Азған топырақты байытқан абзал
«Батыс малы неге ашықты? Ақиқаты сол – жаз қуаңшылықты болды. Батыстың деградацияға ұшыраған жері мұндайда мүлде шығымсыз. Ал қуаңшылық – Қазақстанға көп күттірмей әрі кетсе оншақты жылда бір рет соғып тұратын кесел.
Қазақтар «қайырлы шығын болсын» дейді. Бүгін біздің қолдан осы сөзді қайталаудан басқа ештеңе келмейді. Тек Ауыл шаруашлығы министрлігі мырзаларға мал шаруашылығын аймақтардың табиғи ерекшеліктеріне сай ұйымдастыру керек екенін алдағы уақытта ескерсе дейміз. Айталық, Маңғыстау аймағын өзін-өзі етпен, сүтпен қамтамасыз ететіндей мал басын ұстау мүмкін емес. Өйткені бұл өңірде шабындық та, жайылымдық та мүлде аз және шығымсыз. Сондықтан бұрын аймақ негізінен, төзімді түйелерді өсіретін. Аймақтың осындай ерекшелігі ұмытылып, енді қолда «баладай күтілетін» түлік түрлері көптеп өсірілетін болды. Әсіресе, ұсақ мал саны көбейгендей. Ал малдың жер «түгін» аузынан гөрі төрт тұяғы көбірек жоятынын ескерсек, бұл, яғни аймақта ұсақ малдың көп өсірілуі үлкен қателік. Сондай-ақ сиыр мен жылқы да бұл жақта көптеп өсірілетін түлік түріне жатпайды. Егер оларды өсіреміз десек, өңірдің құнары жойылып, азып-тозған топырағын «байытуға» тиіспіз.
Не істеу керек? Болып жатқан мал басының өлім-жітімін тоқтату мүмкін емес секілді. Ол – ол ма, аймақ тұрғындары қыста бар малынан айырылу қаупі жоқ деудің өзі тым білімсіздік не аңғалдық болар. Қазіргі жағдайды Үкімет және аймақ басшылары басқа өңірлердің қайырымдылық көмектері арқылы, мемлекеттік бюджеттен қайтарымсыз қаражат көмек беру арқылы сәл де болса түзетер. Одан басқа амал көрінбейді. Иә, жағдай осындай тығырыққа тіреді.
Ең бастысы, бүгінгі жағдай ертеңімізге сабақ болуы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі қыруар қаражатқа шет елдерден асыл тұқымды малды көптеп әкелуде. Сонымен бірге мақалада баяндалғанындай, қолда бар бұрынғы азғантай малды жем-шөппен қамтамасыз ете алмай тұрмыз. Демек, министрліктің бүгінгі таңдағы бірінші міндеті шет елден мал сатып алу емес, қай аймақта қанша және қандай мал ұстау керектігін ол өңірлердегі жайылымдықтар мен шабындықтардың құнарына сай анықтап беру мәселесі. Жалпы, министрлікте осындай іспен айналысатын бөлім бар ма екен?
Біздің пайымдауымызша, Маңғыстау облысы көп мал ұстайтын өңір емес. Бірақ ондағы ауылдар тұрғындарын «тентіретпеу» өзекті мәселе. Малы болмаса ауылдарда адам қалай тұрады? Мінеки, осы мәселені шешудің жолы аймақтағы деградацияға ұшыраған жерлерді байыту. Мал шаруашылығын дамыту үшін көп жерді құнарландыру керек. Ол тағы мүмкін емес. Демек, мұнда көкөніс, бақша шаруашылығын, жылыжай шаруашылығын дамыту керек секілді. Оны жолға қою үшін елімізде гумат өндіретін кәсіпорын салған жөн. Ескерте кетейік, Ә.Бектұров атындағы Қазақ химия ғылымдары институтында жұмыс істейтін ғалымдар мұндай игілікті жасау технологиясын баяғыда-ақ ғылыми негіздеген болатын. Жаңалық өндірістік сынақтан да жақсы өтті. Десек те, жоғары атқарушы билік тарапынан еліміз үшін аса қажетті, аса пайдалы осынау жобаға жеткілікті көңіл бөлінбей қойды. Ал топырақ құнары Маңғыстаудағыдан да төмен Израиль мемлекетінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жыл сайын өсе түсуде. Бұл осы біз айтып отырған гуматтың мемлекетке, мемлекет тұрғындарына берген пайдасы. Шөл және шөлейт жерлерге орналасқан аймақтардан, мемлекеттерден көкөніс, жеміс-жидек импорттағанымызға ұялмай енді қанша жүрмекпіз? Бұл сұрақтарға жауапты талап ету – бүгінгі күннің басты мәселесі. Өйткені қазір біз жолыққан кеселдей қиындықтар алда талай кездеседі. Бүгінгіге кешіріммен қарасақ та, ертеңгі қиындықтарға дайындалмау жан ашымастықтың өзі болар еді.
Айқын