2019 жылы 15 ақпанында Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіпті ғылыми-зерттеу институтының (ҚазҒЗИ) ұйымдастыруымен «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша ғылыми-білім беру және өндірістік әлеуетті интеграциялау» тақырыбында тағам – қайта өңдеушілердің I-Халықаралық форумы өтті. Инновациялық тағам өнімдерінің көрмесі көрсетілді.
Форум жұмысын Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есполов ашып, жүргізді. Жиынға ҚР Сенат депутаты Абдалы Нұралиев, ҚР ҰҒК акедемигі Ғани Қалиев, ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаменті, басқарма жетекшісі Гүлнар Бижігітова, Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма Ұлан Тәжібаев, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіпті ғылыми-зерттеу институты ЖШС Бас директоры Асан Оспанов, Қазақстанның Астық өңдеу Одағының өкілі Ган Евгений Альбертович, Шығыс Финляндия Университетінің профессоры Атте Вон Райт Йоханнестің баяндамалары тыңдалды. Сонымен қатар жиынға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, қаржы институттарының, жетекші тамақ және қайта өңдеу кәсіпорындарының өкілдері, сондай-ақ жетекші шетелдік және отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың ғалымдары мен сарапшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Форумның мақсаты – Қазақстанның тағам және қайта өңдеу өнеркәсібін инновациялық дамыту үшін қоғам мен тәжірибе өкілдерінің күш-жігерін біріктіру. Соның ішінде салалық проблемаларды талқылау және олардың бағыттары бойынша шешу жолдарын көрсету болып табылады.
Форум аясында бизнес, қауымдастықтар, өнеркәсіп одақтарының өкілдері, жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары мен профессорлардан құралған Салалық Кеңес құралды. Кеңес астық және оны қайта өңдеу өнімдері, құрама жем; ет, сүт және оларды қайта өңдеу өндірісі; нан-тоқаш, макарон және кондитерлік өнімдері, қант өнімдері; май және крахмал-сірне өндірісі; алкоголь, алкогольсіз сусындар және шырындар бағыттары бойынша құрылды.
Салалық кеңестің міндеті – тағам және қайта өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша дамудың басым бағыттарын айқындау, салалық ғылыми-техникалық мақсатты бағдарламаларды қалыптастыру.
Салалық кеңестердің өкілдері тағам және қайта өңдеу өнеркәсібін инновациялық-технологиясын дамыту жөніндегі ұсыныстарды мемлекеттік басқару органдарына жолдайтын болады.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғылымның экономика салаларымен байланысын, сонымен қатар индустриалды инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы үшін өнеркәсіптің екі саласы: тамақ және химия салалары бойынша кадрлар дайындайтын 10 жоғары оқу орнының бірі. Осы талапты орындау мақсатында құрылған университеттегі «Технологиялар мен азық-түлік өнімдері сапасының инновациялық ғылыми-білім беру орталығында» «Азық-түлік өнімдерінің физикалық-химиялық қасиеттерін және топырақ, су және шикізаттың экологиялық сапасын талдау»,«Азық-түлік өнімдерінің технологиясы мен сапасы», «Жасыл биотехнология және жасушалық инженерия», «Табиғи ресурстарды басқару және агроэко жүйелерді тұрақты дамыту» зертханалары жұмыс істейді.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған бұл зертханалар мамандарды дайындаудың барлық деңгейлері бойынша келесі бағыттарда оқытуға мүмкіндік береді: азық-түлік шикізаты, өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі технологиясы; өсімдік және мал өнімдері шикізатын өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеу; азық-түлік өнімдері технологияларының дамуына ықпал ету және тамақ, қайта өңдеу өнеркәсібінің жаңа технологияларын әзірлеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ топырақ, су және шикізаттың экологиялық сапасын анықтау бойынша талдау жүргізу.
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі
Фото: М.Ботабеков