Автокөлікке баж салығын көбейтуден кім не ұтады?
Жыл сайын еліміздегі автокөлік сатып алушылар саны 20-25 пайызға көбейеді екен. Алайда сырттан әкелінетін көліктің басым бөлігі көне, жергілікті тұтынушыға жеткенше мыңдаған шақырымды жүріп келеді. Мәліметке жүгінсек, 2007 жылы елімізге сырттан әкелінген жаңа автокөлік (36816) импорттың жалпы көлемінің 15,5 пайызын құраса, өткен жылы бұл көрсеткіш 30 пайызға кеміген. Былтыр елімізге барлығы 155 221 жеңіл көлік жеткізіліпті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 60,3 пайызға кем.
Біздің адамдардың (жалпы ТМД жұртының) темір тұлпарға келгенде менталитеті бір: ескі болса да, шетелдік көлікке жармасады. Содан ба, мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен импорт мәшиненің түр-түрі біздің жолдарда желдей жүйткиді. Әу баста тұтынушы сұранысын қанағаттандыруға көбірек көңіл бөлінгендіктен, қауіпсіздік мәселесі де, ауа тазалығы да жайына қалды. Соңғы жылдары ғана жоғары жақтағылар көне көлікті шектеу жағын қолға ала бастады. Соның бірі – ескі мәшинеге кедендік баж салығын көбейту. Енді индустрия және сауда министрі Владимир Школьник бұл мәселені тағы да қолға алған сыңайлы. Ел аумағына ескі автомобильдерді әкелуге тыйым салу арқылы экологиялық ахуалды жақсарту үшін, сондай-ақ отандық өндірісті өркендету мақсатында министрлік осыған мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кедендік баж салығын көбейту жөніндегi мәселені талқылай бастады.
Баж салығы көлік құралдарының қозғалтқыш көлеміне және шығу мерзіміне қарай белгіленбек. Жеті жылдан асқан көлік қозғалтқышының бір куб см үшін – 1,4 еуро деңгейінде; үш жылдан жеті жылға дейінгі аралықта – 25 пайыз көлемінде (алайда бір куб см үшін 0,45-1,0 еуродан кем болмауы тиіс); үш жылға дейінгі жаңа автомобильдерге бір куб см үшін 1,0-2,35 еуро (қозғалтқыш көлеміне байланысты) деп белгілеу жоспарланған. Қазір сырттан әкелетін жеңіл көлікке 10 пайыз көлемінде құрама баж салығы салынады. Ол қозғалтқыш көлемінің бір куб см үшін 0,1 еуродан аспайды. Ал 10 жылдан асқан автомобильдерге баж салығы 15 пайыз ставкамен төленіп келді.
Сөйтіп, Школьник мырзаның айтуынша, шетелдік жеңіл көлікке кедендік бажды көбейту арқылы мынадай түйіндерді шешуге болады:
1. Шетелден келетін көлікті шектеу отандық көлік өнеркәсібінде жаңа жобаларды жүзеге асыруға, жұмыс істеп тұрған өндірісті жандандыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде ол қосымша өндіріске алып келеді: металл, бояу, дөңгелек дискілері, дөңгелек, шыны, бампер, тағы басқа қажетті асай-мүсейлерді шығаратын кәсіпорындар ашылады. Сөйтіп, жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік туады.
2. Ескі көлікті шектеу ауаға зиянды газдардың таралуына жол бермейді, яғни еліміздің экологиясы жақсарады.
3. Арада жүріп пайда табатын делдалдардың баюына тосқауыл қояды, автодилерлердің маржасын азайтады.
Осылайша, министр бір оқпен бірнеше қоянды атып алмақшы. Жалпы, ескі көлікке баж салығын көбейту туралы баяғыдан айтылып жүр. Тіпті шығу мерзімі жеті жылдан асатын көлікті кіргізбеу қажеттігі де сөз болды. Алайда осы секілді ұсыныстарды айтып үлгергенше, жергілікті көлік нарығындағы ойыншылар өре түрегеледі. Олардың уәжі бойынша, дәл қазір қазақстандықтардың дені жаңа мәшине сатып ала алмайды. Өткен жылғы күзге дейін орташа дәулеттінің су жаңа көлік мінуге мүмкіндігі бар еді. Банктердің несие беру шарттары қатаңданып, пайыз көлемін өсіргеннен кейін, темір тұлпар көпшілік үшін арман күйінде қалды. Девальвациядан кейін көлік бағасының 20-25 пайызға қымбаттағаны тағы бар. Мамандар баж салығын көбейтудің салдарынан баға тағы да 20 пайызға өседі деп төндіреді. Олардың есебі бойынша, мәселен, 1999 жылғы Mitshubishi Galant-тың кедендік төлемі 5750 еуроға көтеріледі. Ал Еуропа мен америкалық нарықта бұл мәшиненің бағасы – 3000 доллар шамасында. Ұсыныс мынау: баж салығын көтерудің орнына жеңілдетілген несие енгізу қажет. Сонда жұрт ескіге емес, жаңа көлік сатып алуға ұмтылады.
Ізбасар Бозаев, Алматы сауда палатасының төрағасы:
– Бұл мәселе жөнінде менің пікірім біржақты. Автокөлікке баж салығын көтеру дұрыс емес. Баж салығын қай кезде көтереді? Мемлекет ішкі нарықты сақтауға ынталы болған кезде. Ал мынау қадам «Азия Автоны», яғни сұранысқа ие болмаған Ресейдің «Ладасын» қолдауға бағытталады. Жұрт «Ладаны» алғанша, ескі болса да, шетелдік мәшинені мінгенді тәуір көреді. Автокөлік өндірісін дамытқысы келсе, оған кіретін компанияларға жағдай жасалсын. Әлемдегі белгілі маркалы мәшинелердің келуін қамтамасыз етсін. Міне, сонда ғана баж салығын енгізуге болар еді.