағын аспандатып отыратын PR-менеджерлер легі де жеткілікті. «Міне, осы тәжірибені бізге де қолдану қажет» дейтін мамандар пиар менеджерлер қызметіне жүгіну кәсіпкерлердің ірі-ірі компаниялардың қайырымды іс жасауға ынтасын аша түсетінін алға тартуда.
Қайшы пікір:
 Дұрыс...
Меруерт Молдабаева, әлеуметтанушы:
– Мұндай менеджерлер тобының жасақталуы жұртшылықтың қайырымдылық қорларына деген көзқарасын өзгертеді. Себебі қазірде кәсіпте жүрген азаматтарға қайырымдылық қызмет көрсету туралы түсіндіру тіптен қиын. Сондықтан олардың жұмысын насихаттап отыратын, оларды қайырымдылыққа шақыратын пиар менеджерлер бізге керек-ақ. Мұндай менеджерлер арқылы біз кәсіпте жүрген азаматтардың да қайырымдылық көрсетуге деген ынта-ықыласын арттыра аламыз деп ойлаймын. Мысалы, біздің іргеміздегі Қытайда пиар менеджерлер қызметі бар. Олардың міндетіне кіретін басты дүние: қайырымды іс қылған адамды БАҚ өкілдері арқылы жарнамалап, насихатты сауатты атқара білу. Пиар менеджерлер тобын жасақтау қайырымдылық қорларының ісін де және қайырымды іс қылған азаматтардың жұмысын да халыққа ашықтан-ашық жария етуге көмектеседі.
Бұрыс...
Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:
– Меніңше, бізге әртүрлі менеджерлер легін жасақтап, олардың қарасын көбейткеннен келер пайда жоқ. Бұған қатысты айтарым, біздің мемлекетімізде қайырымдылық жасаған кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер қарастырылғаны абзал. Әрине, бұл үрдіс қазір бізде бар. Мысалы, Қазақ елінде қайырымды іс қылып, әлеуметке сауапты қызмет қылған компаниялар мемлекетке төленетін салықтың 3 пайызынан құтылады. Яғни қайырымдылық жасасаң, салық 3 пайызға арзандайды. Ал Батыс елдерінде мұндай іс қылған кәсіпкерлерге 20-30 пайызға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Осындай шараларды қарастырсақ, кәсіпкерлердің қайырымдылық іске деген ынтасы да ұлғаяды. Қайырымдылық жасайтын кәсіпкердің қарасы көбейгеннен кейін оларды халық та жақсы таниды. Осыдан кейін барып пиар менеджерлер қызметі бізге тіптен керексіз болып та қалады. Сондықтан мәселенің осы жағын ойластыру қажет тәрізді.

Бейтарап пікір:
Мейрам Қабдрахманұлы:
- Біздің елімізде қайырымды іс жасайтын азаматтар баршылық. Бірақ солардың насихаты келіспей жатады. Пиар менеджерлер қызметіне жүгіну арқылы да осы олқылықтың орнын толтыруға болады. Егер қандай да бір кәсіп иесі әлеуметке қол ұшын тигізіп, жұртқа жақсылық жасап жатса, неге оны жарнамаламасқа?! Егер арнайы мамандар арқылы бұл қызмет түрін жетілдірер болсақ, біз кәсіпкерлердің қайырымдылық ісіне қызығушылығын арттырамыз. Қазірде бірен-саран ірі компанияларда мұндай менеджерлер қызметі бар. Бірақ ол менеджерлер сол компанияның өзін жарнамалаудан аса алмай жүр. Ал бизнестегі қайырымдылық қағидасын жарнамалап, қайырымды істің қайтарымы мол болатынын насихаттап, қайырым жасауға кәсіп иесін тартуға ынталанып жатқан менеджерлер бізде жоқтың қасы. Сондықтан қайырымдылық жасауды және оны жасаған адамды жарнамалап отыратын мамандар қажет. Қазақтың жоқ-жітігін түгендеуде бұл шараның атқаратын рөлі зор. Кәсіпкерлеріміз халықтың арасына еніп, олардың бір жоғын екі еселеп түгендеуі үшін қайырымдылық концепциясы қазақ бизнесіне толықтай сіңісуі қажет. Ол үшін жан-жақты сауатты мамандардың да көмегі қажет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста