Әзіл есептер
Газетіміздің 8 наурыздағы мерекелік санында оқырмандарымызға әзіл есеп ұсынған едік. Естеріңізге сала кетсек, есептің мәтіні былай болатын:
Бойжеткеннің бірінші есебі
Мен құрбымнан 100 теңге қарыз алдым да, ол ақшамды дүкенге бара жатып жоғалтып алдым. Жолда кездескен басқа құрбымнан тағы 50 теңге қарыз алдым. Оған 10 теңгеден екі шоколад сатып алдым. Қалған 30 теңгені бірінші құрбыма қайтарып бердім.
Енді санайық: бірінші құрбыма 70 теңге қарызбын + екінші құрбыма 50 теңге + менде 20 теңгеге шоколадтар бар = барлығы 140 теңге болды. Менде барлығы 150 теңге болса, 10 теңге қайда кетті?
Оқырмандардың редакцияға дейін телефон шалып, есептің жауабын сұрағандарына қарағанда, бұл әзіл есеп біраз қызығушылық туғызған тәрізді. Бүгін енді осы есептің жалғасын ұсынамыз:
Бойжеткеннің екінші есебі
Мен құрбымнан тағы да 100 теңге қарыз алдым да, ол ақшамды дүкенге бара жатып тағы да жоғалтып алдым. Жолда кездескен басқа құрбымнан және 50 теңге қарыз алдым. Оған бұл жолы 10 теңгеден үш «шакалат» сатып алдым. Қалған 20 теңгені бірінші құрбыма қайтарып бердім.
Енді есептейік: бірінші құрбыма 80 теңге қарызбын + екінші құрбыма 50 теңге + қолымда 30 теңгеге үш шоколад бар = барлығы 160 теңге болды. Ал менің қолымда бар-жоғы 150 теңге болды. Сонда бұл жолы артық 10 теңге қайдан шықты? Әлде өткен жолғы жетпей қалған 10 теңгем осы ма?
Ал бұл аз десеңіз, енді мына бір есепті шешіп көрелік.
Қарыз қалай қайтады?
Дағдарыс құрсауындағы шағын ғана қала. Елдің бәрі бір-біріне қарыз, бәрі көңілсіз, қоңырқай тірлікпен жүріп жатқан еді. Осы қалаға бір күні қалталы турист қыдырып келді.
Мейманхана қожайынына 100$ кепіл қалдырған ол отельдің бөлмелерін көруге жоғары көтерілді. Ақша қолына тиген мейманхана қожайыны дереу ол ақшаны өзіне ет жеткізіп беріп жүрген сатушыға ұстата қойды. Ет сатушы қарызын жабу үшін тездетіп фермерге жүгірді. Фермер көлігін жөндетіп жүрген автошеберхана иесіне қарызын апарып берді. Ол болса көптен бері азық-түлікке қарыз болып қалған дүкенге барып, қарызын қайтарды. Дағдарыстың қыспағынан дүкенші де сол мейманханада бір номерді жалдап тұрып жатқан «түнгі көбелек» бойжеткенге қарыз еді. Дереу қарызын қайтарды. «Түнгі көбелек» болса көптен бері төленбеген пәтерақысын беру үшін жүгіріп отырып, мейманхана қожайынына сол 100 долларды әкеліп берді.
Осы сәтте мейманхананы асықпай аралап, бөлмелерді қарап шыққан бай турист төменге түсіп келе жатқан еді. Еш бөлмені жаратпағанын айтқан ол берген 100$ кепілін қайтып алып, өз жолымен кете барды. Ал бір-бірінің алдындағы қарыздарынан құтылған шағын қалашықтағы тіршілік жанданып, көңілденіп сала берді...
Енді есептейік. Қала тұрғындарының жалпы қарыздарының жиынтық сомасы 600$ болатын. Келген туристің 100$ ақшасы айналымға түскен бір сағаттың ішінде бәрінің мәселесі шешілді. Барлығы да қарыздарынан құтылды. Турист ұтылған жоқ, ақшасын қайтып алды. Қарызгерлер тізбегі де әрқайсысы өз міндеттемелерінен құтылды, ендігі жерде қайтадан несиеге жұмыс істей бастауына болады. Бірақ келген ақша ізінше қайта кетіп қалды емес пе? Сонда бұл жерде кім ұтты, кім ұтылды? 100$ ешкімнің қолында қалмағанына қарамастан, қарыздар қалай жабылды?
(Жауаптарыңызды сайтқа жолдаңыздар)