Кезінде 1 Май мейрамы — Еңбек мейрамы деп те аталатын. Аз ғана уақыт бұрын толықтай бір қоғамдық-экономикалық формациядан екіншісіне өтіп отырған біздің қоғамымызда осы «еңбек» ұғымы бұрынғыдай дәріптеліп отыр ма, «еңбеккер» деген ұғымға балама таба алдық па деген сауалдарға жауап алу үшін Т.Рысқұлов атындағы Ұлттық Экономикалық университеттің доценті, экономика сарапшысы Ілияс Исаевты әңгімеге тарттық.
– Соңғы уақытта әлемдік политэкономияда Карл Маркстің «Капитал» еңбегі қызығушылық туғызып отырған көрінеді. Неліктен?
– Қоғамның даму тарихында еңбекке, еңбектің қоғамдағы зор маңызына қатысты ғылыми ағымдар көп болды. Еңбек туралы экономикалық ілімде қоғам дамуының көзі еңбекте екенін алғаш рет айтқан ағылшын ғалымдары. Олар – Адам Смит, Давид Рекардо. Олардың айтуынша, байлықтың көзі ауылшаруашылығымен айналысқан еңбекшілердің табысынан құралады. Ал капитал пайда болғаннан, еңбектің бір бөлігі капиталға айналғаннан, осылайша, капиталистік қоғам пайда болғаннан кейін еңбекке арналған ірі, іргелі ғылыми еңбек – Маркстің «Капиталы». Еуропа елдерінде, әсіресе соңғы кездерде дүниежүзілік қаржылық дағдарыстан соң кейбір мемлекеттік қайраткерлердің, шетелдік ғалымдардың «Капиталға» қайтадан бет бұруының белгілі бір себептері бар. «Капиталда» айтылған ғылыми тұжырымдамаға сәйкес, қосымша құн – адамның еңбегі. Маркстің ашқан ең үлкен жаңалығын қосымша құн теориясы деп айтамыз. Оның негізі — еңбекте, онда да – таза еңбекте. Біз капиталды кейде дұрыс түсінбейміз. «Капитал деген не?» дегенде көп адамдар ол шетелден тартылып жатқан қарыз ақша немесе банктің беріп жатқан несиесі, қолда жиналып қалған қаражат деп жауап беріп жатады. Алайда капитал деген ұғымды осылайша ақшаға, несиеге, инвестицияға, банктің пайда болуымен қатысты түсіну таяздықты білдіреді. Негізі, капитал деген – өздігінен көбейетін қолда бар дүние. Ал өздігінен көбейетін бізде не бар?.. Адамның таза еңбегінің нәтижесінде пайда болған игілік қана өздігінен көбейе алады.
– Дегенмен қазір марксизмді дәріптеуге көбісі қарсы болар...
– Тағы қайталап айтамын, Карл Маркс «еңбекақы адал төленген қоғам ғана берекелі болады» деген тұжырым жасайды. К.Маркс еңбекті қорғаудың, еңбекті қадірлеудің, еңбек адамын пір тұтудың теориялық негізін қалаған. Біз Маркстің еңбегін түсінбейміз. Кезінде волюнтаристік ұстанымдар болды, социализмді, коммунизмді 20 жылдың ішінде орнатамыз деген. Өйткені ешкім марксизмді терең түсінбеген. Бұл жалғанда, таяудағы 200 жылдың ішінде марксизмді түсінетін адам бола ма, болмай ма, білмеймін. Өйткені Маркстің ілімі – еңбек туралы ілім.
Мәселен, Сіз бүгіндері ғылыми аудиторияларда, кафедраларда ғалымдардың алдына тұрып «ақша бұл – еңбек» десеңіз таң қалуы мүмкін. Өйткені олар мұны баяғыда ұмытып қалған. Шын мәнісінде, тұңғыш рет ақшаның не екеніне нақты ғылыми түсініктеме берген Карл Маркс. Ол «ақша – еңбек» дейді. Ал бүгінгі таңдағы ғылымның барлығы «ақша деген не» деген сұраққа жауап бермейді. Нобель сыйлығын алғандардың ешқайсысы бұл сауалға жауап бермеген, бермейді де. Керісінше, бұл ғалымдардың ізденісі ақшаны қалай пайдалану керек, оны қалай көбейтуге болады, одан қандай жағдайда спекуляция жасаймыз дегенге бағытталған. Неге? Мәселенің мәнісін осыдан іздеу керек.
– Маркс жекеменшікке қарсы болған деген уәж бар емес пе?
– Жоқ. Маркс ешуақытта жекеменшікке қарсы болмаған. Керісінше, ол жекеменшікті жырлап өткен, сол үшін бүкіл өмірін сарп еткен адам. Біреуді қанаған жекеменшік үшін емес, маңдай термен тапқан жекеменшік үшін. Марксизм соның ілімі, соның ғылымы. Ал капиталистік меншік жекеменшікке жатпайды. Ол екеуі — екі түрлі. Себебі капиталистік қоғам — капиталдың қоғамы. Ал капитал толығынан төленбеген, жымқырып қалған еңбекақының бөлігінен пайда болады. Мысалы, кейбір мәліметтерге қарасақ, дәл бүгінгі таңда бүкіл әлемдегі байлықтың 80 пайызы дүниежүзі халқының 20 пайызының қолында екен. Міне, өз сөзінде осындай дерек келтірген Елбасымыз 2009 жылғы 13 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті студенттеріне оқыған дәрісінде: «Қазір көптеген сарапшы, маман, ғалым дағдарыстың себебін іздеуде таңғажайып болжамдар жасап жатыр. Бірақ дағдарыстың бастауында бейбастақтық, жауапсыздық, кез келген жолмен пайданы басып қалу секілді адам нәпсісі тұрғанын мойындауға олардың көбісінің батылы жетпейді» деген еді. Өзіңіз айтыңызшы, адам нәпсісі қозған қоғамда береке орнауы мүмкін бе?..
– Демек, бүгінгі таңда еңбек ілімін қайтадан қарастыру өзектілік танытып отыр ғой...
– Мен осы уақытқа дейін «ақша – еңбек» деген К. Маркстен басқа ғалымды кездестірген емеспін. Ондай ғалым болмайды ғой деп те ойлаймын. Себебі қоғамның құрылысы, әрбір адамның мақсаты өзгеріп келе жатыр.
Мысалы, 2010 жылғы мәлімет бойынша, бүкіл әлемде 1140 миллиардер бар екен. 2008 жылы миллиардерлер саны – 793 болса, 2009 жылы олар 1011-ді құраған. Соңғы үш жылдың ішінде әлемдегі миллиардердің саны 1,5 есеге өскен екен. Осыншама байлық ат төбеліндей адамдардың қолына қалай шоғырланған?.. Бұған тек еңбек ілімі тұрғысынан жауап бере аламыз.
Бұл арада бір-ақ мотив бар. Неше түрлі құйтырқы, шытырман, күрмеуі күрделі мәселелер арқылы біреудің еңбегін артығынан жеу. Мәселен, америкалық трансұлттық корпорацияның Қытайдың арзан жұмыс күшінің еңбегін жеуі. Немесе Қазақстанның кейбір компаниялары өздерінің жұмысшысының жалақысын дұрыс төлемеуі. Міне, сондықтан еңбекті қоғамның құрылысымен бірге қарастыру керек.
Қазір біз еңбек адамынан гөрі, спекулятивтік жолмен ақша тапқан, миллиардтаған байлығы бар адамды дәріптейтін қоғамға өтіп бара жатырмыз. Бұдан еңбекке деген құрметті төмендеткен дұрыс па, әлде оны жоғарылатқан дұрыс па деген сұрақ туындайды. Қоғамға осының қайсысы дұрыс? Әрине, еңбекті құрметтеген дұрыс.
– Ал бізде еңбекті зерттеу ілімінің деңгейі қандай?
– Өкінішке қарай, қазір экономика ғылымы еңбекке бет бұрмай кетті. Бүгінгі экономика ғылымының мақсаты – маркетинг, менеджмент. Маркетинг деген — дүкен, сауда-саттық, спекуляция. Менеджмент деген — басқару. Еңбекте басқарудың керегі жоқ. Яғни, біреудің еңбегін басқарма, өзіңнің еңбегіңді басқар, өзгенің еңбегін саудалама, өзіңнің еңбегіңді саудала.
Қазір де еңбек туралы ғылым өте маңызды рөл атқарады. Кезінде «кішкентай мемлекет қысқа мерзімде қалай үлкен жетістікке қол жеткізген» деп Жапонияны зерттеген ғалымдар мұнда еңбек адамына деген құрметтің бөлек екенін анықтаған. Жапонияда өте жақсы еңбек ететіндердің, кәсіби білігі жоғары мамандардың еңбегі бағаланады, белгілі бір уақытта ондағы жұмысшылар карьералық өсуге қол жеткізеді, марапатталып, мақталады. Еңбек өнімділігін жоғарылатқан адамдарды мұнда алақанына салып, жоғарыға көтеріп жүреді. Бізге де осындай жүйе қажет.
Кезінде Алматы Халық шаруашылығы институтында еңбекті ғылыми ұйымдастыру деген кафедра болатын. Бізге сондай кафедра мен ғылым керек. Әрине, қазіргі кезде экономика ғылымының барлығы капиталды қалай басқару керек, қайткенде сауда-саттықтан көп пайда түседі деген ізденістердің соңына түсіп кеткен. Бұл дұрыс емес. Сол себепті біздің қоғамда еңбекті құрметтемеу, сыйламау бүкіл халықтық санаға айналып кетті. Өз нәпақасын адал еңбегімен тауып жүргендерге «мынау арқа еті – арша, борбай еті – борша болып, әбден бейнеттеніп, зорға күнін көріп отыр» деп күлсек, ал ананы-мынаны қағыстырып, ұрлап-жырлаған пысықайларды мақтайтын болдық. Әрине, бұл — еңбекке деген құрметті ұмытқанымыздың салдары.
– Сіздіңше, капиталистік құндылықтар жайлаған қоғамды қандай философиямен емдеуге болады?
Жастарды адал еңбекке баулу керек. Біреулер бұл коммунистік қоғамның моралі деп қалар. Жоқ. Олай ойлағандар үлкен қателікке ұрынады. Жастарды еңбекке баулу, еңбек дәстүрін атадан балаға мұра етіп қалдыру Ұлы даланың иесі қазақ халқының өзіндік моралі. «Жұмысы жоқтық, тамақтық тоқтық, аздырар адам баласын» деген Абай хакім.
Құмархана, сауықхана, ойынхана және тағы басқа «ханалар» еңбекпен айналыспаған жастарды тез бұзады. К. Маркс мұндай байлықтың кеселін капитализмнің атрибуттары деп қарастырған. Жастар қалай ғылыммен, еңбекпен айналысады, егер арам ақшалардың «түнгі клубтары» әр жерде мен мұндалап тұрса. Одан кейін қоғам келешегін кімге сеніп тапсырасың? Түнгі клубтан шығып, еліріп тұрған «ешкендерге» ме, әлде күн шыққаннан қас қарайғанша еңбек етіп, қара сіңір боп кетпен арқалап, таза ғұмыр кешкендерге ме? Сақалын сатып, беделін сатып, лауазымын сатып ақша табу – қазіргі қоғамның дерті. Ол дертті тек адал еңбекпен емдеуге болады. «Адамды адам еткен — еңбек». Бұл – материализмнің көзқарасы. Материализм кәдімгі еңбекпен өмір сүрудің қарапайым ережесі. Яғни, ғылыммен, саясатпен, философиямен, өнермен, әдебиетпен айналысу үшін ең әуелі адамға ішім-жем, киер киім, тұрғын үй керек. Ал бұл аталғандарды еңбекпен табасың. Еңбекпен келген байлық қана баянды болады.
– Әңгімеңізге рақмет!