Алматыдағы Көкбазардың маңынан «Бит сатамын!» деген жарнаманы көзіміз шалды. Кәдімгі биттің медициналық мақсатқа пайдалану үшін сатылатынын бұрын арагідік еститінбіз. Мұндаймен сыған халқының өкілдері айналысады деп естуші едік. «Бит сатамын!» деген жарнаманың жайын тексермек болғанда сығандарға не тәжіктерге, басқа келімсектерге жолығып қалармыз деп ойладық. Бірақ адамның бойында кірден пайда болып, ауру туғызатын жәндіктің бір талын 500 теңгеден сатуды кәсіпке айналдырғандар өзіміздің қаракөздер болып шықты. Мәселен, біз көрген хабарландыруды Жұлдыз есімді әйел беріпті.
Ерекше бизнесі бар алматылық саудагер кәсібінен еш қысылып тұрған жоқ. Керісінше, табыстың көзін тапқанына риза. Ол үшін педикулез – ауру емес, пайда.
Жұлдыз, бит сатушы:
– Бит – асқазанға, сарауруға бірден-бір ем. Егер алатын болсаңыз, оны ертең алып келемін. Оның бір данасы 500 теңге тұрады. Оны негізі айранмен пайдалану керек. Егер үлкен адамға беретін болсаңыз, айранға жеті немесе тоғыз дана битті салып берген жөн. Ал кішкентай бала болатын болса, онда үшеуін немесе бесеуін салып бересіз. Бит бүйрек ауруын, сарауруды, бауыр ауруларын емдеп, қан айналымын жақсартады. Битті айранға салып ішкен соң 10 күннен кейін дәрігерлік тексеруден өтесіз. Егер нәтиже жақсы болса, онда ары қарай битті пайдаланудың керегі жоқ. Ал ауру қайта қозатын болса, онда созылмалы дертке үлкен адамға тоғыз биттен үш рет ішкізген жөн. Алайда битті пайдаланғаннан кейін біраз уақыт майлы тамақ жеуге болмайды. Ол бауырға зиян. Оның орнына қарбыз, қауын, құлпынай жеген дұрыс. Қарбыз асқазанды тазалайды. Негізі, қазір битті сатып алушылар өте көп. Әсіресе студенттер жиі алады.
Міне, енді бит те сатылатын болды. Қазір мұны сатып алып, пайдаланып көрушілер де аз емес екен. Сатушылардың айтуынша, негізі, сараурумен ауырған адамның бауыры сарғайып кетеді. Бит ішке барғанда бауырға түсіп, бүкіл сараурудың сөлін өзіне тартып, ісінетін көрінеді. Кейін үлкен дәрет арқылы түседі-міс. Дегенмен бүгінгідей технология мен медицинаның дамыған заманында бұрыннан қалған халықтық емді қолданған қаншалықты дұрыс? Бұл қауіпті емес пе?
Абай ЖАНҒАБЫЛОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Мен осы асқазан, ішек ауруларын талай жылдардан бері зерттеп келемін. Сарауруды емдеудің түрлі жолдарын кітаптан да оқыдық, өзіміз де талай зерттеу материалдарын жаздық. Оны қалай емдеу керектігінің барлығы жазылып, схемасы сызылып қойылған. Енді бит арқылы сарауруды емдеуге болатынын бірінші рет естіп тұрмын. Бұл сығандардың ақша жасау үшін ойлап тапқан жабайы әдісі деп есептеймін. Мынадай медицина дамыған заманда қайдағы бір шарлатан, сығандардың сөзіне сеніп, денсаулыққа зиян келтіргенше, ауырғанда нағыз дәрігер мамандар көмегіне жүгінген дұрыс деп есептеймін. Қайта бит арқылы көптеген инфекциялық аурулар тарайды. Ол ешқандай да сарауруды емдемейді. Бұл иттің етін жесе туберкулезден айығады деген секілді бейресми халық медицинасы болып табылады. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық мамандар арқылы базарға тексеріс жасап, мұны бизнеске айналдырғандарға ірі көлемде айыппұл салып, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартуымыз қажет. Олай адам денсаулығына немқұрайды қарауға болмайды.
Шынында да, бұл – ойланарлық жағдай. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг жөніндегі ғылыми-тәжірибелік орталықтың директоры Шалғынбай Жандосовтың айтуынша, негізі мұндай келеңсіздіктермен құқық қорғау органдары айналысуы тиіс екен. Себебі оған қалалық СЭС мамандарының шамасы жетпейтін көрінеді. «Егер оларға тексерісті біз жүргізетін болсақ, онда олар «біздің ар-намысымызға тиді» деп, өзімізге қарсы шығатын болады. Сондықтан мұны тәртіп сақшылары ретке келтіруі керек. Мен мұны бірінші рет естіп отырмын. Бұл масқара ғой. Біз негізі кез келген азық-түлік тауарларына, киімге, тіпті балалар ойыншығына дейін сертификат талап етеміз. Ал битке қандай сертификат беріледі? Мұны құқық қорғаушылар жіті қадағалауға алуы керек», – дейді Ш.Жандосов.
Медет, Алматы қаласының тұрғыны:
– Менің бір танысым сарауруға шалдығып, қанша емделді, анализдер тапсырды, көптеген дәрі ішті. Қаражатының көбін емге жұмсады. Дегенмен ауруынан айыққан жоқ. Ауруын уайымдап, әбден сарсаңға түскенде үлкен апа битті айранға қосып беру керектігін айтты. Сонымен науқас адамға ештеңе айтпай, айранға 10 тал битті қосып ішкіздік. Арада біраз күн өткен соң, денсаулығы жақсарып, түрі де реңді бола бастады. Бес ай өткеннен кейін емханаға барып анализ тапсырып еді, денсаулығында мін жоқ. Кезінде соғыс уақытында осылай емделген екен.
Егер, шын мәнінде, бит, қандала, сірке секілді зиянды жәндіктердің адам денсаулығына пайдасы болатын болса, онда неге оларды лабораториялық жағдайда биофабрикаларда өсіріп өндірмеске?! Оларды неге ғылыми тұрғыдан зерттеп, дәрілік заттар шығармасқа?!.
Битті тірідей жеп, осы арқылы аурудан айығу әдісі бұрын қолданылған шығар. Мүмкін бұл біреулерге көмектескен де болуы керек. Дегенмен осы арқылы қанша адам денсаулығын нашарлатып алды, қаншасы қайтыс болды, ол жағы бізге беймәлім. Сондықтан қандай жағдай болсын егер ауыра қалсақ, нағыз дәрігер мамандарға жүгінгеніміз жөн болар. Тым болмаса халықтық емді қолдану туралы дәрігерлерден кеңес алғанымыз дұрыс. Ал битті бизнеске айналдырып, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп отырған пысықайларға полиция қызметкерлері тосқауыл қойса екен дейміз. Бұл ретте Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Сағатханұлы бұған бейжай қарамайды деген үміттеміз...