Астана бұл күнде еліміздің әкімшілік орталығына ғана емес, тұтастай Қазақстан халқының басты байлығы – деннің саулығын қарайтын ақ халаттылардың ордасына да айналып үлгерді. Астанада бой көтеріп, ел игілігіне қызмет етіп жатқан медициналық кластер соның айғағы.
Ұлттық ана мен бала орталығы
Осы орталықта биыл алғаш рет баланың жілік майын аллогендік жолмен (басқа адамнан) ауыстыру операциясы жасалды. 14 жасар Николай Пшенянов бұған дейін үнемі химия терапия қабылдап, ем-дом алуға мәжбүр болған. Негізі, жілік майын ауыстыру кезінде донорды табу аса қиын. Бұл жағдайда кішкентай Коляның доноры оның бауыры (егіздің сыңары) болды. Қазіргі кезде Николай аман-есен үйге оралып, құрбы-құрдастарымен бірге мектепке барып жүр.
Бүгінде жілік майын ауыстырудың бір отасы 150 мың долларға бағаланып отыр. Қазақстанда жыл сайын 30-50 бала осындай операцияға зәру болады.
Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы
Күні кеше ғана орталық мамандары неміс әріптестерімен бірлесе отырып, бүкіл посткеңестік елдерде бұрын-соңды болмаған отаны жүзеге асырды: науқас адамға жасанды жүректің имплантациясы жасалды. Әлемде ондай операция үшінші рет іске асып отыр. Біріншісі Германияда өтсе, екіншісі АҚШ-та жасалған. Енді, міне, жасанды жүрек имплантациясы бойынша үшінші ота қазақ жерінде сәтті өтті. Жасанды жүрек Астана қаласының 61 жасар тұрғынына «қондырылды».
Осы уақытқа дейін Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында қан айналымына көмектесетін қондырғыларды имплантациялау бойынша бірнеше операция жасалып, 37 адамға көмек көрсетілді.
Балаларды оңалтудың республикалық орталығы
Осыдан бір жыл бұрын орталықта «Локомат» атты робот-кешені орнатылды. Бұл мыңдаған балалардың арманы еді. Себебі ауыр науқастан кейін тұра алмай, жүру қабілетін жоғалтқан бүлдіршіндер осы қондырғының арқасында қайтадан аяққа тұрып, өздігімен жүруге мүмкіндік алды. Осындай науқас балалардың бірі ауыр ортопедиялық операциядан кейін «Локоматта» жаттығу жасап, бес күннің (!) ішінде аяққа тұрды.
Бүгінгі таңда аталған кешен – қалпына келтіру медицина саласындағы ең озық оңалту аппараты. Оны әлемнің жетекші клиникалары қолданады. Себебі «Локоматтың» негізінде науқастар аз уақыттың ішінде аяққа тұрып, жазылып жатады.
Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы
Орталықта жыл сайын 4 мың адам емделіп, 2-3 мыңнан астам операция жасалады. Мұнда бүгінгі хирургияның озық технологиялары жинақталған. Орталық мамандары аневризм және инвазивті емдеу әдісін, миға эндоскопиялық операция жасау, сондай-ақ жаңа туған нәрестелердің ми патологиясын хирургиялық жолмен емдеуді жақсы меңгерген.
Осы жердегі жұмыстың тағы бір үлкен әрі маңызды бағыты – жұлын және ми ауруларын хирургиялық жолмен емдеу. Өткен жылы дәрігерлер эпилепсияны хирургиялық емдеудің заманауи әдістерін меңгеріп, 10-ға жуық операция жасап шықты.
Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында сиам егіздеріне ота жасап, екеуіне екі бөлек өмір сыйлаған танымал нейрохирург, академик Александр Коновалов атындағы Ғылыми-ақпараттық орталық ашылған. Бұл жерде жас мамандар өз білімдерін шыңдайды.
Республикалық диагностикалық орталық
Бұл орталық аймақтағы озық кешендердің бірі болып саналады. Себебі осы жерде медициналық қызметтің 58 түрі бойынша көмек көрсетіледі. Сондай-ақ 400-ге жуық аса ауыр ғылыми-зерттеулерді жүргізуге болады. Осыдан екі жыл бұрын оның негізінде Ядролық медицина орталығы ашылды. Аталған орталықта орнатылған позитронды-эмисионды томограф нақты диагностиканы жасауға мүмкіндік берді. Ондай жабдық бүкіл Орталық Азия жерінде жоқ.
Бүгінде позитронды-эмисионды томографтың (ПЭТ) қызметі медициналық көмектің тегін тізіміне кіреді. Сондықтан кез келген қазақстандық азамат өз денсаулығын осы аппаратта тексере алады.
Бұған дейін Ядролық медицина орталығында жүрек-тамыр жүйесі, эпилепсия, мидың ісігі, альцгеймер сияқты ауру түрлеріне диагностика жасалса, бүгінде сүйек метастазасы және ішкі органдардың патологиясы жан-жақты зерттеледі.