Ашық карьердің арты – апат. Бұлай деуімізге көптеген жайт себеп. Ашық әдіс арқылы кен алу арзан әрі оңай болғандықтан, көбіне-көп кенге құмартқандар осы әдісті қолайлы көреді. Кенін алған соң, орнына бас айналар шыңырау қалдырып кету – сол аймақтың, сол өңірдің экологиясына қалай әсер етуде? Әзірге бұған бас ауыртқандар некен-саяқ. Ал ашық карьердің жұртында малын оттатып, суын ішкен ел дімкәстіктен дін аман дегенге кім сенеді?
Жаңадан ашылып, қазылып жатқан кеніштерді айтпағанда, өткен ғасырдан қалған ашық карьерлердің залалы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ сол мәселе көбіне-көп сөз күйінде қалады. Қалам ұстаған ағайын аттандап атқа қонғанымен, ашық кеніштерден келетін зардап сол қалпында. Бір мысқал да кемімей отыр.
«Жерді пайдаланушы өндірістердің көптеген жыл бойына ашық карьерді пайдалануы және оны қалпына келтіруде немкеттілік танытуы, ол үшін экономикалық тетіктердің жетілмеуі жығылғанға жұдырық болып отыр», – дейді ғалымдар.
Ғалымдар ұсынған мәліметтерге жүгінсек, жерге, қоршаған ортаға зиян келтірген өндіріс орындарының саны артып отырғанын байқаймыз. Айталық, ғалым О.Абралиев Қостанай облысы жер ресурстарына зиян келтірген өндіріс орындары 1995-2011 жылдар аралығында 273 өндіріс орнына көбейгендігін айтыпты. «Солтүстік Қазақстан облысында 435 компания жерді бүлдірумен айналысқан, олардың қатары соңғы жеті жылда 60 мекемеге артқан. Ақмола облысында жер ресурстарын бүлдіруші өндіріс орындары саны 30,3 пайызға өскен. Өйткені еліміздің астанасы осында көшіп келуіне орай қалада құрылыс саны өскен. Әсіресе Есіл өзенінің сол жақ жағалауында құрылысқа қажетті ашық карьерлер саны бірден көбейе түскен екен. Облыста қазба байлықтарды: каолин, кобальт, көмір өндіретін тау-кен компаниялар саны артқан. Жаңа астананың салынуына байланысты көптеген өндіріс және инфрақұрылымдар құрылыстарының жүргізілуінен бұзылған жерлер ауданы ұлғайған. Қарағанды облысында 320 жер телімін бүлдірумен айналысқан өндіріс орны бар. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары 239 өндіріс орындары жерді бүлдіріп жатыр», – депті ғалым.
Ашық кен қазу әдісі карьер салынатын жерде құнарлы топырақты жарамсыз күйге ұшыратумен қатар, өндіріс кезінде шығарылатын түрлі газдар, химиялық қосылыстар сол маңайдағы халық денсаулығына залал. Бұзылған жер бетін қалпына келтіру, яғни техникалық және биологиялық өңдеу, сондай-ақ бөлінетін зиянды газдар және тозаңдармен күрес өндірістерде мүлде жүргізілмейді.
Айталық, Қарағанды облысындағы Қайрақты, Жамбыл, Қарағайлы, Ақшатау кеніштерінің қалдықтары да бұрқырап, желге ұшып жатыр. Және оның мөлшерін есептеп жатқан тағы ешкім жоқ. «Бұларда қауіптілігі 1-3-класты қорғасын, мырыш, берилий, висмут және радионуклидті флотация қалдықтары көп» дейді деректер. Тозаңданып аспанға ұшудың салдарынан мұндай заттар маңайын да шаңдатып жібереді. Бұған қоса, атмосфералық ауаны автокөліктер де ластандырып, одан шығатын тастанды қалдықтар жылына 110 мың тонна көлемінде зиянды заттар таратса, оның ішінде 200-ге жуық әртүрлі қоспа бар екендігі анықталған. Ернеуіне дейін суға толған ашық кен орындары да қаншама?
Айталық, тарихта аты қалған Нілді кеніші – соның біреуі. Біреуі болғанда бірегейі. Бүгінде бұл – Қарағанды облысының Өспен ауылы деп аталатын елді мекен. Нілдінің кенішінен қаңырап, қаңқасы ғана тұрған ғимарат пен суы кілкілдеп тұрған ашық карьер ғана қалған. Қысы-жазы суы бір сарқылмайтын бұл кеніштің тереңдігі қанша екенін бұл күні ешкім тап басып айта алмайды. Ауыл адамдарының сөзіне сенсек, көз жетпес тұңғиық.
Тарихи деректерге жүгінсек, Ресейге бодан кезімізде Нілді болысы аталыпты. Ресей, Франция, Англия капиталистеріне сатылып, Қазақ совет энциклопедиясында кеніштің 1847 жылы ашылғаны көрсетіледі. Содан бері аталмыш кен орны «Успенск мыс кеніші» деген атпен тарихқа енді. 1914 жылы округтік инженердің есебі бойынша кеніштегі таза мыстың мөлшері 2 млн пұт деп болжанған. Кеннің әрбір тоннасынан 15 пайыз таза мыс алынып отырылған. Өспен рудасының әрбір тоннасында мыстан өзге бір грамға дейін алтын, 582 грамм күміс бары анықталған. Сөйтіп, іргесі қаланғаннан бастап, жабылып қалған кездерін есептемегенде Өспен кеніші 1964 жылға дейін, яғни ғасырдан астам уақыт жұмыс істепті.
Ал қазір кеніштен қалған карьер сол қалпы ашық күйінде жатыр. Ауыл адамдарының айтуынша, жаз шықса сасып, борсып кететін кеніштің суы біршама мал мен жанның өліміне себепші де болыпты.
Жәнібек ӘЛИМАН, Өспен ауылының тұрғыны:
– Заманында төбесінен төменге көз жіберсең, басың айналатын мыс өндірілген ашық карьердің кемеріне көлкілдеп су кілкіген. Неше жылдан бері іркілген судың тереңіне бойлау мүмкін емес. Осы уақытқа дейін бірнеше адамның ажалына себепші болып, бәленбай малды жұтып қойған карьердің суы жаз айларында иістеніп кетеді. Сол беті қараусыз қалған кен орнының экологиялық хал-ахуалы – бүгінге дейін беймәлім күйде. Оны жуық арада келіп зерттеп, зерделейтін экологті немесе экоорталықты біз әлі көрмедік.
Бұл – бір ғана ашық кен орнының жағдайы. Ал құрылыс индустриясы қарқынды жүріп жатқан қалаларды қоршай күні-түні гүрілдеп толассыз кен алып, соңында ашық-шашық қалатын карьерлердің ақыры не болмақ? Айтпақшы, осыдан бірер жыл бұрын Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылының жұрты осы ашық карьерлерге қатысты өре түрегелгені бар-ды. Алақандай Түгіскен ауылы алты бірдей карьердің ортасында қалған. «Жәйрем», «Жомарт», «Қамысмола», «Арман–100», «Қартабай» және «Қылжыр» мәрмәр карьерлері. Аралары жақын, 15 шақырымнан деседі. Онымен қоймай, тағы үш карьер ашылады деген сөзді естігенде, түгескендіктер ер-тоқымын бауырына алып тулаған-ды. Енді қайтсін, тірідей тұншығып отырса. Алайда сол уақытта аудан әкімдігі әзірге барлау жүргізілетіндігі, карьер ашу-ашпау әлі піспеген дүние екендігін айтып, жұртты сабырға шақырған-ды.
Көнекөздердің айтуынша, шаң-тозаңнан денсаулыққа келер зиянды есепке алмағанда, ашық кен орындарының көбеюі онсыз да суы кем аймақтардағы су көзінің тартылуына әкеліп соғып жатқан көрінеді.
Ашық кеніштен қатер толы апан қалады
Последние статьи автора