Баламалы энергетикаға отандық өнертабыс керек
Бүгінде игілігімізге жаратып отырған электр қуаты мен табиғи газдан болашақта тапшылық тартуымыз әбден мүмкін. Сол үшін дүниежүзі баламалы қуат көздерінен электр энергиясын өндіруге басымдық берген, бұл жолдан біздің еліміз де қалыс қалмауға тырысып бағуда. Бұл бағытта Үкімет жел, су, күн электрстансыларын салып, баламалы қуат көздерін көбейтуді күн тәртібіне шығарғалы біраз жылдың жүзі болды. Алдын ала болжам бойынша, жаңадан салынатын қуат көздеріне құйылатын инвестиция көлемі 107 миллиард теңгеден аспақ.
Сөз кезегінде тек бір облыстағы балама энергетиканы дамыту жайына кеңінен тоқтала кетсек. Мәселен, мемлекеттің осы бағытқа бөлген инвестициясының арқасында Жамбыл облысында жел, су, күн қуатын өндіру 2020 жылға қарай 1000 мегаватты құрайды деп жоспарланған. Әрине, қоршаған ортаның қолайлылығының арқасында өңірде жел, су және күн қуатынан тапшылық болмайтыны анық. Мұнда ең алғашқы болып Қордай ауданында күн және жел электрстансылары салынған болатын. Бүгінде осы стансылар толық қуатында жұмыс істеп, ел игілігіне жарауда. Оның үстіне, жуырда ғана қуаттылығы 2,1 мегаватты құрайтын Қарақыстақ және қуаттылығы 9,2 мегават болатын Тасөткел су электрстансылары іске қосылды. Мұнымен де шектеліп қалмай, осындай стансылар санын көбейту жоспарланған. Ағын судан қуат өндіретін Қордай-21 стансысы да пайдалануға дайын болмақ. Одан басқа 100 мегаватт энергия өндіруге қауқары жететін Жаңатас жел электрстансысы салынатын болады.
Сол секілді француздық FonrocheЕnergieSAS компаниясы «ЖамбылГидроЭнерго» компаниясымен бірігіп, күн электрстансысын салу үшін меморандумға қол қойған еді. Іргетасы қаланып қойылған бұл нысан биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның қуаттылығы – 24 мегаватт. Ал ресейлік GreenPowerJenco компаниясы 19,8 мегаваттық Меркі су электрстансысын салуды қолға алып отыр. Құны 32 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жоба екі жылда толық аяқталып, ел игілігіне жарамақ. Жалпы, облыс бойынша баламалы қуат көздеріне салынатын инвестиция көлемі 80 миллион АҚШ доллары деп белгіленген. Инвестиция көлемі көп болғандықтан, оның қайтарымы да мол болады деген сенім бар. Бүгінде өңірде табиғаттың тамаша тартуы – күннің, желдің, судың қуатын барынша пайдалануға күш салынуда. Соның арқасында өндірілген өнімнің өзіндік құны да төмен болмақ. Қалта қақпайтын арзан әрі тиімді жоба өз-өзін ақтайтынын әлден-ақ дәлелдеп отыр.
Баламалы қуат көздерін өндіруде жоғары технологиялар, негізінен, шетелден тасымалданады екен. Әрине, бұл бағытта отандық өнертапқыш пен ғалымдарымыздың енгізген жаңалығы жоқ емес, баршылық. Бір өкініштісі, олар мемлекеттік деңгейде қолдау таппай отыр. Мұндайда жаңа өндіріс орнын ашқаннан шетелден сертификатталып келген дайын өнімді тұтына салған шенді-шекпенділерімізге тиімдірек секілді деген ой келеді. Қалай дегенмен де жаппай балама энергетикасын елімізде өрістетуге басымдық берген екен, онда осындай техника мен технологияны шығаратын өндіріс ошақтарын өзімізден ашу жайына билік бас қатырса дейміз. Әйтпесе отандық ғалымдардың айтуынша, шетелден келіп жатқан сол технологиялардың кейбірі жергілікті өңірдің табиғат райына келе бермейді екен. «Мәселен, шетелден алынатын диірмен тектес жел қондырғылары мұхиттың самалына бейімделіп жасалған. Ал мұндай қондырғы біздің ұйытқыма желімізге көп шыдас бермейді, тез бүлінеді, сондықтан бұл бағытқа бөлінген ақша желге шашқанмен бірдей болады. Оның жанында отандық ғалымдардың жергілікті жердің жағрафиялық ерекшелігіне сай ойлап тапқан жел қондырғылары сапа жағынан да, жарамдылық мерзімі жағынан да, өндіретін қуаты жағынан да бәсекеге қабілетті, мықты. Сондықтан отандық ғалымдардың өнертабысы негізінде өндіріс құрсақ, еш ұтылмаймыз», – дейді академик Н.Бүктіков.
Жергілікті өнертапқыштардың ерекше еңбегі
Мұндай өнертабыстан Жамбыл өңірі де құр алақан емес. Мысалы, Талас ауданының тұрғыны Әуезхан Жаңабаев жуырда су диірменін орнатып, шарапатын көріп отыр. Оны орнату үшін алдымен түрлі тәжірибелер жасап, физика оқулығын бастан-аяқ сүзіп шыққанын жасырмайды. Алдымен дамба орнатқан, оның құны 13 миллион теңгеден де асып кетіпті. Бір жарым ай бойы машақаттанған еңбегінің жемісі де ұзақ күттірмепті. Талас өзенінің жағасынан ұзындығы – 300 метр, биіктігі – 4,5, ені 6 метр болатын дамба тұрғызған. Іргетасын бекіту үшін темір-бетон құйып шыққан. Диірменнің қуаттылығы 1 гектар алқапты суғаруға жетеді. Қарттың кішігірім электрстансы салу ойы да бар. Бірақ ақша жағы қолбайлау болып тұр. Онымен 1000 үйді электр қуатымен қамтуға болар еді. Сонда электр қуатының 1 киловаты 10 теңгеге түседі екен. Ал тағы бір Талас ауданының тұрғыны Шырынкүл Әбітаева жел электрстансысын салып алды. Жел қайда дейтіндей емес, мұнда күн құрғатпай самал есіп тұрады. Осылайша апамыз тегін электр қуатын пайдаланып отырған жайы бар.
Біз баламалы қуат көздерін өндіруге басым бағыт берілген тұста технологиямен қатар, білікті мамандарды да «импорттауға» мәжбүр екенбіз. Осы жағынан алғанда, маман даярлау мәселесі де назардан тыс қалмаса дейміз. Әрине, елімізде энергетик мамандар даярланады. Соның жанынан арнайы балама энергетикаға бейімдейтін кафедралар ашылса, тіптен жақсы болар еді деп ойлаймыз. Әсіресе мұндай кафедра жасыл экономикаға бағытталған стансылар орналасқан өңірлердегі жоғары оқу орындарынан ашылса, жақсы болар еді. Сонда аймақтағылар маман іздеп орталыққа аяқ сабылтпайды. Ал болашақ маманның тәжірибеден өтетін нысаны да алыс болмайды.
Бақытнұр ДАЛАБАЕВ, физика пәнінің оқытушысы:
– Баламалы қуат көздерін барынша пайдалануға басым бағыт беріліп отырған шақта, ең алдымен, біз маман даярлау мәселесін шешіп алуымыз керек. Оларды Астана мен Алматыда емес, жергілікті жерлердегі оқу орындарының базасында даярлаған тиімдірек болады.