Еліміздегі мобильді байланыс пен интернеттің қымбатшылығын реттеудің жолы бар. Бұл туралы «Сұрауы бар» Youtube-арнасына берген сұхбатында Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Нalyq-uni.kz-ке сілтеме жасап.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ресми мәліметінше, бір жыл ішінде байланыс операторларының бағасы тариф түрлеріне қарай 8%-дан 50%-ға дейін қымбаттаған.
Ал Айдын Бикебаевтың айтуынша, бұл – монополияның салдары.
Алайда оны ретке келтірудің жолы бар екенін жеткізді. Ол нарыққа өзге ойыншыларды кіргізсе, мәселе қазіргідей күрделенбес еді деген пікірде.
Виртуалды мобильді операторлар деген ұғым бар. Ондай компаниялар жер шарында көп. Біз соларға жол беруіміз керек.
Бізде инфрақұрылымдық жүйелер бар ғой. Станциялар тұр, оптикалық талшықты кабельдер жердің астында жатыр. Басқа компанияларға соны пайдалануға рұқсат беру керек.
Виртуалды компаниялардың өзінің инфрақұрылымы жоқ. Олар шетелден, қашықтан отырып та бұл істі жүргізе алады, - дейді Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы.
Сондай-ақ ол Бәсекелестікті қорғау агенттігі бұл ретте екі мәселені ескеруі керектігін алға тартты. Біріншісі – пайдалануға беретін инфрақұрылымдардың бағасы қымбат болмауға тиіс, екіншісі – дискриминацияға жол бермеу қажет.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz