Қорғаныс министрлігі еліміздегі беделді бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің басын қосып, Ақтау қаласына пресс-тур өткізіп қайтты. Ондағы мақсат – еліміздің айбыны мен айдынын асырып отырған әскери-теңіз күштерімен таныстыру.
Ақтаудағы алғашқы күн
Беташар сапарымыз алдымен Ақтау қаласындағы І дәрежелі капитан Марат Түлекбаев басшылық ететін Әскери-теңiз институтының оқу-жаттығу базасының тыныс-тіршілігімен, алдағы даму жоспарымен танысудан басталды. Марат Әбсаттарұлының айтуынша, еліміздегі бірден-бір әскери теңізші мамандар даярлайтын бұл оқу орнынан 2004-2009 жылдар аралығында 171 айбынды түлек ұшып шығып, бүгінгі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамында жемісті еңбек етіп келеді екен.
Жалпы, 2003 жылдың 16 сәуірінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан жауынгерлік туын қабылдап алған оқу ордасының тарихы 2001 жылдан бастау алған.
Ең алғаш бұл орда 2001 жылдың 1 наурызында ел Үкіметінің қаулысымен Ақтау қаласындағы №2 кәсіптік-техникалық мектеп базасында Жоғары әскери-теңiз училищесi болып ашылады. Алайда екi жылдан кейiн егемен елдiң ішкі қауіпсіздігі мен Қарулы Күштерiнiң құрамында әскери-теңiз күштерiнің құрылуына орай, училище Үкiмет қаулысымен Әскери-теңiз институты болып қайта құрылды.
Бүгінде озат оқу ордасына айналып үлгерген институт қабырғасында әскери-теңiз күштерi, сондай-ақ Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлiгi және Қазақстанның Ішкi iстер министрлiгiне қажетті мамандар даярланады.
Каспий төсіндегі «айқас»
Іссапардың екінші күні. Біз мінген екі автобус баяу сырғып Каспий теңiзiнiң жағасындағы Ақтау айлағына келіп кірді. Бұл жерден біз өн бойы «Орлигон» мен «Боффорс» атты артиллериялық ату қондырғыларымен жабдықталған «Шапшаң» күзет кемесі мен «Жайық» гидрографиялық су көлігіне бөлініп мініп, арнайы «жауынгерлік» тапсырмамен Каспий төсіне шығатынымыз белгілі болды. Яғни жағадан 35-40 шақырым ұзап барып, нағыз теңіз тарландарына тән тапсырма орындайтын боламыз.
Көп күттірмей, қос кеме бұйрық бойынша алысқа сап түзеді. Алда – теңіз айлағына гидрографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізетін «Жайық» кемесі. Артта – біз мінген «Шапшаң» шағын күзет кемесі. Теңіз қайраңын қақ тіліп, зулап келеміз. Әне-міне дегенше кеме қызметкерлерінің бірі «абайсызда» суға құлап кетіпті. Алайда ол бас-аяғы бес минуттың ішінде құтқарылды.
Кенет кемеде тағы да дабыл қағылды: кеме капитаны Артур Тудаковтың даусы саңқ-саңқ етеді. Сөйтсек, кеме бортында «өрт» шығыпты. Жедел қимылдаған теңізшілер екі минутта «от жалынын» бұғаулап үлгерді. Әрине, мұның барлығы да жақында ғана күрделі жөндеуден өткен кеменің жауынгерлік дайындығын сынау үшін қолдан ұйымдастырылып жатқан шаралар екенін айту керек. Абырой болғанда, екі сынақ та сәтті аяқталды. Қорғаныс министрінің орынбасары, контр-адмирал Ратмир Комратовтың айтуынша, мұның барлығы да теңізшілердің біліктілігінің арқасы. «Бұл «Шапшаң» шағын күзет кемесін біз Кореядан әкелгенбіз. Кеме қызметкерлерінің құрамы да алғыр, нағыз сайыпқырандар», – деп атап өтті контр-адмирал.
Ата алмасам – маған серт, атылмасаң – саған серт!
Алайда бұл да соңғы сынақ жұмысы емес болып шықты. Ұзамай кеме командирі тағы бір қауіп барын ескертіп жатты. «Шапшаң» толықтай қорғанысқа көшті. Бұл жолғы төніп тұрған қауіп – теңіз кезіп жүрген қайдағы бір қаңғыбас минадан екен. Бұл жолы сын тезінде кеме бортындағы төрт бірдей артиллериялық қару мен кемеге бізбен бірге мінген жағалау күзет қызметінің атқыштары түсті. «Ата алмасам – маған серт, атылмасаң – саған серт» деп, өз орындарына шұғыл түрде жеткен атқыштар бір шақырымдай қашықтықта жүрген кезбе-минаны заласыздандыруға көшті. Ауыр мылтықтар күңіреніп, автоматтар сақылдап ала жөнелді. Көп ұзамай минаның да көзі жойылды.
Мен қалай «теңізші» болдым...
Теңіздегі миссиямыз өте сәтті аяқталды. Үш қауіп те артта қалды. Алайда тапсырман ұқыптылықпен орындалғаннан соң, теңізшілер асханасынан дәм татып шыққан журналистер қауымы тағы бір «сынға» тап болдық. Теңізшілердің салты бойынша толқынға тербелген әрбір адам Каспийдің тұзды суын ішіп «теңізші» болуы тиіс екен. Қалыптасқан дәстүр бойынша, кеме командирінің рұқсатымен қарт Каспийдің мөп-мөлдір, кермек дәмді суын іштік. Шарт бойынша, бір литрге жуық тұзды тұшырқанбай ішкен адам ғана «теңізші» атанады. «Көппен көрген ұлы той» деп бұл сынақтан мен де сүрінбей өттім. Осылайша, күтпеген жерден «теңізші журналист» атандым.
Қарт Каспийдің сақшысы – «Түпқараған» маягы
Жалпы, Каспий теңізі Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан, Иран секілді бес мемлекетке тиесілі. Алайда жағаның көп бөлігі біздің еншімізде. Ол 1800 шақырым аумақты құрайды. Сондықтан әскери-теңіз күштеріне қойылатын талап та жоғары. «Біздің жағалауда орналасқан стратегиялық инфрақұрылымдарды қорғау, сонымен қатар теңізде орналасқан мұнай-газ кешендерін қорғау, су асты лаңкестерге төтеп беру қорғау секілді бұлжымас міндеттер бізге қарасты. Бұл еліміздің әскери-теңіз күштерінің қаншалықты рөл атқаратынын көрсетсе керек», – дейді әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақов.
Браконьерлердің көз құртына айналған Каспий бекіресінің көбі біздің аумақта жосылып жүретіні тағы бар. Оған көз тіккен ұры-қары да көп. Сондықтан күзет кемесі дабыл қағылғаннан соң бас-аяғы жиырма минуттың ішінде оқиға орнында болуы тиіс екен. «Дабыл соғылған жағдайда жеке құрам құрлықтан теңізге небары 20 минутта дайын болуы тиіс. Біз ширақтылыққа жаттығу арқылы машықтанамыз», – дейді кеме командирі Артур Тудаков.
Осыдан соң Қорғаныс министрлігінің жетекші мамандары бізді көненің көзіндей болып отырған Ақтау айлағындағы «Түпқараған» маягымен таныстырды. Биіктігі 20 метрлік алып маяк патша заманында 1860 жылы салыныпты. Теңізшілер бағыт-бағдар беріп отырған кешен әлі күнге дейін Каспий сақшыларына сәулелі белгі беріп келеді.
Қимай кетіп барамыз...
Сапарымыздың үшінші күні. Ақтау қаласындағы 25 744-әскери бөлімінде күздік шақырылыммен келген жас сарбаздардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімінде тұрмыз. Биыл аталмыш әскери бөлімге 598 теңіз жаяу әскерлері сарбаздары қосылыпты. Жас сарбаздар қаздай тізіліп тұрып, Отан алдындағы азаматтық борышын адал өтеуге ант етіп жатты. Олар енді өз борыштарын Теңіз жаяу әскеріне қарасты еліміздегі бірден-бір әскери бөлімінде өтейтін болады.
Осылайша, біз үшкүндік пресс-тур сапарымызды аяқтады. Көңілде аздап қобалжу бар. Іштей қуаныш сыйлаған Ақтау қаласына деген қимастық тағы бар. Көп ұзамай Ту-24 ұшағына отырдық. Орнынан ыңырана көтерілген ауыр ұшақ жорғалап барып көкке көтеріле берді. Көз алдымызда қарт Каспий кішірейіп бара жатты.
Тарихтан тәбәрік
Бүгінгі таңда Қазақстанның әскери-теңіз күштері толығымен қалыптасып, өз кемеліне келіп отыр. Олар мемлекеттік маңызды нысандарды күзетуге толық қабілетті. Жалпы, еліміз қорғаныс саласына сонау Тәуелсіз ел болған күннен бастап, яғни 1991 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Ал 1992 жылы 7 мамырда Президент Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитеті министрлік болып құрылып, сондай-ақ Қарулы Күштер құрылды. 9 мамыр күні қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов армия генералы атанып, бұл күн тарихта Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды. 2003 жылғы 7 мамырда Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елiмiздiң Қарулы Күштерiнiң құрамында әскери-теңiз күштерi құрылды. Осылайша, еліміздің Қарулы Күштері құрлық күштері, әуе қорғанысы күштері және әскери-теңіз күштерінен құралды.