Ауылды биотехнологияға бейімдеуден не ұтамыз?
Биыл елдегі лауазымды орындардың ықыласы ауылға ауып-ақ тұр. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев «құрал-сайманы, техникасы тозып, ат-арбаға күні қарап қалған шалғай ауылдарды жандандыруға күш салуымыз керек. Шалғай ауылдарға дағдарыстың салмағын түсірмеуіміз қажет» деп күн сайын есеп берсе, күні кеше ғана Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мырза «шалғай елдердегі су тапшылығын жойып, егістік дақылын гүлдендіру үшін германиялық нарықта кеңінен қолданатын биотехнологиялық әдісті қазақстандық ортаға жаппай енгізу қажеттігін» қаузады.
Дерек пен дәйек
Егер Егін шаруашылығын зерттеу институты мамандарының есеп-қисабына жүгінетін болсақ, жыл сайын біздің диқандарымыздың еккен егінінің жартысы ит-құсқа жем болады немесе су тапшылығына ұшырайды.
Ресми деректер соңғы жылдардағы егiстiктiң жалпы алқабы 2006 жылғымен салыстырғанда 2008 жылы 1,5 есе қысқарғанын көрсетеді. Мәселен, біздің еліміздің егістік алқаптарының негізгі құрылымының 65 пайызы бидай алқабына тиесілі. Дәндi дақылдардың құрылымында бидайдың үлес салмағы өсуiне байланысты бұршақ тұқымдас, жарма, жемдiк дән және жемшөптiк дақылдардың егiс алқаптары тағы сол 2006 жылмен салыстырғанда 2008 жылы күрт азайыпты. Сондай-ақ былтырғы жылы қант қызылшасының егiс алқабы 1,6 есе азайса, күнбағыс егiс алқабы, мал азығын дайындайтын егiстiк алқаптарының сапасы 1,7 есеге дейін төмендеген. Ал жағдайдың бұлай қалыптасуына не себеп? Бұл тағы да сол мал баққан қазақтың егін егуге епсіздігін көрсете ме?
Қарым мен қабілет
Жалпы, бізде ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Соңғы уақытта агробизнесті жетілдіру үшін Агрохолдингтермен қатар Агробанктер ашу қажеттігі жайлы ұсыныстар да арагідік естіліп қалуда. Ал енді Үкімет басшысының өзі қызығушылық танытып отырған биотехнология әдісіне бейімделіп көрсек ше? Бұл әдіс ауыл шаруашылығы саласының бабын келістіре ала ма?
Бұл ретте биолог-ғалым профессор Мұрат ҒЫЛМАНОВ:
– Саралап көрсек, бізде биотехнология өндірісін кеңінен пайдаланатын ауыл-аймақ жоқтың қасы. Тек Солтүстік Қазақстан облысының диқандары 9 мың гектар жерге биотехнологиялық әдіспен егін егіпті. Нәтижесі жаман емес. Бұл әдіс әртүрлі химиялық реактивтерді қосып жерді өңдегеннен әлдеқайда тиімді. Бір басымдық беріп айта кетерлігі осы әдіспен өңделген 2 грамм ғана бидай дәніне арнайы жасалған капсула қосып, ол бидайды биотехнологиялық әдіспен езіп, өңдеген кезде бұл бидай дәні сапалылығы жағынан 100 гектар жерге жететініне көз жеткізіп отырмыз. Міне, осы құндылықты ұғынған өзге елдер биотехнологияның тілін біліп, тетігін табуға ұмтылып бағуда. Қазір осы әдіс арқылы Германияның, Украинаның, қажет десеңіз, көршілес Түрікменстанның фермерлері өздерінің егіс алқаптарын жайқалтып, сапалы өнім алып, шаруасын дөңгелетіп отыр, – дейді.
Біз неге бейқамбыз?
Сонда мұндай тиімділікке басқа аймақтардың қызығушылығы артып отырғанда, біз неге бейқамдық танытып отырмыз? Бұл тұрғыда «Агробизнес» консальтингтік ғылыми-зерттеу институтының директоры Ғалижан МӘДИЕВ:
– Біздегі фермерлердің басым бөлігі жаңашылдыққа үйір болғаннан гөрі, тозған технологиясының жыртығын жамап, жоқ-жітігін түгендегенді жөн санайды. Қажет десеңіз, маңдайға біткен жалғыз көлікпен бір шаруа қожалығының шығынын әрең жауып, мал-жанын асырап отырғандар да баршылық. Қолында бар техникасының ақауын әрең танып, жоқты бар қылып ұқсатып отырған ауыл баласына биотехнологияның тілін ұғындыру қиынға түсетіні бесенеден-белгілі. Бұл көрініспен ауыл шаруашылығын мандыта алмайтынымыз анық. Егер биотехнологиялық әдіспен өнім өндіруді тәжірибемізге енгізіп алсақ, дамыған елдермен иық тірестіруге жүрексінбес едік. Қаншама жылдан бері химиялық заттармен уланған жерімізден сапалы өнім алуға мол мүмкіндік туар еді. Сондай-ақ жерді тыңайту үшін жұмсалатын реактивтер шығынын да азайтуға болар еді, – дейді.
Не істеу керек?
Сөйтіп, біз пікір алмасқан мамандар биотехнология әдісі арқылы мол мүмкіндікке қол жеткізуге болатынын алға тартады. Ал енді осы әдісті кеңінен қолдану үшін не істеу керек? Ол үшін мамандар алдымен мынадай алғышарттарды ескеруіміз қажет дейді:
а) Ауылдың атмосферасына биотехнологияны бейімдеу үшін аса көп қаржы қажеттілік емес. Бастысы, білім мен біліктілік керек. Сондықтан биотехнологиялық жаңашылдықты кәсіптік-техникалық оқу бағдарламасына немесе орта мектептердегі оқу бағдарламасына арнайы бағдарлама етіп енгізген жөн. Ол үшін әрине, мемлекеттік реттеу, мемлекеттік қолдау қажет.
ә) Егер ауылдың технологиялық әлеуетін көтеруді мақсат тұтсақ, техниканың тілін білетін шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу жағын да ұмыт қалдырмауымыз керек.
б) Осы салаға яғни техника ғылымына деген ауыл балаларының қызығушылығын арттырып, бұл ретте білім алғысы келген ауыл балаларына мемлекет тарапынан белгілі мөлшерде жеңілдік қарастырылғаны жөн.
«Міне, ең бастысы, осы үш ұсыныс ескерілген жағдайда ауыл баласы биотехнологияның тілін меңгеріп, ауыл шаруашылығына жаңа реңк келетіні сөзсіз» дейді мамандар.